Марат МҰХТАРОВ: «Малдың амандығы аса маңызды»

Қазақ есен-саулық сұрасқанда «мал-жан аман ба?» дейді. Малды алға қойғаны қазақпен біте қайнасқан ата кәсіптің маңызын аңғартады. «Үй ішін жанға, сырты малға толықсын» деп тілектес болуы да соған мегзейді. Алдына салған қойы майлы болса, көңілі жайлы. Өрістегі төрт түлік амандығы ауыл халқын ғана алаңдатып қоймайды, мемлекеттің де басты назарында. Осы орайда ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Марат МҰХТАРОВ мырзамен әңгімелескен едік.

– Марат Өндірұлы, алдымен сөзді ветеринариялық қызметтің былтырғы есебінен бастасаңыз…

– Былтыр ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылды. Біздің қарауымызға тиесілі облыс бойынша 65 800 нысан бар. Оларға 452 тексеріс жүргіздік. Жұмыс барысында анықталған заңбұзушылықтарға байланысты 60 ұсыным, 2188 нұсқама және 15 576 098 теңге көлемде 351 айыппұл салынды. Облыс бойынша 17 базарда 19 914 сиырдың, 4 795 жылқының, 10 581 шошқаның, 10 838 ұсақ малдың еті сараптамадан сәтті өтіп, сатылымға жіберілді. Сонымен қатар, 719 700 тауық жұмыртқасы, 50 770,9 тонна сүт өнімдері мен 8 038 басқа да тамақ өнімдеріне сараптама жүргіздік. Ал, 11 сиырдан эхинококкоз (өкпе, бауыр) анықталып, 205 келі сиырдың өкпе-бауырын өртеп жіберді. Нақты есеп – осы.

– Былтыр мемлекеттен қаржылай қолдау арқылы мал-құс тасымалдауға мүмкіндік берілген еді. Сол қолдаудан шаруашылықтардың шекесі шылқыды ма? Шет елден мал әкеліп, өріс кеңейген шығар…

– Әрине, қолдау көрсетілген соң, мүмкіндікті қалт жібермеді. Шет елден 2 028 ірі қара, оның ішінде Ирландиядан – 40, Германиядан – 82, Ресейден – 1 906 сиыр әкелінді. Ресейден 6 шошқа алдырды. Өзбекстаннан 416 омарта жеткізілді. Сондай-ақ, Ресейден, Венгриядан, Ұлыбританиядан, АҚШ-тан 154 943 жас балапан алып келді. Бұлардың барлығы да уақытша карантинге жабылып, қаны алынып, ауру бар-жоғы зерттелді. Барлығы таза. Абай, Нұра, Шет, Бұқар жырау, Ақтоғай, Қарқаралы аудандарына тасымалданды.

– Алыс-жақын шетелден тасымалданған малдарды шекаралық бекеттегі ветеринариялық мамандар арқылы құжаттары тексеріліп барып, елге кіргізіледі. Ал, облысымызда мал тасымалының ішкі бақылауы қалай ұйымдастырылды?

– Облысымызда 4 ветеринарлық бақылау бекеттері: аэропортта Сарыарқа бекеті және Қарқаралы ауданының Бақты ауылында, Приозерск қаласы мен Ұлытау ауданы, Мибұлақ ауылының аумағында бар. Бұл бекеттер Халықаралық эпизоотиялық бюроның талабы негізінде және Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 7 сәуірдегі №117 бұйрығымен бекітілген. Автомобиль жолдарындағы бекеттердің негізгі қызметі аусыл ауруына вакцина қолданылатын буферлік аймақтардан (Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Алматы, Түркістан, Қызылорда облыстары мен Шымкент, Алматы қаласы) ірі қара, ұсақ мал, түйе, шошқа тасымалдануын болдырмау, кері қайтару. Сондықтан, ішкі бақылау осылай ұйымдастырылды.

– Сіз айтып отырған аймақтардан мал тасымалданды ма? Егер болса, қандай шара қолдандыңыздар?

