Қарағандыда Ауған соғысы ардагерлері арасында волейболдан облыстық турнир өтті
Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде Ауған соғысы ардагерлері мен ардагер спортшылар арасында волейболдан облыстық біріншілік өтті. Турнирдің ашылуына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов пен аталған басқарманың бұқаралық спорт бөлімінің басшысының міндетін атқарушы Ринат Тілеубеков қатысып, қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді.

Айта кетейік, бұл турнир биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Қарағанды облысының Ауғанстандағы соғыс ардагерлері мен мүгедектерінің одағы» қоғамдық бірлестігі бірлесіп қолға алған. Десе де жарысқа алты команда қатысуға өтініш беріпті. Сонымен қатар, дода көркін қыздыру мақсатында Астана қаласынан ауған соғысы ардагерлерінен құралған команда арнайы шақыртылған. Іс-шараның ашылуында Нұрлан Бикенов мұндай игі бастамалардың қоғамдағы бірлік пен өзара құрмет құндылықтарын нығайтудағы маңызына ерекше тоқталды.


– Мереке қарсаңында ауған соғысының ардагерлері осындай тағылымды іс-шара аясында бас қосып отыр. Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз бен қоғамға деген жанашырлықтарыңыз – өскелең ұрпақ үшін өнеге. Мемлекет жүктеген жауапты міндетті абыроймен атқарып, Отан алдындағы борыштарыңызды адал орындадыңыздар. Ел сіздердің ерліктеріңізді ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да. Бүгінде ел қорғаны – жас сарбаздардың еншісінде. Соларға сіздердей қайсар рух, берік мінез дарысын! – деді басқарма басшысы.

Турнир ережесіне сәйкес алты команда айналым жүйесі бойынша өзара кездесіп, ұпай сарапқа салған. Қорытынды кезеңде ең көп ұпай жинаған төрт команда жартылай финалға жолдама алып, финалдық кезеңге шығу мүмкіндігін сарапқа салды. Ал, жарыс нәтижесінде үздік өнер көрсеткен командалар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар мен кубоктар, естелік сыйлықтар табысталды.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz



