Ардагерлер жарыс жолында
Отан қорғаушылар, Ұлы жеңістің 81 жылдығына орай және Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 37 жыл толуына байланысты Ауғанстан соғысы ардагерлері мен спорт ардагерлері арасында волейболдан облыстық біріншілік өтті. Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінде өткен турнирдің ашылуына облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов пен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ринат Тілеубеков қатысып, қатысушыларға ізгі тілегін жеткізді.

Айта кетейік, бұл турнир – биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен «Қарағанды облысының ауғанстан соғысы ардагерлері және мүгедектерінің одағы» бірлесіп қолға алған. Десе де, жарысқа алты команда қатысуға өтініш беріпті. Сонымен қатар, дода көркін қыздыру мақсатында Астана қаласынан Ауғанстан соғысы ардагерлерінен құралған команда арнайы шақыртылған. Іс-шараның ашылуында Нұрлан Бикенов мұндай игі бастамалардың қоғамдағы бірлік пен өзара құрмет құндылықтарын нығайтудағы маңызына ерекше тоқталды.
– Мереке қарсаңында Ауғанстан соғысының ардагерлері осындай тағылымды іс-шара аясында бас қосып отыр. Баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Сіздердің белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз бен қоғамға деген жанашырлықтарыңыз – өскелең ұрпақ үшін өнеге. Мемлекет жүктеген жауапты міндетті абыроймен атқарып, Отан алдындағы борыштарыңызды адал орындадыңыздар. Ел сіздердің ерліктеріңізді ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да. Бүгінде ел қорғау – жас сарбаздардың еншісінде. Сарбаздарға сіздердей қайсар рух, берік мінез дарысын! – деді басқарма басшысы.
Турнир ережесіне сәйкес алты команда айналмалы жүйе бойынша өзара бақ сынасып, ұпай жинады. Жарыстың қорытынды кезеңінде ең жоғары нәтиже көрсеткен төрт команда финалдық кезеңге жолдама алды. Финалда сол төрт ұжым бір-бірімен қайта кездесіп, шешуші ойындар нәтижесінде турнир жеңімпазы анықталды. Айта кетейік, жеңімпаз команда дәстүрлі ардагерлер арасындағы республикалық турнирге жолдама берілді.
«Пришахтинск ардагерлері» командасының сапында 1987-1989 жылдары Ауғанстанда әскери қызметте болған Құрмет Абишев өнер көрсетті. Өзінің қызметі Ауғанстанның Герат провинциясында өтіпті. Сол жерде әртүрлі әскери тапсырмалар мен операцияларға қатысқан. Кейін кеңес әскерлерін Ауғанстаннан шығару басталған кезде өзі де сол құраммен бірге елге қайтыпты.
– Ардагерлер болып үнемі жиналып, волейбол ойнап тұрамыз. Түрлі турнирлерге қатысып, жарыстардан тыс қалмауға тырысамыз. Топтық кезеңде екі қарсыласымызды жеңіп, финалға жолдама алдық. Алайда, финалдық ойын біз үшін оңайға түскен жоқ. Қарсыластарымыз да мықты дайындықпен келген екен. Бірінші партияда сәтсіздікке ұшырадық. Екінші партияда ойынды теңестіріп, тартысты ойын көрсеттік. Дегенмен, соңғы сәттерде қателікке бой алдырып, жеңіліп қалдық. Шын мәнінде, финал нағыз тартысты әрі эмоцияға толы кездесу болды, – деді Құрмет Дүйсенбекұлы.
Елордадан келген «Астана ардагерлері» командасының мүшесі Қайрат Елубаев та 1986-1988 жылдары Ауғанстанда әскери қызмет атқарған.
Бұл турнирге аталған команда жеті ойыншымен қатысқан.
– Турнир біз ойлағаннан да жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Жарыстың өту барысы, командалардың дайындығы мен ойын сапасы – бәрі де бәсекелестіктің жоғары екенін көрсетті. Осы турнирге шақырып, осындай тамаша мүмкіндік жасаған ұйымдастырушыларға өз алғысымызды білдіреміз. Мұндай жарыстар ардагер спортшылардың тәжірибе алмасуына, бір-бірімен еркін араласуына үлкен жол ашады. Әр ойын өз алдына тартысты өтіп, көрермендерге де ерекше әсер сыйлады деп ойлаймыз, – деді Қайрат Меңдібайұлы.
Турнир қорытындысы бойынша Қарағандының «Жеңіс саябағы» ардагерлер командасы чемпион атанды. Одан кейінгі сатыға «Пришахтинск ардагерлері» командасы табан тіресе, үздік үштікті «Астана ардагерлері» түйіндеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



