Жаңалықтар

Мемлекеттік қызметші кәсібилігі қандай?

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл ШАЙЫМОВА Қарағанды қаласында болып, облыс әкімдігінде «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін аттестаттауға қатысты кездесу өткізді.

«Аттестаттаудың мақсаты – мем­лекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін анықтау ғана емес, олардың дамуы мен мансаптық өсуіндегі әлеуетін анықтау», – дейді облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков.

Үш жылда бір рет өткізілетін аттестаттауға қарағанда, бұл жолы ол бір реттік және кешенді сипатқа ие. Басым бағыттарының бірі – «Б» корпусының мемлекеттік қызметшілерінің кәсіби деңгейін және лауазымдарына сәйкестіктерін анықтау.

Қарағанды өңірінде бұдан бұрын түсіндіру жұмыстары жүргізілгені белгілі, менің Қарағанды облысына келуімнің басты себебі – сіздердің сауалдарыңызды тыңдап, ашық әңгімеге тарту, – деді Айгүл Шайымова өз сөзінде.

Қарағанды облысында 2 ақпаннан бастап орта буындағы мемлекеттік қызметшілерді тестілеуден өткізу басталады. Кездесуде айтылғандай, Қарағанды өңірінде 5000-ге тарта мемлекеттік қызметші аттестациялауға жатады. Зейнеткерлік жасқа толуына екі жылдан кем уақыт қалған «Б» корпусының қызметшілері, жүктілік пен босануға байланысты және бала күтіміне байланысты демалыстағы қызметшілер, жүктілігі туралы медициналық қорытынды ұсынған әйелдер, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, он төрт жасқа дейінгі балаларын тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар, мемлекеттік қызмет өтілі 6 айдан кем мемлекеттік қызметке алғаш тағайындалған тұлғалар, «А» корпусының кадр резервінде тұрған «Б» корпусының қызметшілері аттестациялауға жатпайды.

Алдағы болатын аттестаттауда қызметкерлердің құзыреттіліктері мен мемлекет пен қоғамға лайықты деңгейдегі қызмет барысында олардың дағдыларын анықтауға мүмкіндік беретін «құзыреттілікке» ерекше назар аударылатынын айтты А.Шайымова. Ал, жеке құзыреттілік халықаралық компания мамандарының қатысуымен әзірленген автоматтандырылған бағдарламаны пайдалану арқылы жүргізілетін тестілеуде анықталады. Яғни, мемлекеттік қызметшілер өздерінің білімдерін күнделікті өмірде қалай қолданатыны және олар жеткілікті білім мен дағдыға ие болуы маңызды. Сонымен қатар, аттестациядан жалтару үшін жалған құжаттар әкелуге, лауазымдарын ауыстыруларына жол бермеуге баса назар аударылады. Жалпы аттестацияны өткізу кезінде қызметкердің заңнаманы білуі емес, қызметкерлердің жеке және кәсіби құзыреті бағаланады.

Қарағанды облысына келу сапарында А.Шайымова Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінде жұмыс кеңесін өткізіп, департамент басшысы Ж.Сәрсенов аттестацияға дайындық туралы мәлімдеді.

Ж.Сәрсеновтың мәлімдеуінше, Қа­­рағанды облысы аттестаттауға толық дайын. Материалдық-техникалық базамен толық жабдықталған. Қарағандыдан шалғай орналасқан аудандарға мемлекеттік қызметшілерді аттестаттаудан өткізуде қиындық жоқ. Тестілеу жүргізілетін залдарына арнайы барған басқарма төрағасының орынбасары алдағы аттестаттауға Қарағанды облысының сақадай-сай екендігіне көз жеткізді.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button