Жаңалықтар

Ақбауырдан шыққан тағылымды ұстаз

Шет ауданының «түгін тартсаң, майы шығады» дейтін Қызылтау өңіріндегі мал шаруашылығы басты тірлігі болған Ақбауыр ауылында 1946 жылдың көктемнің жазға ұласар шағы мамыр айының 1 жұлдызында Исабек ақсақалдың тұңғышы да жалғызы Марат дүниеге келген екен. Малды ауылдың өмірі де белгілі – жайлау, күздік, қыстау – бәрі табиғат аясында өтеді. Осындай ауылда белі майысып тезек терген, қабырғасы қайысып тамызыққа қараған орған, тірсегі соғысып жүріп су тасыған, жасы оннан аса қолына айыр ұстаған, қозы қайырып, қой баққан, маңдайынан тері сорғалап қи ойған, өзеннің жылғасын қатырмас үшін суат ойған бала Марат – қазақы тәрбиені толығынан көріп өскен.

Суреттер автордан

Қиындықтармен қатар табиғат аясында еркін өскен бала қиялы да ұшқыр. Аңғарымпаз, дүние ғаламға пайымды, ашық құлақ саналы азамат болып өскен Марат ауыл кітап­ханасындағы кітап атаулыны түк қалдырмай оқиды. Ертегілер, батырлар жырлары, қиссалар. Ол кез – қазақ әдебиетінің де халықпен етене араласқан жылдары болатын. Кез келген үйге «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналдары, газеттер көптеп келетін. Солардың бәрі өзі де табиғатынан ойға бейім, оқығанын тоқи алатын жас баланың ой-өрісінің кеңейе беруіне қатты әсер еткені сөзсіз. Өзі айтатынындай, ауыл баласының арманы биік – философ болу, гректің материалистерін, немістің классикалық философтарынан қолына түскендерін оқып, оқығанын талдай, саралай отырып, соны түсінуге, зерделеуге тырысады. Бағына қарай мектептегі ұстаздары да шәкірт жанын түсінуге тырысатын, өз істеріне берілген адамдар болып кездеседі. Алғашқы ұстаздары Жұпар Түсіпов пен Ерғали Ахметовті ерекше жылылықпен еске алады. Әдебиетке қызығушылығын оятқан, шығарма жаздырып шыңдаған Бағаш Елубайқызы Нашарбекованы, «тарих қойнауына енгізген» Ибраһим Мақажановты, мектептің барлық қоғамдық жұмысына тартқан сол кездегі директоры Марс Ерембекұлы Төлеуқұловты дүниетанымының артып, рухани әлемінің қалыптасуына сіңірген еңбектері үшін қастерлейді. С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде жазған шығармасын көріп, өз факультетіне ауысуды ұсынған академик Зейнолла Қабдоловтың «Сенің шығармаңды оқыдым. Батпақты жерлермен жүріп келе жатып, суы мөлдір бұлақтың көзіне тап болғандай болдым, ол – сенің жазған шығармаң, бірдеңені жаза жүр» – деген арқылы шығармашылық қуатын көрсетсе, тарих факультетіндегі ұстазы Бақтажар Мекішев МГУ-ге жіберіп, орталықтағы профессорлармен тілдесіп, пікірлесуге жағдай туғызды, оқулық авторы академик С.Сказкиннің үйінде болып, отбасымен танысуға мүмкіндік жасайды. Ғылыммен шұғылдануға болар еді. Дегенмен, бір үйдің жалғыз тірегі, әкесі рұқсат бергенімен, анасы жанынан шығарғысы келмейді. Сонымен отбасының шешімімен Ақбауыр орталау мектебінде мұғалімдік қызметін бастайды. Кейіннен сол мектепте директор болған Марат Исабекұлының еңбек жолындағы айтулы келесі кезең аудандық оқу бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалу болды. Бір ол ғана емес, ауданды 16 жыл үздіксіз басқарған Кәмәли Жұматайұлы Дүйсембековтің алдынан талай жас үлкен өмірге жолдама алған. Кәнігі басшының батыл шешімі. Кішкене ауылдан кейін аудан орталығындағы ауқымы өте үлкен қызмет. Жаңа жұмыста әртүрлі деңгейдегі қызмет иелерімен қабаттаса, қанаттаса қызмет жасауға тура келді. Бұл жас қадр үшін үлкен өмір мектебі болды. Үлкен ортада болатын қызғаныш деген, күншілдік деген пендеге тән сүйкімсіз қылықтардың айналаңды ластайтынын, кейде оның кесірі де тиіп кететінін өз көзімен көріп, басынан өткерді.

