Жаңа мемлекеттік наградалар пайда болады
Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заң мақұлданды.

Заң жобасы Президент тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Оның негізгі мақсаты – мемлекеттік наградалар жүйесін қоғамның заманауи сұраныстарына, ұлттық құндылықтарға және мемлекеттің ұзақ мерзімді даму басымдықтарына сай жаңғырту.
Заңдағы басты жаңалық – мемлекеттік ордендер тізімінің жаңа наградалармен толықтырылуы. Атап айтқанда, «Al-Farabi», «Qoja Ahmet Yasaui» және «Мейірім» ордендері енгізіледі.
«Al-Farabi» ордені білім мен ғылым, мәдениет және рухани өмір салаларында Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбегі мен елеулі жетістіктері бар азаматтарға беріледі. Бұл марапат мемлекет тарапынан зияткерлік еңбекке, ғылымға, білімге және мәдени дамуға берілген жоғары бағаны көрсетеді.
«Qoja Ahmet Yasaui» ордені Қазақстанның дамуына, мемлекеттілікті нығайтуға, қоғамдық-саяси, әлеуметтік, ағартушылық, мәдени және гуманитарлық салалардың өркендеуіне айрықша үлес қосқан отандық және шетелдік ғалымдарға, мемлекеттік және қоғам қайраткерлеріне табысталады. Бұл орден елдің тарихи-рухани сабақтастығын және түркі өркениеті кеңістігіндегі мәдени-гуманитарлық байланысты айшықтайды.
«Мейірім» ордені жоғары әлеуметтік жауапкершілік танытып, қайырымдылық, меценаттық және филантропиялық қызметке елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттауға арналған. Бұл бастама қоғамдағы жанашырлық, гуманизм және ортақ жауапкершілік құндылықтарын қолдауға бағытталған.
Сонымен қатар, заңда ерекше жағдайда, аса көрнекті еңбегі үшін Президент шешімімен белгіленген мерзімдерді сақтамай-ақ марапаттау мүмкіндігі қарастырылған.
Бұдан бөлек, құжатқа редакциялық нақтылаулар енгізіліп, қолданыстағы құқықтық олқылықтарды жою көзделген.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА


