АймақБұқар жырау

Ұлттық кітап және кітапханашылар күніндегі келісті кеш

Бұқар жырау аудандық Мәдениет үйінде Ұлттық кітап және Кітапханашылар күнінде келісті кеш өтіп, оны аудандық орталық кітапхананың әдіскері Майгүл Асқарова бастан аяқ жүргізді.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Кеш басталмас бұрын келген қонақтар фойеде қойылған “Менің үйдегі кітапханам” фотовернисажымен танысты.

Одан кейін Мәдениет үйінің сахнасынан аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейірлан Қалиев пен “Аманат” партиясы аудандық бөлімшесінің төрағасы Анара Бозаева жиналған қауымды мерекемен құттықтап, кеш шымылдығын әдеби-сазды қойылым ашты. Онда Доскей ауылдық Мәдениет үйінің “Гүлдер” би ансамблі “Жарқын болашақ” биін билеп, аудан кітапханашылары қазақтың 60 ақын-жазушысының фотосуреттерімен ортаға шықты.

Бұдан кейін концертке кезек беріліп, кітапханашылар мен оқырмандар ақындар Мұқағали Мақатаев, Күләш Ахметова, күні кеше қайтыс болған Мұхтар Шахановтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, ботақаралық Нұрлыбек Мәжитовтің “Әкем мен анам” әнінің тұсауы кесіліп, жергілікті ақындар Жасұлан Хамитов, Аманжол Қуанбай, Ақан Құмай өз өлеңдерін көпшілікке ұсынды.

Бұл кеште би де биленіп, ән де шырқалып, сыбызғының сазы да тыңдалып, соңында фотовернисаж бен эссе байқауларының жеңімпаздарына сый-сияпатты аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының міндетін атқарушы Гүлайым Жұмкина тапсырды. Атап айтқанда, фотовернисаждан үшінші орынға тұрақтаған 6 адамға клонка мен диплом, екінші орын иесі 7 адамға картина мен диплом берілсе, бірінші орынға лайық деп танылған Ақан Құмайға смартфон телефон табысталды.

Ал зссе жазудан “Ұшқыр қалам” аталымында аудандық “Бұқар жырау жаршысы” газетінің тілшісі Татьяна Курбанова мен ұстаз Оразбек Жұмаш сағат, Алғыс хатпен марапатталды.

Көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлаған келісті кешті доскейлік мәдениет қызметкері Дариға Біләлованың “Мәңгілік ел” өлеңіне жазылған әуесқой сазгер Қанат Мерсалимовтің әнімен Доскей Мәдениет үйінің “Әсем әуен” вокалды тобы аяқтады.

Ержан ИМАШ
Бұқар жырау ауданы

Басқа материалдар

Back to top button