Шайбалы хоккейден Қазақстанның ерлер құрамасы элиталық дивизионға шықты
08.05.2026
12
Шайбалы хоккейден Польшаның Сосновец қаласында өтіп жатқан I дивизионның әлем чемпионатында Қазақстанның ерлер құрамасы Украинаны жеңіп, мерзімінен бұрын элиталық дивизионға жолдама алды. Бұл туралы туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сурет Туризм және спорт министрлігінен
4-тур аясындағы тартысты ойында отандастарымыз Украинамен негізгі уақыт және овертаймда 4:4 есебімен тең түскенімен, буллит сериясында сәттілік (2:1) біздің жағымызда болды. Кездесу барысында Всеволод Логвин, Кирилл Ляпунов, Роман Старченко, Батырлан Мұратов мергендік танытып, жеңіске үлестерін қосты.
Қазақстанның әлем чемпионатындағы көрсеткіші:
Қазақстан – Литва – 4:1 Қазақстан – Жапония – 6:0 Қазақстан – Польша – 3:2
Бұған дейін Қазақстан құрамасы 2021-2025 жылдар аралығында элиталық дивизионда өнер көрсеткен еді.
Енді жерлестеріміз ертең шешуші турда топтағы басты фавориттің бірі саналатын Франциямен шеберлік байқасады.