Ұрпақ қамы – ұлт қамы
Кез келген елдің бұқарасы мемлекетінің мейірімін сезінгісі келеді. Отанның әлеуметінің әл-ауқатын көтеруі оған қауіпсіздік пен қамқорлыққа кепілдік береді. Сол секілді жиырма миллион жұртымыздың да мемлекеттен мейір күтетіні рас. Егемендік алған 36 жылда қилы кезеңді өткерген еліміз енді еңсе тіктеген тұста «Ұлттық қордан» ұрпаққа там-тұмдап, енші бере бастағаны мәлім. «Ұлттық қордан» бөлінген бұл қаржы – ен байтақ даланың қойнауындағы қазба табиғи байлықтан балаларға бұйырған несібе. Мұндай балама бағдарламалар шетелдерде кездеседі. Бірақ, Қазақстан секілді дәл табиғи байлықтан бөліп беретіндері санаулы-ақ дейді деректер. Соңғы екі жылда жұмыс істей бастаған бағдарламадан бұйыртқанын алған қазақстандықтар да мыңдап саналады.

Ал, Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бері кәмелетке толмаған әрбір балаға «Ұлттық қордың» соңғы 18 жылдағы орташа инвестициялық кірісінің 50 пайызы жыл сайын есептеледі. Бұл қаражат әлеуметтік ахуалын жақсартуды көздейді. Бала 18 жасқа келгенде жинақталған қаражатты білім алуына, я тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсай алады. Бүгінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының» ресми сайтында жарияланған дерек тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін өтініш берген жастың саны ел бойынша 189 293 екенін айтады. Білім алуына инвестиция ретінде тартуға мүдделі жастың қатары 129 813 екен. Оның ішінде, «БЖЗҚ» АҚ-ның Қарағанды облысты тұрғындарынан 13267 өтініш түсіпті. Оның баспанаға бағытталғаны 6385, білім алуға жұмсауды ойлаған қарағандылықтар 4 729 екен. Сондықтан да, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы мемлекеттің балалар болашағына құйған инвестициясы деп бағаланды.
«Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген Ата Заңда. Демократиялық институттар тәуелсіздік жылдарында бекіді. Қазіргі кезде саяси өзгерістерде ол жемісін бере бастады. Зайырлылықты да ту еткен Қазақстан діни конфессияларда да салиқалық танытып, диолог алаңына айналды. Оған қоғам, тіпті, әлем куә. Құқықтық мемлекеттің негізі де берік қаланды. Бұл күні елдің әрбір азаматы құқын толыққанды қолданады. Өзінің заң аясында мүддесін ашық қорғай алады. Әлеуметтік мемлекет тұрғысыннан да мемлекеттің азаматтарына кепіл берген міндеттемелері бар. Соның қатарына қосылғаны осы – «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы.
– «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасын іске асырудың 2026 жылғы 1 сәуірдегі дерегі бойынша «БЖЗҚ» АҚ-на Қарағанды облысы тұрғындарынан 13267 өтініш түсті. Орындалғаны – 11 114 өтініш. Жалпы сомасы 1 863 082,56 АҚШ доллары. Өтініш берушілердің банктік шоттарына аудару үшін уәкілетті операторларға жіберілді. Оның ішінде, тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсатында 109 2630, 87 АҚШ долларына 6385 өтініш қанағаттандырылды. Білім беру ақысын төлеу үшін 770 451,69 АҚШ доллары көлеміндегі 4729 өтініш мақұлданды. «БЖЗҚ» АҚ-ға сомасы 240 881, 83 АҚШ долларына тең 1680 өтініш қайтарылды, – дейді «БЖЗҚ» АҚ-ның Қарағанды облыстық филиалы директорының орынбасары Мадина Сапарова.
Әуел баста бұл «Ұлттық қордың» болашақта іргетастың бекемденуі үшін ашылғаны белгілі. Нақтыласақ, елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, болашақ ұрпақтар үшін қаржы жинақтау, экономиканың қолайсыз сыртқы факторлар ықпалына тәуелділігін азайту мақсатын діттеді. «Ұлттық қор» мемлекеттің қорын қалыптастыру, сонымен бірге, әлемдік бағалардың жағдаятына республикалық және жергілікті бюджеттердің тәуелділігін төмендетуді көздеді. Ол мемлекеттің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге, экономиканың мұнай секторына тәуелділігін және қолайсыз сыртқы факторлардың ықпалын азайтуға арналды. Пандемия кезінде де, экономикалық дағдарыста да тығырықтан шығу үшін осы «Ұлттық қор» қаржы-қаражат бөлгені аян.
E.gov порталының дерегіне жүгінсек, доллармен төлемдерді 18 жасқа толмаған барлық қазақстандықтар алады. Бала Қазақстан азаматы болып тумаса да, кейінірек азаматтығын алса да, оған «Ұлттық қордан» ақша төленеді. Алайда, Қазақстаннан басқа мемлекетке тұрақты тұруға кеткендер «Ұлттық қордың» қаражатын пайдалану құқығынан айырылады.
Егер 10 жыл ішінде ешкім ақша іздемесе, олар ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотына аударылады. Оларды ҚР заңнамасына сәйкес алуға болады.
Ұлттық байлықтан халыққа төлемінің ең жақын аналогы Норвегияда, Аляскада, Ұлыбританияда.
Мәселен, Норвегияның «Norwegian Government Pension Fund Global» қоры бұл – әлемдегі ең ірі ұлттық қор. Ол мұнайдан жиналған. Оның Қазақстаннан айырмашылығы – ақша тікелей балаларға берілмейтіндігінде. Ол бюджетке кетеді, яғни, білім, медицина, инфрақұрылымға. Ал, Қазақстан осы модельге сүйеніп, ақшаны тікелей балаларға бөлу идеясын енгізді.
Алясканың «Alaska Permanent Fund» қоры да – ең ұқсас бағдарламаның бірі. Мұнда мұнай табысынан жыл сайын әр тұрғынға, балаларға да дивиденд бірден беріледі және мақсатты емес, қалағанынша жұмсайды. Қазақстандағыдай 18 жасқа дейін жинақталмайды.
Балаларға арналған жинақ бағдарламалары арасында Ұлыбританияның «Child Trust Fund» бағдарламасында ұқсастық бар. Бұл арада Үкімет әр балаға есепшот ашады да, бала 18 жасқа келгенде ақша алады. Дегенмен, мұнда тек ұлттық байлықтан емес, ата-ананың да ақша сала алатын артықшылығы бар. Не десек те, зерттеушілер ашық дереккөзде Қазақстандағыдай «Әр балаға ұлттық байлықтан жеке жинақ» жүйесі әлемде өте сирек және инновациялық бағдарлама ретінде бағалайтынын атап өту қажет.
Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