1981 жылы аудандық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарған Марат Исабекұлы, бірнеше айдан кейін аудандық партия комитетіне ауыс­ты. Партиялық қызмет абыройлы, сонымен қатар жауапкершілігі мол, біліктілікті талап етеді. Мәкеңнің бойына ондай қасиеттер жастайынан сіңісті болған. Он жылға жуық жалпы бөлімнің меңгерушісі ретінде аудандық партия комитетінің бірінші хатшылары Мейрам Абақановпен, Сағымбай Медеубаевпен бірге қызмет атқарды. Партия комитетінде өзінің бұрынғы ұстазы осы жолдардың авторымен, өмірлік бай тәжірибе жинақтаған бізбен қызметтес, отбасыларымен аралас-құралас болды. Араларында жолдастық қатынас орнады. Партия тарар алдында өзі сұранып, аудан орталығындағы М.Горький атындағы орта мектепке ауысты. Қайта құру адамдардың өмірге көзқарастарына біршама жаңалық ала келді. Сөйтіп жүргенде заман өзгерді, заманмен бірге адам да өзгерді. Сөз көбейді. Кейіннен еліміз Тәуелсіздік алған кезде бұл жаппай ашылып сөйлеу сынға, пікірталастарға жол ашып, мекеме, кәсіпорын басшыларынан бастап, әр түрлі деңгейдегі депутаттарды сайлау науқандарының бұрынғыдай емес, демократиялық жолмен альтернативті негізде сайлануына ұласты. Мектеп директоры болып жүрген Марат Исабекұлы әлдеқалай облыстық депутаттыққа ұсынылғанын естиді. Сенер-сенбесін білмей аудандық әкімдікке (бұл кезде басқару жүйесі өзгерген) келіп сұрастырса рас болып шығады, Ақсу-Аюлы сайлау округінен ұсынылған екі кандидатураның бірі екен. Шегінер мүмкіндік жоқ, тізім облыс орталығы Жезқазғанға кеткелі қашан. Бәсекелесі ауданда белгілі болып саналатын адам, әлдеқашан жұмысын бастап кеткен, бүкіл әкімшілік ресурс соның жағында, ауданның белгілі қызметкерлері соның сойылын соғуда. Не істемек керек, қабырғасымен кеңесіп «Шешінген судан тайынбас» деген, енді бағдарлама дайындайды. Өзімен бірге оқыған кластасы Бітім Ахметовті сенімді өкілі етіп, екеуі аудан орталығы мекемелерін, бөлімшелерді аралауға кіріседі. Марат Исабекұлы ұстаз, халыққа сүйкімді, сөзі жатық, айтқанында тұратын адам. Өзі арық, бойы ұзын, жанындағы Бітім толық, бойы тапал. Екеуінің қолында бір-бір папкі бірінің соңынан бірі жүріп, жаяу-жалпылап, күндіз-түні ел аралайды. Ат қойғыш халық екеуіне «Дон Кихот пен Санчо Панса» деп ат қояды. Классик бос сөз айтпайды, сырт пішіндерінің сәйкес келуі өз алдына, Мигель де Сервантестің бас кейіпкерінің атақты: «Шындық бұзылмайды, ол қашанда өтірікті жоққа шығарады» деген афоризмінің растығын өмір тағы дәлелдеді. Халық қолдап шығады, әкімдіктің жоспары іске аспай, сайлаушылардың басым көпшілігі дауысын Мәкеңе береді. Ойда-жоқта облыс­тық Кеңестің депутаты болып шыға келген Марат Исабекұлы тарихта белгілі «Алғашқы таратып жіберуге» дейін облыста белсенділік танытты.

