Жарылыстың жазылмайтын жарасы
Адамзат тарихындағы ең жойқын техногендік апат – Чернобыль апатының зардабы әлі күнге ұмытылған жоқ. Атом электр станциясындағы жарылысты залалсыздандыруға мыңдаған отандасымыз атсалысып, өмірі мен денсаулығын бәйгеге тікті. Биыл осы сұрапыл оқиғаға тура 40 жыл толды. Осыған орай, редакция қоржынына келіп түскен, сол кезеңде қауіпті аймақтың қақ ортасында болып, «көрінбейтін майданда» ерлік көрсеткен жерлесіміз Мейрамбек Баекеновтің естелік-мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
РЕДАКЦИЯДАН
Адамзат баласы небір зұлматтарды басынан өткерді. Соның бірі – 1986 жылдың сәуір айында орын алған Чернобыль атом электр станциясындағы тосын апат. Арада 40 жыл өтсе де, сол бір қасіретті күндердің табы жүректен өшкен емес. Бүгінгі бейбіт күннің бағасын ұғынып, тарихтан тағылым алсын деген ниетпен, сол бір отты жылдардан қалған естелігімді оқырман назарына ұсынуды азаматтық парызым деп білемін.

1983 жылы маусым айында азаматтық борышымды өтеуге әскер қатарына Мәскеу қаласына аттандық. Екі жылды ойдағыдай аяқтап, елге аман-есен оралдым.
1985 жылы өмірлік жарыммен табысып, қазан айында отау құрып, отбасы болдық. Ауылдық жерде мамандығыма байланысты жұмыс болмай, Жезқазған қаласына баруға тура келді. Содан Жезқазған қаласына көшіп барып, Жезқазған ЖҚҰ-11 тіресінің (жол-құрылыс ұйымы) бір учаскесінде аға мастер болып жұмысқа кірістім. Екі жылдан кейін мені Жезқазған қалалық әскери комиссариаты 1987 жылдың 16 шілдесінде шақыру қағазын жіберіп, шақыртты. Таңертең сағат 9:30 шамасында қалалық әскери комиссариатқа бардық. Комиссариат қызметкері – кеудесінде ұшқыштың эмблемасы бар, орта жастағы полковник келген азаматтардың әскери билеті мен паспортын жинап алды. Содан кейін бізге: «Ертең сағат 9:00-де қалалық медициналық тексерістен өтесіңдер!» деді де, басқа ешқандай түсініктеме берген жоқ. Үшінші күні таңертең шамамен қырыққа жуық адам, қалалық медициналық комиссиядан тексерістен өттік. Барлығы жоспар бойынша жүріп, ешқандай қосымша түсіндірме берілмеді.
Кешке қарай әлгі полковнигіміз енді екі күннен кейін облыстық медицина байқауынан өтетінімізді ескертті. Біз әлі жүрміз, «Қайда?», «Не үшін?» тексерістен өтіп жатқанымызды біле алмай. Бәрі сол қалпы жұмбақ күйінде қалды. Сонымен, шілденің аяғында, облыстық медициналық тексеруден өттік. Алғашқыдағыдай емес, әскери адамдар саны да, медициналық тексеруден өтіп жатқандар саны да әжептәуір көбейді. Балқаш, Қаражал, Никольск (қазіргі Сәтбаев қаласы) қалаларынан т.б. аудандардан келіпті.
Сонымен, 1987 жылы шілденің аяғында (күні нақты есімде жоқ) кешкі сағат 18:30-да бізді «Жезқазған-Петропавловск» пойызына қойша тиеп, шығарып салды. Кеңес Үкіметінің әлі де қаһарлы әмірін жүргізіп тұрған кез. Қарағандыға баратынымызды білеміз. Қалғаны беймәлім.
Басым бөлігі жас буын. Мен сол кезде 24-темін. Әйтеуір, барлығы – екі жылдық әскери міндетін өтеп келген азаматтар. Бәріміздің «Әскери билетіміз» қалтамызда.
1985 жылы екі жылдық әскери міндетімді өтеп келгенде 22 жаста болсам, екі жылдан соң 24 жасымда әскер қатарына қайта шақырылдым. Негізінде, «ЧАЭС» Чернобыльге шақырылатындардың жасы 35-тен 45 жас аралығындағы азаматтар екенін кейін білдім.
Сөйтіп, таңертен Қарағандыдан өттік. Ендігі бағыт – Ресей. Түс ауа Ақмола қаласына барып тоқтадық. Ол жерде үш сағаттай аялдады.
