Бұқар жырауРухани жаңғыру

Латын – өркениет бастауы

     Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында мемлекетіміздің болашағы жөнінде жан-жақты ой толғайды. Келешегіміздің келбетін тайға таңба басқандай барынша айқын әйгілейді. Ұлтымыздың игілікті мұраттарына толы бұл еңбек, бажайласақ, біз осыны анық аңғарамыз. Осыған байланысты үстіміздегі жылы ауылымызда өткізілетін іс-шаралар жоспарын жасап та үлгердік.

«Рухани жаңғырудың» нақты бір бағытын латын қарпіне көшу құрайды. Елбасы бұл мәселені бұрын да айтқан, меже-шегін шегелеп те берген болатын. Ал, бұл еңбекте нақты тапсырмалар береді, оны қолданудың мәні мен мазмұнын ашады. «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек», – дейді Елбасы. Латын әліпбиі біздің бірінші рет қолдануымыз емес. Ел тарихында жиырмасыншы-отызыншы жылдарда осы әліпбиді қолдандық. «Ат айналып қазығын табар» дейтіндей алтын қазығымызға қайта оралып отырмыз. Тек біз емес. Бұрын Кеңестер одағына кірген түркі тілдес мемлекеттердің көпшілігі осы әліпбиге ден қойып отыр.

Мәселен, әзірбайжандар 1992 жылы 1-сыныптарда оқытуды латын әліпбиінде бастаған екен. Түркіменстан Президенті егемендік алғаннан кейін 1993 жылдың 12 сәуірінде латын әліпбиіне көшу жөнінде Жарлық шығарып, 1995 жылы ғана латын әліпбиінің жаңа нұсқасын қабылдапты. Бұл мәселе созылып барып, 2000 жылдан бастап қолдануға енген көрінеді. Өзбек ағайындар әлі күнге латын мен кириллицаны қатар қолданып, өтпелі кезеңде жүр. Осының өзі-ақ, «кеңесті жерде кемдік жоқ» деген аталы сөздің мәнін ұқтыратындай. Тілтанушы мамандар Елбасыға әліпбидің екі нұсқасын ұсынғаны белгілі. Басты мақсат экономикалық жағынан шығыны аз болуы әрі компьютер пернетақтасындағы ағылшын тілінің алфавитімен сәйкестендіру еді. Әуелден ұсынылған 25 әріптен тұратын нұсқа болды. Мұнда көбіне диграфтарға кеңінен орын берілген. Біздің төлтума тіліміз табиғатында жалғамалы тіл екені белгілі, яғни түбірге қосымшалар жалғану арқылы сөзден сөз туындап жатады. Қосарлы әріптер қатар жалғанып келсе, оқырман-жазарманға көп қиындықтар тудырары кәдік. Бұл нұсқа әлеуметтік желіде де сарапқа салынып, көптеген сын пікірлерге ұшырады.

Екінші нұсқада əріпасты, əріпүсті элементтерге артықшылық берілген. Бұл нұсқа біршама ыңғайлы, әрі оқуға да оңай.

Т.АМАНГЕЛДИН,

Жаңаталап ауылының әкімі.

БҰҚАР ЖЫРАУ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button