Майқұдық пен Оңтүстік-Шығысты жалғайтын 6 шақырымдық жол салынып жатыр
Қарағандыда Мұқанов көшесі арқылы өтетін жаңа жолдың құрылысы жалғасып жатыр. Жоба Майқұдық пен Оңтүстік-Шығысты тікелей байланыстырып, мыңдаған жүргізушінің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл туралы Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Кожухов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

– Осы бағытпен күн сайын қатынайтын адамдар бұл жолдың қаншалықты қажет екенін жақсы түсінеді. Әсіресе таңертең және кешке көлік нөпірі үлкен кептеліске айналады, – деді қала әкімі.
Жоба аясында былтырдан бері құрылыс жұмыстары басталған. Қазіргі таңда Мұқанов көшесінен «Династия» тұрғын үй кешеніне дейінгі бөлік аяқталған. Аумағы абаттандырылып, тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолы салынды. Алдағы уақытта жолдың екі жағына аялдама павильондары орнатылады.
Мамандар қазір жолдың келесі бөлігін салуға негіз дайындап жатыр. Құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Жаңа жолдың жалпы ұзындығы шамамен 6 шақырым болады. Қала әкімдігінің пікірінше, бұл жоба Қарағандының көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың біріне айналмақ. Әсіресе қарбалас уақытта негізгі көшелердегі жүктемені азайтып, тұрғындардың қатынауын жеңілдетеді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



