Бас тақырып

Жол қозғалысы ережелеріне маңызды өзгерістер енгізілді

Елімізде жол қозғалысы ережелеріне бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енді. Жаңашылдықтар жүргізушілердің жауапкершілігін арттырып, жол қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған. Енді арнайы сигнал қосылған көліктерге жол беру тәртібі кеңейіп, бейнебақылау камералары туралы ескерту белгілерін орнату міндетті болмайды.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Камералар туралы ескерту белгілері енді міндетті емес

Жаңа өзгерістерге сәйкес, жол бойындағы фото және бейнебақылау камералары орналасқан жерлерде арнайы ескерту белгілерін қою талабы алынып тасталды. Яғни, камера бар екені алдын ала көрсетілмесе де, жол ережесін бұзған жүргізушіге әкімшілік айыппұл салына береді.

Мысалы:

  • белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін;
  • бағдаршамның қызыл түсіне өткені үшін;
  • жолақ талаптарын бұзғаны үшін 5-тен 10 АЕК-ке дейін, яғни шамамен 21 мыңнан 44 мың теңгеге дейін айыппұл қарастырылған.

Бұрын кейбір жүргізушілер камера орналасқан жер туралы белгі болмағанын алға тартып, шағым түсіретін. Енді мұндай уәждер есепке алынбайды. Алайда жүргізушіні полиция қызметкері тоқтатқан жағдайда, құқықбұзушылықтың нақты дәлелін көрсетуін талап етуге құқылы.

Арнайы сигнал қосылған көліктерге жол беру тәртібі кеңейді

Бұған дейін жүргізушілер негізінен жедел жәрдем, өрт сөндіру және полиция көліктеріне жол беруге міндетті болатын. Енді бұл тізімге:

  • газ апаттық қызметінің көліктері;
  • коммуналдық қызметтердің арнайы техникалары;
  • сары немесе қызғылт сары жарық сигналдары қосылған басқа да қызметтік көліктер енгізілді.

Мұндай көліктер басқа жол қозғалысына қауіп төндірмеген жағдайда кейбір жол белгілері мен жолақ сызықтарының талаптарын сақтамай қозғала алады. Сондықтан жүргізушілер олардың жолын кедергісіз босатуы тиіс.

Мемлекеттік кірістер органдарының көліктеріне жаңа өкілеттік берілді

Тағы бір өзгеріске сәйкес, мемлекеттік кірістер органдарының арнайы жарық сигналымен жабдықталған қызметтік көліктері жүргізушілерді тоқтатуға құқылы болады. Олар жүк және жолаушылар тасымалы саласындағы заң талаптарының сақталуын тексеріп, қажетті құжаттарды талап ете алады.

Бұл шара көлеңкелі тасымалмен күресіп, саладағы заңдылықты күшейтуге бағытталған.

Автотұрақ ережелерін бақылау күшейеді

Енді әкімдікке қарасты арнайы көліктер көшеде жүріп-ақ автотұрақ ережелерін бұзған көліктерді автоматты түрде тіркей алады. Мәселен, рұқсат етілмеген жерге қойылған автокөліктер бірден электрондық базаға енгізіледі.

Бұл жаңашылдық:

  • қаладағы кептелісті азайтуға;
  • автотұрақтағы тәртіпті жақсартуға;
  • жол қозғалысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Өзгерістер қашан күшіне енеді?

Жол қозғалысына қатысты негізгі өзгерістер 8 мамырдан бастап күшіне енді. Ал кейбір тармақтар 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button