Біздің пойызға Алматы, Шымкент, Қызылорданың вагондарын тіркей бастады. Үстіндегі киімдері де біздікі сияқты әскери киім. Ұзын сөздің қысқасы, қазақстандықтар Киевке жол тартқанда бір-ақ білдік.
Украинаның астанасы Киевке түс мезгілінде бір эшелон болып жеттік. Вокзалдан әрі қарай бізді жиырма шақты әскери автомашинаға отырғызып, алып кетті. Кешке қарай «Зеленый мыс» деген ауылға алып келді. Бұл ауысыммен жұмыс істейтін қарапайым тұрғындардың поселкесі екен. «Германский брандербург» дейді. Мұнда бірыңғай құрастырылатын үйлер, жатақхана, аурухана, дүкен, асхана, контор, клуб екен.
Бізді жан-жаққа жұмысқа таратуға, сол жердегі үлкен клубқа жинады. Клубтың ішінде, шені бар полковниктен бастап, прапорщикке дейін отырды. Клубта отырған, дивизия командирі деп таныстырды. Полковник (фамилиясын ұмытып қалдым) айтқан сөзі күні бүгінге дейін есімнен кетпейді. «Қанекей, айтыңдар, 1986 жылы 16 желтоқсанда көтеріліске шыққан азаматтар бар ма?» деп, сұрады орысшалап. Залдың іші де шу ете қалды. Орысы, қазағы, басқасы бар, біреулері «иә» деп, біреулері «жоқ» деп шулап жатты. Қазақстандықтарға полковник мырзаның өшпенділігі соншалық, барлығымызға «Төртінші блокта жұмыс істейсіңдер!» деп бұйрық берді. Енді өз басымнан кешкендерімді аздап баяндайын.
Ел қатарлы сол күні «Зеленый мыс» ауылы жанындағы «Ленинград әскери округі 93605 әскери бөліміне» түстім. Полк командирі – полковник Соблев, штаб бастығы – майор Пинип, ал, рота командирі старший лейтенант Иванов болды.
Тамыз айының басында екінші әскери міндетім басталып кетті. Менің алдымда барған азаматтар өздерінің алты ай бойы, үшінші және төртінші блоктарда, қандай жұмыс атқаратынын және улы жерде қалай жүретінін түсіндірді. Сөйтіп, олар кетті де, біз қалдық.
Біз тұратын әскери бөлімшеден Чернобыль ауданына үш сағаттық жол. Чернобыльға апаратын арнайы автобус бар. 15 күн жатып жұмыс істейміз, 15 күн бөлімшеде демаламыз.
Чернобыль ауданына баратын жол – асфальтталған кәдімгі тас жол. Жеткенше 10 шақты пост бар. Чернобыль ауданының орталығына жеткен соң, әскери бөлімшемізден келген автобусты қалдырамыз да, ескі, лас автобусқа мінеміз. Кейін Чернобыль ауданынан 15 шақырым жердегі АЭС станциясына жол тартамыз. Ол жерді «15 шақырымдық аумақ» деп атайды. 20-30 минуттың ішінде жетіп барамыз. Нағыз жарылған 3-4-ші сойқаныңыз осы жер.
Блоктың тұрмыстық қызмет көрсету ғимаратында бергі жағынан жұмысқа кірерде таза киімдерімізді қалдырып, екінші жағына жұмыс (ескі, уланған) киімді киіп, төртінші блок жұмысына кірісеміз.
Алдымызда әр бөлмеде химия саласында істейтін дезометристер, қолындағы тексеретін аппаратпен шкаласы әр бөлмеде қанша доза барын тексеріп береді. Бір бөлмеде 5 минут жұмыс істелсе, келесісінде 10 минут, ең көп уақыт 20 минуттан аспайды. Одан әрі жұмыс істеуге рұқсат жоқ. Құрылыс материалдардың барлығын тек Киевтен әкеледі.
Кешкі сағат 17:00-де тұрмыстық бөлімге келіп, уланған киімді, мұрнымызға киген шаң ұстағышты (липисток) тастап, себезгіге (душ) кіреміз де, арғы жағынан таза киім киіп, таңертең әкелген автобусымызға отырып, 15 шақырымдық аумақтан Чернобыль ауданына келеміз. Күтіп тұрған таза автобусымызға отырып, үш сағаттық жол жүріп, кешке қарай бөлімшемізге ораламыз.
Сонымен, екінші әскери қызметім барысында тамыз, қыркүйек, қараша айларында, үшінші, төртінші блокта 15 күннен 3 ай жұмыс істедім. Нағыз атомның ортасында.
