Халық театрының тартуы
Қазақтың «Тұңғышы», қазақтың ғана емес, түркі дүниесінің ардақты ұлы Тоқтар Әубәкіров 80 жасқа толмақ. Осыған орай, батырдың туған өлкесі Қарқаралыдағы Атығай Шанин атындағы халық театры «Ғасыр саңлағы» пьесасын сахналады. Авторлары – Қарқаралы ауданы әкім аппаратының баспасөз хатшысы, Журналистер одағының мүшесі Аян Кизкин мен Жанболат Баймұрын. Режиссері – Арайлым Құттыбайқызы.

Арайлым Құттыбайқызы Қарқаралы қаласы үшін әр премьера маңызды екенін және қала тұрғындары үшін қуанышқа толы күн екенін атап өтті. Ол осы уақытқа дейін бес спектакльді сахналаған. Біріншісі – Кеңес Жұмабековтің «Адасқандары». 2022 жылы облыстық әуесқой халық театрлары арасында байқау болып, Атығай Шанин атындағы халық театры бас жүлде иегері атанды. Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» фильмін де сахналаған. Ғабит Мүсіреповтің халықтық классика деңгейіндегі «Қозы көрпеш-Баян сұлуын» да қала тұрғындарының назарына ұсынған. Ал, 2025 жылы Шыңғыс Айтматовтың «Жәмила» драмасын қойды. Қарқаралы қаласында халық театрының шығармашылық жұмысына баға беретін көрермендерден жасақталған «Халық театрының сыншылары» бар.
– Театр мәдениетін ауданымызда кеңінен насихаттау мақсатында әр жыл сайын сәуір айында аптасына бір театр жаңа спектакль қойып, халыққа жақсы көңіл күй сыйлап, ықыласына бөленеді. Бұл біз үшін де зор қуаныш! Аян Кизкин, Жанболат Баймұрынның «Ғасыр саңлағы» қойылымы мен үшін өмірлік тәжірибе болды. Режиссер ретінде бұл спектакль маған жауапкершілікті және әр адамның тағдырына құрметпен қарауды үйретті. Кейде бір адамның өмірінде тұтас халыққа үлгі боларлық үлкен тарих жататынын сезіндім. Ал, халыққа бұл спектакль рух пен үміт берді деп ойлаймын. Көрермен тек оқиғаны көріп қана қоймай, «адам еңбекпен бәріне жете алады» деген сенім алды. Осындай тұлғаларды сахна арқылы таныту – кейінгі ұрпаққа өнеге қалдыру деп білемін, – деді Арайлым Құттыбайқызы.
Аян Кизкин: «Қарқаралының топырағында туған жаңа ғасыр батырының өнегелі ғұмырын дәріптеу – қаламгер қауымның бір парызы», – дейді.
– Автор ретінде айтарым, қойылым көңілімнен шықты. Драмадағы шиеленісті оқиғалар, кейіпкерлердің сомдалуы жақсы. Театр алдымен – халықтық. Бірақ, оның құрамында әуесқой актерлермен қатар, тұрақты түрде қойылымдарға қатысып жүрген кәнігі өнерпаздар бар. Кез келген шығарма ол да бір өнім болғандықтан, жетілдіретін, дамытатын тұстары болады. Алдағы уақыттағы сахналауда бұл тұстар режиссермен бірге әлі де пысықталады деген ойдамын. Қалай болғанда, жерлес батырымыздың ғибратты өмірінен алынған шығарманы туған жерінде көрермен назарына шығару өзінше бір тарихи оқиға болғандығы сөзсіз, – деді Аян Кизкин.
Ғарышкердің образын Ботахан Мәтелов, бала Тоқтардың образын Елдар Мойынтай, анасы Қамияның образын Аида Әбілқасымова, Тоқтардың досы Есен образын Мардан Әлжан сомдады.
Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»



