Қарағанды облысында әлеуметтік жобаларға 3 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінеді
Биыл Қарағанды облысында үкіметтік емес ұйымдар мен әлеуметтік бастамаларды қолдауға шамамен 3 миллиард теңге бағытталады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға көп.

Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің төрағалығымен өткен ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес отырысында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру, қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық және тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелер талқыланды.

Жиында инватакси қызметінің жұмысы, отбасын қолдау орталықтарын дамыту, әлеуметтік бағдарламаларға қатысушыларды жұмыспен қамту және қоғамдық ұйымдарды әлеуметтік мәселелерді шешуге тарту бағыттарына ерекше назар аударылды.
Кеңес барысында Теміртау, Шахтинск және Саран қалалары әкімдерінің орынбасарлары мен салалық басқарма өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндады.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» бастамалары аясында жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар туралы айтты. Сонымен қатар, жастарды қолдау, жас журналистерді ынталандыру, мемлекеттік рәміздердің рөлін нығайту, инклюзивті спорт пен ерекше қажеттілігі бар азаматтарды әлеуметтік бейімдеу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатқаны атап өтілді.

Отырыста мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктерге әлеуметтік жобаларды жетілдіру, «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» бастамалары аясындағы жұмысты күшейту, сондай-ақ азаматтық сектормен өзара байланысты дамыту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



