Дәстүрлі дода дүбірі
Спортсүйер қауым үшін мамыр айының орны бөлек. Дәл осы кезеңде облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің бастамасымен өтетін дәстүрлі жеңіл атлетика эстафетасы өтеді. Жарысқа қатысушылар айлап дайындалып, жеңіс жолында күш-жігерін жұмсайды. Бүгінде бұл эстафета тарихпен сабақтас рухани шараға айналып үлгерді. Биыл жеңіл атлетика эстафетасы 79-шы рет жалауын көтеріп отыр. Әрі биылғы бәсеке Ұлы Жеңістің 81 жылдығына, облыстық «Ortalyq Qazaqstan» және «Индустриальная Караганда» газетінің 95 жылдық мерейтойына арналды.

Эстафетаға екі мыңнан астам қатысушы тіркелді
Аталған эстафетаға қатысушылардың саны жыл санап артып келеді. Биылғы додаға 187 командадан өтініш келіп түскен. Оның 103-і – ерлер, 84-і – әйелдер командасы екен. Ал, жалпы саны екі мыңнан асатын қатысушы тіркелген. Соның 150-ден астамы – дәстүрлі «Достық» жарысына қатысушылар.
Эстафетаның салтанатты ашылу рәсіміне облыстық «Amanat» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков, облыстық мәслихат депутаты Ерден Халилин және жеңіл атлетика ардагері, Қарағанды өңіріндегі әйелдер арасында КСРО-ның алғашқы спорт шебері, ұзындыққа секіруден Қазақстанның үш дүркін рекордсмені Людмила Селиверстова, Қазақстан Журналистер одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жәнібек Садықанов қатысып, ақжарма тілегін арнады.

Сондай-ақ, «Saryarqa Аqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда және «Индустриальная Караганда» газеті редакторының міндетін атқарушы Станислав Песнев те осы қатардан табылды.
– Арқа төрінде ақпарат кеңістігінің шамшырағына айналған, өңір тарихында алтын әріппен жазылған, елге ғана емес, әлемге танылған қос басылым – аймақтың рухани айнасы. Осындай іргелі газеттер игілікті істердің ұйытқысы болып, жұртшылықтың басын жақсылық жолында тоғыстырып келеді. Биыл да сол игі дәстүр жалғасын тауып, 79-шы мәрте ұйымдастырылып отырған жеңіл атлетика эстафетасында бас қосып отырмыз. Жыл өткен сайын қатысушылар қатары артып, эстафетаның мәні мен маңызы арта түсуде. Қарағанды қашан да ізгі бастамалардың ордасы десек, бұл жарыс та – сол жақсылықтың жарқын көрінісі. Спорт – өнер, спорт – бәсеке, спорт – ізгіліктің бастауы. Ендеше, осы аламан арқылы жақсылықтың жаршысы болайық, – деді Бекзат Қомарұлы.
Сонымен қатар, спорт ардагері Людмила Селиверстова да сөз сөйлеп, эстафета қатысушыларына сәттілік тіледі.

– Эстафета – кеңінен танылған, ерекше серпін мен эмоцияға толы спорт түрі. Онымен кез келген адам айналыса алғанымен, мұндай ірі додаға кіл мықтылар ғана жиналады. Мықты спортшылардан құралған командалар бұл жарыстың деңгейін айқындайды. Сондықтан, мұнда келген әрбір команда біз үшін үздік. Осындай спорттық шаралар адамдарды жақындастырып, өзара таныстық пен достықты нығайтады. Бір алаңда бас қосып, ортақ мақсат жолында күш сынасу – үлкен рухани байланысқа бастайды. Сол себепті де мұндай игі бастамалардан шет қалмай, әрдайым қолдау көрсету маңызды. Спорт – түпкі мақсат емес, ол – биік белестерге жетелейтін жолдың бір бөлігі ғана, – деді Людмила Николаевна.
Эстафетаның ресми бөлімі аяқталысымен, қатысушылар бірден жарыс жолына бет алды. Эстафетаның жалпы қашықтығы – 3300 метр. Қашықтық 10 кезеңге бөлініп, барлығы 13 жарыс ұйымдастырылды. Соның алғашқысы – дәстүрлі «Достық» жарысы.
Аталған сайысқа әуесқой спортшылармен қатар, ардагерлер, балалар және мүмкіндігі шектеулі жандар қатысты. Қатысушылар жеңіл жаттығулар арқылы дене қыздырып, старт сызығына тізілді. Содан соң төреші белгі берген сәттен жарысты бастап кетті.

