Басты тақырыпРуханият

Әлиханнан – Әлемге

   Жуырда Елордамызда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде Әлихан Бөкейханның 150 жылдығы және ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Әлихан Бөкейхан: Алаш мұраты және тәуелсіздік құндылығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Астана қаласы әкімдігі, Тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, тілші ғалымдар мен тарихшылар, БАҚ өкілдері қатысты. Оның ішінде белгілі ғалымдар Сейіт ҚАСҚАБАСОВ, Тұрсын ЖҰРТБАЙ, Айгүл ІСМАҚОВА, Сұлтанхан АҚҚҰЛЫ, Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ, Ербол ТІЛЕШОВ, Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, Берік ӘБДІҒАЛИ және Әлекеңнің туған жері Ақтоғай ауданынан келген делегаттар бар. Біртуар тұлға жайындағы ұлық жиында көптеген ойлар мен пікірлер айтылды.

Конференцияны ашқан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев биылғы жылдың айтулы, айрықша маңызды тарихи оқиғаларға толы жыл екендігін айта келіп, 2015 жылы қараша айында ЮНЕСКО-ның Парижде өткен кезекті 38-сессиясында Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның «Әлемдік деңгейдегі шын мәніндегі аса көрнекті тұлға» деп мойындауы үлкен мәртебе болғанын атап өтті.

ҚР ҰҒА академигі Сейіт Қасқабасов, Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның Бас хатшысы Әсел Өтегенова, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы, т.ғ.д. Дархан Қыдырәлі жиналған көпшілікті құттықтап, конференцияның маңызына ерекше тоқтала кетті.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтанхан Аққұлының Әлихан Бөкейханның өмірі мен шығармашылығын көп жыл зерттеуі нәтижесінде жинақтаған төрт томдық еңбектің тұсауы кесілді. Екі томы қазақша, екі томы орысша бұл кітап мемлекеттік тапсырыспен емес, жеке меценаттардың қолдауымен небары 450 данамен жарық көрген екен… Конференция барысында сөз алған әдебиеттанушы ғалым Айгүл Ісмақова Әлекеңнің еліне барған сапары туралы баяндады. Белгілі лингвист ғалым Шерубай Құрманбайұлының «Әлихан Бөкейханов аудармаларының ерекшелігі» атты баяндамасы мәнді де мағыналы ойларға негізделген. Жалпы Әлекең ірі саясаткер болумен қатар, бірнеше саланы меңгерген кең тынысты ғалым әрі талантты шығармашыл тұлға еді деп атап көрсеткен бұл жиынды ұйымдастырушылар қатарында Ержан Еңсебай, Елдос Тоқтарбай, Еркін Ерланұлы сынды көкірегі ояу, көзі ашық азаматтар бар.Ұлттық музейде өткен аталмыш іс-шара барысында алашшыл суретші Алмас Сырғабай салған Әлихандай дара тұлға портретінің таныстырылымы болды.

Сұлтан Хан Аққұлұлы, алаштанушы ғалым, PhD докторы:

Әлихан Бөкейхан жазбаған тақырып қалмаған. Ол ғылым болсын, саясат болсын, әдебиет пен тарих болсын бәріне дерлік қалам тартқан. Бізде бүгінгі 25 жылда қой шаруашылығы, жылқы мен ірі қара шаруашылығы бойынша жекелеген монография жазған Әлихан секілді ғалым шықпады. Ол армандаған жоқ, Қазақ елін 25 жылдың ішінде Жапония секілді дамыған мемлекеттің қатарына қосылудың жоспарын көрсетті. Әлекеңнің мұрасы 15 том болып жинақталды, әрине, қаржылық қолдау болса, бұдан да көбірек шығаруға болар еді. Енді алдымызда осы құнды дүниені орыс, ағылшын, түрік, украин тілдеріне аударып жарыққа шығару міндеті тұр, – деді.

Р.S.

Ал, біз не істедік?

Әлем деңгейінде тойланар ғажайып тұлғаны туған топырағынан тыпырлатып әріге ұзата алмадық. Ескерткіш жайлы тағы да ескерте кетейік. Ауданның атын ен­шілеуді ұмыттырып кетпейік. «Үмітсіз шайтан» деген.

Біз төбемізге көтеріп, әулие санайтын Қазақстан халқы Ассамблеясы Әлиханға Октябрь ауданының атын беру мәселесі төңірегінде жүргізілген сауалнамаға не деп жауап бергенін естіген шығарсыздар?

Облысымыздағы «Видергебурт» неміс орталығының төрағасы Виктор Кист ««Октябрь» ауданы тарихи атау, оны өзгертуге түбегейлі қарсымын» дейді. «Ихлас» татар-башқұрт облыстық қоғамдық мәдени орталығының төрағасы Анвар Керейбаев та Әлекеңнің атына аудан беруге қарсы. Қарсы емес, қаржы мәселесіне ауыр шығын деп екіұшты сөйлепті.

Таудан биік тұлғаға, аудан қиып бере алмасақ, несіне «елміз» деп екінің біріне өзеурейміз?

Мирас АСАН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button