Бас тақырыпРуханият

Мұхтардың креслосы, Міржақыптың үстелі, Жұмекеннің жүгені

«КӨНЕНІҢ КӨЗІ, АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ»,– ДЕП ЖАТАМЫЗ. ЖАЗУҒА ЖЕҢІЛ, АЙТУҒА ОҢТАЙЛЫ-АҚ СӨЗ. БІРАҚ, ОЙЛАҒАНҒА МАҒЫНАСЫ, БОЙЛАҒАНҒА МАЗМҰНЫ ҚАНДАЙ?! ЗЕРДЕЛІ ЖАНҒА СОНАУ ТҮП-ТЕГІҢНЕН, ТҮБІРЛІ ТАРИХЫҢНАН ТАЛЫҒЫП ЖЕТКЕН ТӘБӘРІКПІН, ТӘРБИЕҢЕ ТҰТЫНЫП, ТӘЛІМІҢЕ АЛ, – ДЕП ТҰР ЕМЕС ПЕ?! АЛ, БІЗ ШЕ КӨНЕНІҢ КӨЗІН ТОЗҒАНҒА, АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫН АЗҒАНҒА БАЛАП ЖҮРГЕН ЖОҚ ПА ЕКЕНБІЗ?!

Өткен ғасырдың аяқ шені. Дәм тартып, ұлы жорығы отыз жылға ұласатын Алатау асқанмын. Түркі әлемінің дүр асқыны, күлкі әлемінің классигі Қалтай Мұхамеджанның қарауындамын. Бір күні Қалағаң алыстан келген ағайынға дәм беретін салт бойынша шайға шақырды. Тәтеміз Фаридаға бір буда гүл мен бір уыс кәмпит, ағамыз Қалағаңа бір шиша «Қазақстанды» ұстап келіншегіміз екеуміз бара қалдық. Өзімізден басқа ешкім жоқ екен. Қол шайып келген мені Қалағаң «ал, жоғарыла» деп тура төрде тұрған креслоға қарай икемдей берді. Мен кішілік жасап ағаның қарсысындағы орынға жайғастым. «Әй, бекер еттің-ау, – деді ол сәл қабағын шытып. Мынау ұлы Әуезов тұтынған кресло еді. Бұған кезінде Айтматов та баласын аунатып алған. Сенің де тақымың тигенін ырымдап едім. Отырмадың…». Ал, мен болсам, сол жолы Мұқаң мүлкін осы уақытқа дейін сақтап келген Қалағаңа шын риза боп, көнеге деген құрмет – ұлылыққа деген құрмет екен-ау, – деген ой түйгем.

Тоқсаныншы жылдары Алаштың жүзі мұқалмас ақберені – Міржақып Дулатов атамыздың сүйегін қазақ еліне жеткізуге байланысты «Егемен Қазақстан» газетінде «Өзі пір, сөзі мір» деген мақала жазғанмын. (Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз алқалы топ алдында шимайың шымыр екен, – деген.) Материалды дайындау барысында ұлы қайраткердің соңында қалған жалғыз тұяғы – Гүлнар Міржақыпқызының үйіне барып әңгімелескенмін ғой. Сұқбат соңында апамыз ас бөлмеге ертіп барып, төрт аяғы шахматтың тасындай болып жонылған биік дөңгелек үстелді көрсетіп: «Әкем мен шешем тұтынған мүлік еді. Бұл үстелден Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы бастаған алаштың талай игі жақсылары дәм татқан. Күні бүгінге дейін осы заманның жылтыр дүниесіне айырбастамай кәдеме жаратып келемін» – деген. Есіме Мұқаңның мүлкін мұқалтпай ұстап келе жатқан Қалағаңның түскені.

Барша заманда да ұлы ақын болып қала беретін Жұмекен Нәжімеденовті атасы Нәжімеден қаршадайынан атқа мінгізіп, ұлт дәстүрімен тәрбиелеп өсірген ғой. Қариядан қалған ат әбзелі – қамшы, жүген, үзеңгі, таралғы секілді көне жәдігерлерді Жұмекен де қастерлеп ұстап, төріне ілген. Ақын үйіндегі тәтеміз Нәсіп мұны кезінде жырдай қылып әңгімелеп, өзі болмай қалса сол қастерлі заттардың қадіріне арттағы ұрпақ жетер ме екен, – деген қаупін білдірген. Сол қауіп әлі де сейілген жоқ-ау. Қалағаң кетті, ол қамқор болған Кресло қайда қазір? Гүлекең кетті, ол күтім көрсеткен Үстел нендей халде? Нәсіп тәтем де қартайып қалды-ау. Мағжанының үйіндегі келін енесінен кейін еншісіне тиер ескі дүниенің бәсін биіктете алар ма екен?!

Көненің көзі, асылдың сынығы… Бұлар – көз жазып қалған ұлттық болмысымыздың жасушалары. Онсыз қазақтық ағза да, халықтық қазына да түгел емес. Бастауыңа орал, қазақ!

Абзал БӨКЕН,

ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Басқа материалдар

Back to top button