Бірлігі жарасқан «Достық»
Дәстүрлі «Достық» жарысының қашықтығы – 1300 метр. Мұнда уақыт межесі қарастырылмаған. Бұл додада басты нәтиже – жылдамдық емес, қашықтықты толық бағындыру. Соған қарамастан, қатысушылардың жарыс мәнері әртүрлі болды. Кейбірі жарысты баяу бастап, мәреге жақындағанда қарқынын үдетсе, енді бірі керісінше, алғашқы сәттен-ақ бар күшін салып, жылдамдыққа басымдық берді.
66 жастағы ардагер Берікбол Сағындық осы эстафетаға биыл бесінші жыл қатарынан қатысуы екен. Кезінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болған. Бүгінде зейнет жасына жетсе де, спорттан қол үзген емес. Волейбол мен футболды қатар ойнап, үстел теннисіне де уақыт табатын көрінеді. Оған қоса, шахматқа әуестігі және бар. Ал, қар түссе, шаңғысын сайлап, белсенді өмір салтын жалғастырып келеді.

– Мен үнемі жаяу жүруге тырысамын. Қайда барсам да, жаяу барғанды жөн көремін. Бала күнімізден доп теуіп өстік. Қазір де күн сайын жүгіріп, денемді шынықтырып отырамын. Жастарды да спортпен айналысуға шақырамын. Өйткені, тұрақты қозғалыс – денсаулықтың кепілі, – деді ардагер.
«Батыл жүрек» қоғамдық қорынан биыл ата-аналарымен бірге 21 тәрбиеленуші қатысты. Аталған ұйым бұл эстафетадан жыл сайын қалыс қалған емес. Команда құрамында паралимпиадалық спорт түрі, боччамен айналысатын спортшылар да бар.
– Біз командамызбен қандай спорт түрі болсын қалыс қалмауға тырысамыз. Осындай жарыстар балаларымызға ерекше жігер беріп, өз-өзіне деген сенімін арттырады. Біз осындай турнирлер арқылы ортақ жеңіске ұмтылып, бірлікті сезінеміз. Командамыздағы ең кішкентай қатысушының бірі – Жасмин Жаңаева. Оның жасы небәрі тоғызда. Соған қарамастан, ол да қатарынан қалмай, бар ынтасымен қатысып жүр. Біз үшін әр баланың талпынысы мен белсенділігі – үлкен жетістік, – деді қоғамдық қордың негізін қалаушы Гауһар Акижанова.
Жарыс жолында…
«Достық» жарысы мәресіне жеткен соң эстафета жолын тоғыз жылдық мектептердің ұлдар мен қыздар командасы жалғады. Олардың ізін ала 11 жылдық мектеп оқушылары, спорт интернаттарының тәрбиеленушілері және түрлі ұжымдық командалар жарысқа шықты. Эстафетаның алғашқы кезеңі – 600 метр. Әрине, команданы бастап шығу оңай емес. Себебі, дәл осы кезеңде көрсетілген нәтиже бүкіл команданың жалпы көрсеткішіне тікелей әсер етеді. Көп жағдайда алғашқы кезеңдегі қарқын мен уақыт жарыстың әрі қарайғы тағдырын шешіп-ақ жатады.
Ал, соңғы кезең – жарыстың шешуші сәті. Алдыңда – мәре сызығы, артыңда – өкшелей қуған қарсыластар. Дәл осы тұста бірінші болып жету бәрінен де маңызды. Бар жауапкершілік пен үміт соңғы кезеңге шыққан спортшының иығына жүктелетіні анық. Осындай сын сағатта команданың сенімін арқалағанның бірі – 18 жастағы Диляра Ягудинова. Ол Бірінші дивизиондағы колледждер арасындағы жарыста Қарағандыдағы «Bolashaq» жоғары колледжінің қыздар командасының намысын қорғап, эстафетаның соңғы кезеңін жүгіріп өтті. Өзі дене шынықтыру және спорт бөлімінің студенті. Жеңіл атлетикадан да алыс емес екен.
– Эстафета біз күткеннен де жоғары деңгейде өтті. Мен жеңіл атлетикамен жеті жылдан бері айналысамын. Спорттық разрядым да бар. Колледждегі жаттықтырушым тәжірибем мен көрсеткіштерімді ескеріп, мені соңғы кезеңге қойды. Әрине, дәл осы соңғы этап – жарыстың тағдырын шешетін ең жауапты сәт. Сондықтан, мұндай сенімді ақтауға тырыстым. Маған осындай маңызды кезеңде сенім артқан жандарға алғысымды білдіремін.
