Тамақ өнімдерін дұрыс сақтау үшін не істеу керек?
Бүгінгі күні тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мәселелері әсіресе өзекті болып отыр, себебі санитариялық талаптарды сақтау халықтың денсаулығына тікелей байланысты. Өнімдерді сақтау мен өткізу ережелерінің маңыздысының бірі – тауарлық көршiлестiкті сақтау.

Тауарлық көршiлестiк – бұл тамақ өнімдерін сақтау, тасымалдау және өткізу ережелерін реттейтін санитариялық ережелер жүйесі. Бұл талаптардың басты мақсаты – өнімдердің ластануына жол бермеу, олардың сапасын сақтау және азық-түліктің улануы мен ішек инфекцияларының алдын алу.
Негізгі талап – шикі және дайын өнімдерді бөлек сақтау. Шикі ет, құс еті, балық және жартылай дайын өнімдер дайын тағамдармен, сүт өнімдерімен, нан-тоқаш өнімдерімен, көкөністер мен жемістермен жанаспауы керек. Мұндай бөлек сақтау дайын термиялық өңдеуді қажет етпейтін өнімдерге қауіпті микроорганизмдердің түсуіне жол бермейді.
Әртүрлі өнімдердің сақтау жағдайларына ерекше назар аударылады. Дәнді дақылдар, ұн, қант және басқа да құрғақ өнімдер ылғалды өнімдерден бөлек орналастырылуы қажет. Ет, балық, сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер үшін әртүрлі температуралық режимдер мен сақтау жағдайлары қарастырылады. Бұл талаптарды орындамау өнімнің тез бұзылуына және сақтау мерзімінің қысқаруына әкелуі мүмкін.
Салқындатқыш жабдықта өнімдерді орналастыру тәртібін сақтау қажет. Дайын өнімдерді жоғарғы сөрелерде сақтау ұсынылады, ал шикі ет, құс еті, балық және көкөністер төменгі бөліктерде орналастырылады. Ластану қауіпін жою үшін барлық өнімдер жабық орамада немесе контейнерлерде болуы тиіс.
Әсіресе, иісі бар өнімдерге ерекше назар аудару қажет. Май, ірімшік және кондитерлік өнімдер бөтен иістерді тез сіңіретіндіктен балық, дәмдеуіштер және шұжық өнімдерін олардан бөлек сақтаған дұрыс болады. Бұл ережені бұзу өнім сапасының нашарлауына және оларды сатуға және қолдануға жарамсыз болуына әкеледі.
Санитариялық талаптар тамақ өнімдерін тұрмыстық химия, жуғыш және дезинфекциялаушы заттар, сондай-ақ тамаққа жатпайтын заттармен бірге сақтауға тыйым салады. Мұндай бұзушылықтар тұтынушылардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді.
Өнімдерді сақтау мерзімін орындау да маңызды. Әсіресе, жылдың жылы мезгілдерінде микроорганизмдер әлдеқайда тез көбейетіндіктен, мұндай бұзушылықтар қауіпті. Санитариялық талаптарға сай сақталмаған өнімдерді тұтыну ауыр азық-түлік улануына әкелуі мүмкін.
Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары тауарлық көршiлестiк ережелерін тек сауда және қоғамдық тамақтандыру объектілерінде ғана емес, үй жағдайында да сақтау қажет екенін еске салады. Тұрмыстық тоңазытқышта өнімдерді сақтау кезінде бұл ережелердің бұзылуы азық-түлік улануының себебі болатыны жиі кездеседі.
Тауарлық көршiлестiк ережелерін сақтау инфекциялық аурулардың алдын алу мен халықтың тамақтану қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып табылады. Өнімдерді сақтауға жауаптылықпен қарау олардың сапасын сақтауға, қауіпті микроорганизмдердің таралуына жол бермеуге және адамдардың денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.
Г.ЖҰМАҒҰЛОВА
Шахтинск қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары



