АймақОсакаров

Осакаровта оң өзгерістер бар

Осакаров ауданының әкімі Руслан Нұрмұханбетов ау­данның былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен биылғы жылға арналған жоспарларын баяндады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Руслан Есенбекұлының айтуынша, 2025 жылы аудан алдында тұрған негізгі міндеттер толық орындалған. Жыл қорытындысында экономиканың өсімі 14%-ды құрап, жалпы көлемі 203,5 млрд теңгеге жетті (2024 жылы – 177 млрд теңге). Өсімге өнеркәсіп өндірісінің 18,5%-ға, бөлшек сауданың 13,7%-ға, ауыл шаруашылығы өнімінің 11,4%-ға және құрылыс көлемінің 19,4%-ға артуы ықпал еткен. Бюджеттің кіріс бөлігі 3 млрд 870 млн теңгеге орындалып, жоспар 109,5%-ға артығымен жүзеге асқан екен.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылған. Шұңқыркөл, Колхозное, Садовое және Трудовое ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы аяқталды. Сарыөзек дәрігерлік амбулаториясы мен Шұңқыркөл, Жұлдыз, Ошағанды, Ақпан ауылдарындағы медициналық пункттер пайдалануға берілді. Озерный ауылындағы мектеп күрделі жөндеуден өтті, ал Есіл ауылындағы мектепте жөндеу жұмыстары басталды. Сонымен қатар, 6 білім беру және 5 мәдениет нысанына ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 7 елдімекенде балалар алаңдары орнатылды.

Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 774 млн теңгеден астам қаражатқа 100 шақырым жол жөнделді. Оның ішінде 9,5 шақырым кентішілік жол орташа жөндеуден өтіп, аудандық маңызы бар 90,5 шақырым жолға ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Айта кету керек, ауданда жұмыссыздық деңгейі 2,9%-дан 2,2%-ға дейін азайған.
Өнеркәсіп саласында ауданда «Қ.Сәтбаев атындағы каналдың» филиалы, «Kazakhmys Coal» көмір разрезі және «Saryopan Operating» кәсіпорындары жұмыс істейді. 2025 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 82,5 млрд теңгені құрап, жоспар 110,3%-ға орындалды. 2026 жылы бұл көрсеткішті 98 млрд теңгеге дейін жеткізу, көмір өндіру көлемін 8 млн тоннаға арттыру жоспарланған. Өңдеу өнеркәсібінде де өсім күтіліп, көлемі 15,3 млрд теңгеге жетпек.

Инвестиция тарту – негізгі басымдықтардың бірі. 2025 жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 71 млрд теңгені құрап, 159,8%-ға орындалды. Бұл өсімге «Гиперборея» ЖШС-нің Осакаровка кентінде жел электр станциясын салуы және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының үлесі әсер етті. 2026 жылы инвестиция көлемін 97,4 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған.

Алдағы кезеңде жалпы құны 301 млрд теңгені құрайтын үш ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында қуаты 150 МВт жел электр станциясының құрылысы (50 млрд теңге, 21 жел қондырғысы), жылына 45 млн дана кірпіш өндіретін зауыт (1,2 млрд теңге) және қуаты 500 МВт жел паркі (250 млрд теңге) бар. Сонымен қатар, 6 мың басқа арналған сүт-тауар фермасы мен 5 мың гектар суармалы жерді игеру жобалары іске асырылуда.

Шағын және орта бизнес саласында 2146 субъект жұмыс істейді, онда 4682 адам еңбек етеді. Өткен жылы 11 жаңа нысан ашылып, 19 жұмыс орны құрылды. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында кәсіпкерлерге несиелер мен гранттар беріліп, оның ішінде 7 жас кәсіпкерге 12 млн теңге грант табысталды.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 2025 жылы 84 млрд теңгені құрады. 2026 жылы бұл көрсеткішті 99,6 млрд теңгеге дейін жеткізу көзделген. Мал шаруашылығында ет өндірісі 4,5 мың тоннаға жетіп, жұмыртқа өндірісі 3,7 млн данаға өсті. Мал басы да барлық бағыт бойынша көбейген. Егін шаруашылығында 440,7 мың гектарға егіс салынып, 390,3 мың тонна астық жиналды. Биыл егіс алқабын 452 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр.