Айта кетер жайт, Чернобыль ауданына барғанда, көрсетілген жолдармен жүруің керек. Ешқайда өздігіңмен жүруге болмайды. Өзенге шомылуға, балық аулауға, жеміс-жидек теруге немесе басқа үйлерге кіруге болмайды. Кейбір азаматтар, ережені орындамағандықтан, түрлі қиын жағдайларға ұшырап жатты. Жұмысқа кірісер алдында, әр азаматқа өз әскери билетінің номерімен омырауымызға радиация өлшейтін құрал тағып береді. Оның атауы – накопитель. 15 күннен кейін жаңағы накопительді жинап алып, кімнің қанша доза алғанын анықтайды.
Көп доза қабылдағандарды түрлі сылтаулармен (сарбаздарды шошытпас үшін) мысалы: «Шешең ауырып қалыпты, әкең ауырып қалыпты» деген сылтаумен елге қайтарып отырды. Оны да кейін білдік. (Ол азаматтар қазір бұл өмірде жоқ та шығар.)
Орыс халқы басқа ұлт өкілдерінен өздерін жоғары ұстайтындығын көрсетіп алды. Мәселен, екі айдан кейін қазақстандық орыстардың біразын қайтарып жіберді. Орыстарға айтқан сылтауы, орыстарда бала басы аз, біреу, не екеу деген сылтаумен. «Ал, басқа ұлтта бала көп, кем дегенде үшеу, одан да көп бала болады» деген сияқты ақылға қонбайтын сылтаулар айтылды.
Менде де 1987 жылы бір жастағы бір балам ғана болатын. Қараша айының бас кезінде «Енді елге қайтамыз!» деп қуанып жүргенде, «жығылғанда жұдырық» демекші, «Ленинград әскери округі» 9365 әскери бөлімі бізді, отыз шақты азаматты жаңадан салынып жатқан «Славутич», «Припет» қаласының орнына бір айға құрылысқа командировкаға жіберді. Барсақ, құрылыс жүріп жатқанға мүлдем ұқсамайды. Өзеннің жағасында оншақты кішігірім пароход орналасқан (өзеннің атын ұмытып қалдым).
Сол пароходтарда тұратын адамдар Киевтен келіп, ауысыммен істейтін жұмыскерлер. Жататын орындары, асханасы барлығы сол жерде. Бізге өзен бойынан екі шақырым жерде солдаттарға құрылған палаткадан орын тиді. Ертесіне екі шақырым жердегі, кемедегі асханадан тамақтанып, үш шақырым қашықтықтағы жаңадан салынып жатқан қалаға тарттық.
Барсақ, ауқымды құрылыс жаңа жүріп жатыр. Мектеп, аурухана, тұрғын үй, монша т.б. Біздің еншімізге 250 орындық жартылай салынған балабақша тиді. Қараша айының басынан бастап, желтоқсанның ортасына дейін қала құрылысына көмекке келген сарбаздар жататын палатканың ортасында күніне үш шақырым әрі, үш шақырым бері жүріп-тұратын болдық.
Дана халқымыз «Басыңа түссе, баспақшылсың» деп бекер айтпаған. Амалсыздан барлығына да көндік. Біз осымен 30 шақты азамат бұрынғы 93605 бөлімімізге желтоқсанның 20-ы қайтып оралдық.
25 желтоқсан күні 10 азаматқа бөлім командирі «Алты ай мерзімінде міндетін өтеді, енді еліне қайтуға рұқсат!» деген бұйрық ұстатты. Сонымен, 1987 жылы 29 желтоқсанда 10 азамат аман-есен елге оралдық. Қалған азаматтар бізден кейін келіп жатты. Қазір сол сарбаздардың тең жартысы жоқ десем, өтірік болмас.
Елге келген соң да, Чернобыль апатын жоюға қатысқан азаматтардың балаларына оқуға түсуге, колледж, жоғары оқу орнына грантқа түсуіне және жұмысқа тұруға ауқымды көмек жасадым.
Адал еңбегім ескерусіз қалған жоқ. 2016 жылы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» төсбелгісімен марапаттады. 2018 жылы тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан «Ерлігі үшін» медалін иелендім. Қарағанды қаласының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтан «Құрмет грамотасын» алдым. 2016 жылы Қарағанды қаласында Чернобыль ардагерлеріне арнап, ескерткіш ашылуына, ал, 2021 жылы 25 тамызда Шет ауданында Чернобыль апатына 35 жыл толуына ескерткіш тақта ашылуына.
Бүгінде 2-топтағы мүгедек болсам да, хал-қадірімше мектеп оқушыларына, жоғары оқу орындарында, колледждерде патриоттық тәрбие беруден жалыққан емеспін. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласамын.
Мейрамбек БАЕКЕНОВ,
оқиға куәгері