Денсаулық жағдайына байланысты Қарағанды қаласына қоныс аударған Марат Исабекұлы 90-шы жылдардағы электр жарығы өлшеп берілетін, жылу жоқ, ыстық-суық су беру тоқтап, айналаң бос қалған үйлер, ыстық тамақ істеп ішу мұң болған кезеңді бастан кешірді. Бірнеше рет операциядан өткен өзінің денсаулығы да қатты алаңдатты. Осы кезде отбасының берекесін келтірген жастайынан сүйіп қосылған жары Қарлығаш Кенжеханқызы болатын. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітіріп шыққан жан жары бірнеше мектепте қатар жұмыс істеді. Бұл бір сол атқарған жұмысыңның ақшасын да ала алмайтын уақыт болды ғой. Ондайда Қарлығаш жоқтан бар жасайтын, мойымайтын, дастарханы жаюлы, ықылас-пейілі көл-көсір қазақ әйелдеріне тән қажыр-қайрат көрсете білді. Тұрмыстық қиындықтарды жеңе жүріп, қоғамдық мәні бар үлкен істерді де тындырған екен. Жаңа ғана ақталған Ахмет Байтұрсынұлының өмірі, шығармашылығы жөнінде ұстаздардың облыстық конференциясында баяндама жасапты. Жоғары санатты ұстаздың баяндамасы жинаққа еніпті. Сөйтіп жүріп отағасының денсаулығының түзелуіне барын салды. Ақыры жеңіп шықты, Марат Исабекұлы Қарағанды қаласының бетке ұстар оқу орнының бірі – Жоғары политехникалық колледжіне жұмысқа тұрды. Директоры – техника ғылымдарының кандидаты Зекен Рақымұлы, мектепті бір жылы бітірген жерлесі. Мәкең осы жерде оқу орындарында 90-шы жылдары жеке жүргізіле бастаған «Іс жүргізу» пәнінен сабақ берді. «Жеке пән» дегені болмаса оқулықтар да, әдістемелік құралдар да жоқ болатын. Көп ізденді. Мол іс жүргізу практикасы жүзеге асып, нәтижесінде Марат Исабекұлының тәжірибесі облыс оқытушыларына ұсынылды. Үздік ұстаздарға берілетін марапатты – Ыбырай Алтынсарин атындағы медальді – шығармашылық әлеуеті мықты осы жылдардағы жемісті қызметі үшін алған болатын. Мәкеңнің қатарластарымен сұхбаттасқанда ризашылықпен еске алатын кезеңі де – осы мекемеде ұстаздық еткен жылдар.