Агроөнеркәсіптік кешенге 27,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 132 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынған. Инвестициялық жобалар аясында көкөніс қоймалары, заманауи элеватор және суармалы жерлерді игеру жобалары жүзеге асырылды.

Жер қатынастары саласында 2169 гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізіліп, «Жайлау» жобасы арқылы бірқатар ауылдардағы жайылым тапшылығы шешілген. Арнайы жер қорына 2157 гектар жайылым қайтарылды.

Ал құрылыс саласында жұмыстар көлемі 20,9 млрд теңгеге жетті. Тұрғын үй құрылысы қарқын алып, 2025 жылы 5714 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауданда тұрғын үй кезегінде 1094 адам тұр. Мәселені шешу үшін көпқабатты үйлер салу және сатып алу жұмыстары жалғасуда.

Аудан бойынша 52 елдімекеннің барлығы да ауызсумен қамтылған. 2025 жылы төрт ауылда су құбыры салынып, шағын ауылдарда су тазарту модульдері орнатылды. Алдағы уақытта тағы үш ауылда су желілерін салу жоспарланған.

Жылу беру маусымына дайындық шеңберінде 72 автономды жүйе мен 5 қазандық әзірленді. Молодежный кентінде қуаты 24,5 МВт жаңа қазандық іске қосылды. Жылу желілерін жөндеуге және жабдықтарды жаңартуға 73,5 млн теңге жұмсалды.

Аудан жолдарының жалпы ұзындығы 1437 шақырымды құрайды. 2025 жылы бірқатар жолдарға жөндеу жүргізіліп, жол қауіпсіздігі шараларына 13,5 млн теңге бөлінді.

Жұмыспен қамту бағытында 650 адам жұмысқа орналастырылды. 2026 жылы 823 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

Білім беру саласында 40 нысан жұмыс істейді, бірқатар мектептерде күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізілді, материалдық база жаңартылды.

Денсаулық сақтау жүйесінде 39 нысан қызмет көрсетеді. Өткен жылы 5 медициналық нысан салынып, жаңа жабдықтар сатып алынды. Дегенмен, медицина кадрларының тапшылығы әлі де өзекті.

Мәдениет саласында 58 нысан жұмыс істейді. 2025 жылы мәдениет үйлеріне жөндеу жүргізіліп, материалдық-техникалық база нығайтылды. Спорт саласына келсек, жалпы саны 12 мыңға жуық адам дене шынықтырумен айналысады, бұл аудан халқының 40,8%-ын құрайды. Жыл ішінде аудан көлемінде 112 спорттық іс-шара өткізілді.

Жастар саясаты бағытында 7784 жас қамтылған. «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы 180 адам жұмыспен қамтылып, жастарға арналған гранттар мен «Жас Сұңқар» сыйлығы табысталды. Сонымен қатар, NEET санатындағы жастармен жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Руслан Нұрмұханбетов журналистердің ауданның өзекті мәселелері – жол, тұрғын үй, инфрақұрылым, жұмыс орындары, инвестиция тарту және әлеуметтік нысандарды дамытуға қатысты сұрақтарына нақты әрі мазмұнды жауап берді. Әкімнің атап айтқандай, барлық бастамалар аудан халқының тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған.

Жалпы, Осакаров ауданы бүгінгі күні тұрақты даму жолына түскен өңірлердің бірі. Жаңадан салынып жатқан нысандар, іске асырылып жатқан жобалар мен қолға алынған бастамалар – ауданның күнделікті тыныс-тіршілігінің айқын көрінісі. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің дамуына жаңа серпін береді деген сенімдеміз.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Осакаров ауданы

Басқа материалдар

Back to top button