Биыл біздің қыздар командасы өте мықты жасақталды. Құрамның басым бөлігі – кәсіби спортшылар. Құрбым әрі группаласым Полина Кузнецова да эстафетаға қатысты. Ол – спорттық акробатикадан спорт шебері. Осындай тәжірибелі, жетістігі мол спортшылармен бірге жарыс жолына шыққан біздің команда нәтижесінде үздік атанды, – деді Диляра Ягудинова.
Эстафетаға қатысушылар қатарында жеңіл атлетикадан Азияның әрі төрт дүркін Қазақстан чемпионы Нұржан Сейдрахман да бар. Бүгінде 18 жастағы спортшы Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжінде білім алуда. Ол жарысқа колледждің ерлер құрамасы сапында қатысқан.
– Біздің команда негізінен тәжірибелі, түрлі турнирлерде топ жарып жүрген мықты спортшылардан жасақталған. Биыл эстафетаға алғаш рет қатысып отырмын. Бұған дейін колледж ішінде өткен іріктеу жарысынан сәтті өтіп, осы құрамға ендім. Арнайы дайындыққа көп уақыт бөлінген жоқ. Өйткені, команда мүшелерінің барлығы спорт жолында шыңдалып жүрген студенттер. Жаттықтырушыларымыз бізді кезең-кезеңге бөліп, қысқа жаттығу арқылы жарысқа бейімдеп шығарды. Алдағы уақытта да бұл эстафетаға қатысуды жоспарлап отырмын, – деді спортшы.
Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге салтанатты түрде сый-сияпат табысталды.
2026 жылғы жеңіл атлетикалық эстафетаның жеңімпаздары мен жүлдегерлері
11 жылдық мектептер (ұлдар)
І орын – №45 гимназия
ІІ орын – Шәкәрім атындағы гимназия
ІІІ орын – №3 гимназия
11 жылдық мектептер (қыздар)
І орын – №45 гимназия
ІІ орын – Шәкәрім атындағы гимназия
ІІІ орын – №97 гимназия
9 жылдық мектептер (ұлдар)
І орын – №11 орта мектеп
ІІ орын – №4 мектеп-интернаты
ІІІ орын – №137 орта мектеп
9 жылдық мектептер (қыздар)
І орын – №64 орта мектеп
ІІ орын – №78 орта мектеп
ІІІ орын – №20 орта мектеп
1-дивизион колледждері (ерлер)
І орын – «Bolashaq» Қарағанды
жоғары колледжі
ІІ орын – Т.Бигелдинов атындағы
«Жас ұлан»
республикалық мектебі
ІІІ орын – Қарағанды
жоғары политехникалық колледжі
1-дивизион колледждері (әйелдер)
І орын – «Bolashaq» Қарағанды
жоғары колледжі
ІІ орын – Қазтұтынуодағы
Қарағанды университеті
ІІІ орын – Қарағанды жоғары
гуманитарлық колледжі
2-дивизион колледждері (ерлер)
І орын – Қарағанды агротехникалық колледжі
ІІ орын – Қарағанды машина жасау колледжі
ІІІ орын – Қарағанды цифрлық технологиялар және дизайн колледжі
2-дивизион колледждері (әйелдер)
І орын – Қарағанды цифрлық
технологиялар және дизайн колледжі
ІІ орын – Қарағанды агротехникалық колледжі
Өндірістік ұжымдар (ерлер)
І орын – «ҚазПрофТранс» ЖШС
ІІ орын – «Мэйкер КЛМЗ» ЖШС
ІІІ орын – «Жер қойнауын кешенді
игеру проблемалары
институты» ЖШС
Ұйымдар, спорт клубтары (әйелдер)
І орын – Қарағанды жоғары
гуманитарлық колледжі
ІІ орын – Қарағанды медицина
университеті
Ұйымдар, күштік құрылымдар, спорт клубтары (ерлер)
І орын – «Арлан» ІІМ
ІІ орын – №5451 әскери бөлім (№2)
ІІІ орын – №5451 әскери бөлім
Жоғары оқу орындары (ерлер)
І орын – Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі
ІІ орын – Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті
ІІІ орын – Б.Бейсенов атындағы ҚР Ішкі істер министрлігінің Қарағанды академиясы
Жоғары оқу орындары (әйелдер)
І орын – Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мамандандырылған олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі
ІІ орын – Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті
ІІІ орын – Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»