Екі мыңыншы жылдардың басында Қарағанды қаласының орталығында мешіт салынды. Оған бүкіл облыс болып кірісті. Кейінірек екінші мешіт салынды. Ол да халықтық құрылыс болды. Мешіттерде жаназа шығару, ас беру салтқа ене бастады. Тек халық шатасатын болды: «Ау, қай мешіт?» «Анау ше, Строймарттың қасындағы», «Саябақтың ішіндегі үлкен мешіт»… Облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде мәселе көтеріліп, мешіттерге атау беру керектігі сөз бола бастаған сәтте сан саққа жүгірткен әңгімелер айтылды. Мәселе қалай шешілуі тиіс, кім соңғы нүктесін қояды? Мүфтият па, әлде ономастикалық комиссия ма? Бұл тарапта үлкен белсенділік танытқан Марат Исабекұлы алғашқы салынған мешітке жерлесіміз, ғұлама ғалым, Кеңес заманының өзінде мұсылмандыққа бой ұрған Ақжан әл-Машани есімін беру туралы 2016 жылдың 3 наурызында «Орталық Қазақстан» газетінде «Мешіт атауына лайықты есім» деген мақала жариялады. Атауды заңдастыру мәселесінде де елді ұйытарлық анық та, нақты сөз айтты. Сөзін ісімен жалғастырып, жамағаттың бас қосқан үлкен жиынында модератор болды. Көпшілік жүйелі де дәлелді пікірмен келісіп, кейін салынған үлкенірек мешіт «Әнет баба атындағы мешіт», кішірек мешіт «Әл-Машани атындағы мешіт» атауларына ие болды. Бұл да Марат Исабекұлының әр мәселеге байыппен қарап, өзіндік пікір қалыптастыра алатынын, оған көпшіліктің де назарын аудара алатын қасиеті барының дәлелі.

Үлкен қаланың маңызды мәселелеріне белсене араласса да ұдайы көңілінде жүретіні – туып-өскен ауылының жағдайы болатын. Ауылдың халқы азайып, көз алдында азып бара жатқаны жанына батады. Көп талаптанып, тіпті, алды шетел асып кеткен азаматтардың басын қосып, әр жылдары Ақбауыр ауылының 100 жылдық мерекесін, мектебінің 80 жылдығын, Тоқабай бабаның 300 жылдық мерейтойын өткізуде өзіне тән ұйымдастырушылық қабілетін толық көрсетті.

Осындай ірі шаралардың басы-қасында жүрген Марат Исабекұлы рухани тұрғыда да өзін жетілдіріп отыратын ізденгіш адам. Жеті жылдай уақытын Абайдың «Қара сөздерін» талдауға арнап, нәтижесінде өзі айтатындай «биік жартас іспетті, ерекше оқшау тұрған, бір сырлы дүние» «Отыз сегізінші сөз туралы Сөз немесе Даналық кітабы жайында Ой» деген философиялық-танымдық еңбегі дүниеге келді. «Ғасыр ғұмырлы Ақбауыр» (2015), «Ғұмыржазба – өткенге саяхат» (2016), «Хадис тәмсіл – ғибраты кәміл» (2018), «Абай сөзі – даналық көзі» (2020), «Көңілге түйгендерім, жинағандарым» (2020), «Тоқабай баба және оның ұрпақтары» (2024) – бұлар әр жылдары жарық көрген кітаптары. Дайын тұрған, әлі жарық көрмеген дүниелері де бар. Үш кітаптан тұратын «Аудармалар» жинағы, аударма жасалған «Энциклопедия мудрос­ти», «Сокровищница вечных истин» – бәрі өз кезегін күтіп жатқан жайы бар.

Соңғы кезде денсаулығы сыр беріп, көп жағдайда кедергі болды. Осындайда өзінің сүйеніші, әл-қуат беретін жан серігі Қарлығаш Кенжеханқызының жоқтығын қатты сезінетіні бар. Сүйікті жарының қайтыс болғанына да ширек ғасырдан асыпты. Екі ұлы азамат болған жастарында дүниеден өтті. Ендігі үміт етері қалған екі ұлы мен немере, шөберелері. Солардың тілеуін, шет елге оқуға кеткендерінің жолдары болуын тілеп отырған қадірлі, сыйлы ата Марат Исабекұлы биыл 80 жасқа толмақ. Халқына әлі берері көп азаматтың қуанышына ортақтасып құтты болсын айтамыз.

Мерейтой құтты болсын, Марат Исабекұлы! Жасай беріңіз!

Марс Төлеуқұлов,
Шет ауданының Құрметті азаматы,
Жанат Шәукейұлы,
еңбек ардагері
Шет ауданы

Басқа материалдар

Back to top button