АймақҚарағанды

Өңірдегі жүйелі жұмыс нәтижесі

Қарағанды облысында соңғы жылдары байқалған оң өзгерістер нақты цифр­лармен дәлелденіп отыр. Жұмыссыздық деңгейі 4 пайызға дейін төмендеп, өңірлік экономика 5,4 пайызға өсті. Үш жылда жалпы өңірлік өнімнің 27 пайызға ұлғаюы – жүйелі жұмыстың жемісі. Осылайша, «Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында қолға алынған бастамалардың өңір дамуына әсері айқын көрініс берді.

Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым

Облыстық мәслихаттағы депутаттық фракцияның кеңейтілген отырысында Жол картасының аралық қорытындылары талқыланып, өңірдің бүгінгі ахуалы мен болашақ бағыттары сараланды. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бұл нәтижелер кездейсоқ емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, партиямен үйлесімді жұмыс жүргізудің арқасында маңызды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып, экономиканың іргесі нығайып келеді. Бұл – тек бүгінгі жетістік емес, ертеңгі тұрақты дамудың кепілі.

Шын мәнінде, өңір экономикасының негізгі тіректің бірі – өнеркәсіп. Соңғы жылдары бұл салада өндіріс көлемі ұлғайып, инвестиция тарту қарқыны артқан. Әсіресе, өңдеуші сектордағы өсім жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашып отыр. Ауыл шаруашылығы да назардан тыс қалған жоқ. Керісінше, ауылдағы кәсіпкерлік белсенділігі айтарлықтай жанданып, үш жыл ішінде 8 мыңнан астам жаңа бизнес нысаны ашылған. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттырып қана қоймай, өңір экономикасына қосымша серпін беруде.

Мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігі де осы тұста айқын көрінеді. Мәселен, «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүздеген азамат өз кәсібін бастап, 837 шағын несие беріліп, 1128 жаңа жұмыс орны құрылған. Ал «Жер аманаты» бағдарламасы бойынша 1,9 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, экономикалық айналымға енгізілген. Бұл – ауылдың әлеуетін арттыруға бағытталған нақты қадамдар.

Дегенмен, барлық жоба мінсіз жүзеге асып жатыр деуге болмайды. Кейбір бастамаларға түзету енгізу қажеттілігі де туындаған. Облыс әкімінің орынбасары Ермек Алпысов атап өткендей, жобалардың қымбаттауы, басымдықтардың өзгеруі және инвестициялық жоспарлардың қайта қаралуы белгілі бір қиындықтар туғызған. Сондықтан, алдағы кезеңде жоспарларды нақтылап, тиімділігін арттыру – басты міндеттің бірі.

Сондай-ақ, өңірде болашаққа бағытталған ірі әлеуметтік жобалар да жүзеге асырылмақ. 2027 жылға дейін Теміртауда өнер мектебі, Қарағандыда Оқушылар сарайы және сегіз денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Олардың қатарында позитронды-эмиссиялық компьютерлік томография орталығы, 300 орындық көпсалалы аурухана және перинаталдық орталық бар. Бұл нысандар халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық шешімдер.

Жиында тек экономика емес, әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмады. Депутаттар инклюзивті ортаны дамыту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігі және азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу мәселелерін көтерді. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты бағыты халықтың әл-ауқатын арттыру екенін көрсетеді.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button