– Приозерск қаласы аумағында біреу оңтүстік өңірден 15 қой-ешкі әкелмекші болған еді, кері қайтарылды. Сонымен қатар, Жамбыл облысынан 860 қой-ешкі Бұқар жырау ауданына, Түркістан облысынан 21 сиыр Ұлытау ауданына әкелгендерге айыппұл салынды, малдары кері қайтарылды. Өткен жылғы есепті айтайық. Жалпы ішкі істер бөлімі қызметкерлерімен бірлесіп, заңсыз мал және ет өнімдерін тасымал даған жеке тұлғаларға 310 айыппұл (13 772 635 теңге) салынды. Жыл басынан бері солтүстік өңірден Қарағанды облысына 877 сиыр, 313 жылқы, 1536 қой-ешкі әкелінді. Бұл енді заңды түрде. Біздің облыстан басқа өңірлерге 6344 сиыр, 4182 жылқы, 10277 қой-ешкі анықтама құжатымен тасымалданғанын да айта кету керек.

– Осыншама айыппұл салынғандықтан, заңсыздықтың басты себебін білгім келіп отыр…

 – Біріншіден, базарға ет өнімін сатуға заңды құжатының жоғы, яғни мал сою алаңы немесе мал сою пунктінде сойылмауы себеп боп отыр. Ауылдағы мал иесі малын сояр алдында анықтама беретін жергілікті мал дәрігерін хабардар ету керек. Мал дәрігері дерекқор базасынан малдың егілгенін немесе егілмегенін қарап, сояр алдындағы күйі мен сойғаннан кейін ішкі ағзасын тексереді. Бүгінгі күні көп ауылда мал сою нысандары жоқ. Басты себепте осы болып отыр. Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 18 қыркүйектегі №7-1/832 бұйрығымен бекітілген ветеринариялық талапқа сай мал сою алаңын немесе мал сою пунктін кез-келген кәсіпкер ашып, халыққа қызмет етуіне болады.

 – Мал иесіне айыппұл салу қаншалықты заңды?

 – Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабымен жеке және заңды тұлғалардың жануарлар ауруларының, оның ішінде жануарлар мен адамға ортақ аурулардың алдын алу жөніндегі міндеттері белгіленген. Ветеринарлық талаптарды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 406-бабымен айыппұлдар және ҚР Қылмыстық кодексінің 327-бабымен аса қауіпті ауруды таратуға себепкер болса 3000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

– Енді елді алаңдатқан облыстағы өткен жылғы эпизоотиялық жағдайға тоқталып өтсеңіз…

– Зертхана қорытындысына сәйкес Абай, Нұра, Осакаров, Ұлытау, Қарқаралы аудандары мен Жезқазған қаласында жануарлар мен үй құсының аса қауіпті ауруын жалпы 14 ошағы тіркелді.

 – Себебіне толығырақ тоқталсаңыз…

 – Негізгі себебі малдың жайылымға бағынсыз шығуы, басқа түлікпен араласып жайылуы. Жабайы аң, кеміргіш пен құстан тараған жұқпалы аурудан да болып отыр. Және иелері малды сатып алғанда мал дәрігеріне хабарламай, оларды заңды түрде карантинге жаппай, яғни тексеріс жүргізбей табынға, отарға немесе үйірге қосуынан да мұндай олқылықтар орын алады. Тағы бір себебі, белгісіз жерден әкелінген жемшөпті беру. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 7-1/700 бұйрығымен Жануарларды карантинге қою қағидалары бекітілген-тін. Көбісі осы қағиданы естен шығарып жатады. Мал дұрыс күтіліп-бағылмағаннан және уақытылы жұқпалы ауруларға қарсы вакцина еккізіп, қан сынамаларын зертханада тексермегеннен кейін созылмалы және жұқпалы ауру таралады. Малға да күтім керек.

– Сұхбатыңызға көп рақмет!

Малжан аман болсын!

Сұхбаттасқан Қасымхан ҒАЛЫМ.