Кеңгір көтерілісі

Бұл — сұрқия саясаттың сүреңсіз соқпағында тарихы қанмен жазылған қайғылы оқиға. 1954 жылы маусымда «СтепЛагта» 2660 орыс, 9596 украин, 2690 литван, 1074 латыш, 290 қазақ және сол кезде Кеңес Одағын мекендеген басқа ұлт пен ұлыс өкілі, соғыстан соң 2369 неміс, 1012 жапон, 103 австриялық, 630 венгр, 145 румын, 58 қытай ұсталған екен. Жезқазған жерінде азап лагерін еске түсіретін оның кейбір құрылысы әлі сақталған.

 «СТЕПЛАГ» — АЗАП АЙМАҒЫ

Қазақстан – кеңестік кезеңде қадасы қағылған алғашқы жеті лагерлік аймақтың бірі. Қарақұрттың торындай «ГУЛАГ жүйесі» орналасқан 25 облыстың жетеуі Қазақстанға қарады. Соның бірі – Қарағанды.

Тұтқынның тегін еңбегін пайдалану тиімділігін теориялық жағынан «негіздеген» Ф.Дзержинский қисынсыз құрбандық арқылы адамзат тарихында ақталмайтын айуандыққа барды. Қайғы мен қасірет кешкен талай адамның тағдырын тәлкекке салған тамұқ ошағының әлі ашылмаған сыры, дәйектелмеген дерегі жеткілікті.

Біз анықталған кейбір құжат пен зерттеуді зерделеп, тасбауыр тарихтың сол кезеңіне көз жүгіртейік. Айтпағымыз – Арқаны азап аймағына, зонаны қасірет қамалына айналдырған «СтепЛаг». Ол – «халық жауына» арналған айрықша лагерь. Кеңгірдің жағасындағы бұрынғы пионер лагерінің орнына КСРО Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) 1940 жылғы пәрменімен құрылған ол 1 сәуірден бастап жұмыс істеді.

1942 жылы 1 қаңтарда лагерьде жүз елудей тұтқын болды. Олардың қатарында кім кездеспеді?! Қазан төңкерісіне қарсы «қасқа» да, адам өлтірген қаныпезер де, шекара тәртібін тәрк қылған кезбе де, әскерден қашқан «сатқын» да, айлакер алаяқ та араласып жүрді. Шахтаға, құрылысқа қажеттіліктен НКВД тізімімен қамалған мен негізінен кінәсіз сотталған жұмысшы, колхозшы, инженер, дәрігер және басқа керекті кәсіп иесі де бар еді.

1943 жылы Үлкен Жезқазғанның іске қосылған және салынып жатқан нысанының бәрі НКВД қарауына беріліп, ол «Жезқазған еңбекпен түзеу лагерь-комбинаты» деп аталды. Соғыстан соң лагерьдегі 12 мың тұтқынға майданда қолға түскен 8 мыңға жуық неміс пен жапондық қосылды. Лагерь үш негізгі бөлімшеден тұрды: Кеңгір, Жезқазған және Қарсақбай. 1947 жылы атауы «№4 ерекше лагерь» немесе «СтепЛаг» деп өзгертілді.

Атауы өзгергенмен, лагерьдегі азапты тұрмыс тұралай түсті. Жұмысының ауырлығы, тәртібінің қатаңдығы жағынан басқа лагерь Жезқазғандағының жанында «жіп есе алмай» қалды. Алайда, адам төзгісіз ауыр жұмыс, аштық, жалаңаштық, ауру, жиілеп кеткен өлім ешкімнің еңсесін жаншып, рухын жасыта алмады. Зорлық-зомбылыққа, бақылаушылардың айуандық әрекетіне қарсы наразылық үздіксіз бой көрсетіп отырды.

