Ұлы жәдігер – ұрпақ назарында

     Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-да өтетін «Ұлы қазақ ойшылы Қаздауысты Қазыбек бидің қызметі мен шығармашылығы – қоғамдық сананы жаңғыртудағы маңызды фактор» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға бір күн бұрын, яғни, осы аптаның сейсенбісінде келген ұлт зиялылары кешкілік Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында тұрған бидің шапанын тамашалады.

Газетіміздің тұрақты оқырмандары білсе керек. Қаздауысты Қазыбек би бабамыздың 350 жылдығына байланысты әулие абыздың шапаны 21 қыркүйектен бастап Қазақстан Ұлттық мұражайы қорынан Қарағанды облыстық өлкетану мұражайына уақытша қойылғанын. Содан бері қаладағы көзіқарақты қауымның барып көргендері де бар шығар. Олай дейтініміз, Ұлттық мұражайда тұратын құнды жәдігер әулие бабамыздың осындай атаулы мерейтойында болмаса, Қарағандыға келе бермейді. Кім болса да көргісі келеді. Би бабамыздың мерейтойына арналған осы халықаралық жиыннан кейін шапанын өз орнына алып кетеді.

Біз бас сұққанда облыстық өлкетану мұражайындағы Ұлттық мұражай қорының көрмесін біраз жұртшылықпен бірге академик, философия ғылымдарының докторы Қазыбек Қазыкен келіп тамашалап жүр екен. Қазақ халқының басқа да құнды жәдігерлерімен қатар ортада Қаздауысты Қазыбек бидің шапаны мен Есік Қорғанынан табылған Алтын адам тұр. Көрмеге бидің мөрі, коллекция жиюшы Азат Әкімбековтің ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ жауынгерінің қару-жарақтары, сауыт-саймандары, түрлі белдіктер, еліміздің әр өңірінен табылған ХІХ-ХХ ғасырлардағы ат әбзелдері, тағы басқа заттар топтастырылыпты. Сондай-ақ, Абылай хан, Әйтеке би бас сүйектерінің реконструкциялары, суретшілер Т.Тоғысбаевтың «Төле би», «Қазыбек би», «Әйтеке би» триптихі, Д.Қасымовтың «Күлтегін» картинасы, Т.Уақасовтың «Қабанбай батыры» және басқалары бар.

Қазыбек бидің шапаны Қарқаралы ауданына қарасты Егіндібұлақ ауылындағы әулие бабамыздың алтыншы ұрпағы Алтын Қожахметовтің қолында сақталып келіп, Ұлттық мұражайға өткенін былайғы жұрт білсе керек. Замананың зардабына байланысты ұзақ жылдар бойы жасырын сақталған жәдігерді қалпына келтіру үшін Тұрсынгүл Жайлаубаева екі жыл уақыт жұмсапты. Есесіне, үш жүз жылдық тарихы бар шапан күні кеше ғана тігілгендей түрленіп тұр қазір.

(Конференция туралы толық есепті газетіміздің келесі санында назарларыңызға ұсынамыз.)

Жәнібек ӘЛИМАН

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.