ЗОНАДАҒЫ ЗОБАЛАҢ

1953 жылы 27 наурызда Кеңес өкіметі кең ауқымды кешірім жариялады. Жазасы бес жылдан аспайтын тұтқын тегіс босады. 10-25 жылға кесілген саяси тұтқынды бұл рақымшылық қамтымай қалды. Кешірімнің келесі тармағы жазасының бес жылын өтегенді босатуға арналғанмен, саяси айып арқалағанға ол жеңілдік жүрмеді. Күткен үміті ақталмаған тұтқындар арасында наразылық толқуы толастамай, тіпті өршіп кетті. Адам тағдырын тәлкек етуден тамшылап жиналған ащы запыран «СтепЛагтың» Кеңгірдегі бөлімшесінде ақтарылды.

1954 жылы 16 мамырда 60 шақты тұтқын күзетшіге бағынбай, басқа зона аумағына кіріп кетті. Қосымша шақырылған әскери күзет көмегімен оларды ұстап, абақтыға жапты. Бірақ, енді наразылықты тоқтату қиын еді. Ертеңіне лагерь басқармасының бастығы әр зонаның арасына қарулы жасақ орналастыруға бұйрық берді. Бұл жағдайды одан әрі ушықтырды, келесі күні көтеріліс қарулы қарсылыққа ұласты.

Штаб құрылып, оны Қызыл Армияның бұрынғы офицері К.Кузнецов басқарды. Жалпы жиналыста Ішкі істер министрлігі мен лагерьлер Бас басқармасына арнайы хат жазып, арнайы комиссияның лагерьдегі заңсыздықты тексеруін талап етті. Көп кешікпей КСРО Ішкі істер министрінің орынбасары генерал-майор С.Егоров, лагерьлер Бас басқармасының бастығы генерал-лейтенант И.Долгих, КСРО Бас прокуратурасынан жауапты қызметкер Н.Вавилов келді.

Көтерілісшілер мен ресми басшылық арасындағы кикілжің 40 күнге созылды. Мемлекеттік қауіпсіздік министрі Серов, Ішкі істер министрі Круглов, КСРО Бас прокуроры Руденко, КОКП Орталық Комитеті Төралқасының мүшесі Фурцева келіп кетті. Соңғы күні үш қақпа мен 8 қосалқы жол арқылы 1600 адамдық әскери күзеттің екі дивизионы, ішкі күзеттің бір дивизионы, арнайы үйретілген 98 ит ұстаған топ, үш өрт сөндіру машинасы көтерілісшілер бекінісіне басып кірді.

Бес «Т-34» танкісі баррикаданы талқандап, оларға жол ашты. Қарулы қақтығыста қарсылық көрсеткенге офицер мен бөлімше командирі қару қолданды. Куәлардың айтуынша, өлген адам саны бірнеше жүзге жеткен. Ал, ресми дерекке сүйенсек, 46 адам өлген, 5 адам сотталғандар соққысынан көз жұмған, 61 адам жарақат алған, әскериден 40 адам жараланған.

ТҮЙІН

Лагерьлер жүйесіндегі аса ауқымды, әрі ұзаққа созылған «тұтқындар көтерілісіне» қатысқан 5200 тұтқынның тағдыры тығырыққа тірелді. Штабтың 6 мүшесі ату жазасына кесілді. Кнопмус пен Келлер бірден атылды. Қалғанының жазасы 1955 жылы 25 жыл бас бостандығынан айыруға ауыстырылды. «КарЛагта» жазасын өтеген К.Кузнецов 1960 жылы мерзімінен бұрын босады. Белсенділік байқатқан 400 тұтқын түрмеге тоғытылды, қатты қолдаған 1 мыңы Магаданға, «Озерлагқа» жер аударылды. Көпшілігінің ісі қайта қаралып, «СтепЛаг» бойынша 8 мың адам ақталды.

Дүниені дүр сілкіндірген «Кеңгір көтерілісі» тұнып тұрған қарасудай «ГУЛАГ жүйесін» бір мезетте дауылда буырқанған асау толқынды теңізге айналдырды, оның күйреуінің басы болды. Келесі жылдан бастап бірте-бірте «Теректі», «Жезді», «Байқоңыр», «Спасск», «Кеңгір» жабылды. Ал, «СтепЛагтың» соңғы сағаты 1957 жылы соқты. ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 

Әлібек ӘБДІРАШ