Жаңалықтар

Ержан НҰРЛЫБАЕВ: “Медицина халыққа жақын болуы тиіс”

Тұңғыш Президент айтқандай, ұлт саулығы ел дамуы мен халықтың әлауқатының көрсеткіші екенін қайталаудан жалықпаймыз. Бүгінгі медицина әлдеқайда ілгерілеген – бірегей оталар жасалуда, сала мамандарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Десек те, кемшіліктің барын жасыра алмаймыз. Жалпы аймақ медицинасының жағдайын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаевтан сұрап білдік.

– Ержан Шәкірұлы, қазір алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету алдыңғы орынға шықты. Мұндай өзгеріске бет бұруға қандай қажеттілік болды?

– Қарағанды облысында демографиялық көрсеткіштерді және өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, амбулаториялықемханалық ұйымдар желісін дамыту мен жаңғыртудың қадамдық іс-шаралар жоспары іске асырылуда. Қазір облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 45 ұйым бар. Осы мекемелерде 2000-ға жуық дәрігер жұмыс істейді. Олар жылына 7 млн. астам адамға көмек береді. Сауатты көрсетілген көмек адам өмірін сақтап қалады.

– Кейінгі уақытта шағын емханалардың көптеп ашылуы осы мақсатты көздей ме?

 – Тұңғыш Президенттің былтырғы сапары кезінде медициналық қызмет тұрғындардың тұрғылықты жерінен қадамдық қолжетімділікте болуын тапсырды. Яғни, халқы тығыз аудандарда медициналық көмектің сапасын арттырып, учаскелік дәрігер жүктемесін азайту. Бұл үшін мемлекеттікжекеше әріптестік мүмкіндіктері белсенді пайдаланылуда. Былтыр облыс орталығында екі емхана ашылды. Биыл амбулаториялықемханалық қызметтің инфрақұрылымын дамыту және жаңғырту бойынша 11 жоба жоспарланған. 2018-2020 жылдары облыс орталығында 7 емхана мен балалар емханасы ашылмақ.

– Ал, ауылдық елді мекендерде осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр ма?

– Былтыр Жаңаарқа ауданында ауылдық дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде және Нұра ауданының Ахметауыл ауылында екі отбасылық дәрігерлік амбулатория құрылысы жалғасуда. Жыл сайынғы дәстүр бойынша шалғай ауылдарға консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету үшін 6 жылжымалы медициналық кешен бригадалары шығады. Олар биыл 124 ауыл мен кенттерде болып, 120 мыңнан астам адам тексереді деп жоспарланған.

– Медициналық мекемелердің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Олардың қажетті құрылғылармен жабдықталуы қандай деңгейде?

 – Емханалық қызметтің инфрақұрылымын кеңейту және жаңғырту үшін біз жұмыс істеп тұрған медициналық ұйымдардың ішкі резервтерін пайдаланамыз. Биылғы жылдың жазында Жезқазған қаласындағы аурухана қалашығын қалпына келтіру аяқталып, оның аумағында заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған диагностикалық орталық ашылды. Шахтинскіде ауруханалық қалашықты жөндеу жұмыстары жалғасуда. Х.Мақажанов атындағы көпбейінді клиникадағы жаңа орталық консультациялықдиагностикалық қызметтер санын 20%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, диспансер аумағында бой көтеретін жаңа операциялық-реанимациялық блок ота санын жылына 700-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

– Медициналық мекемелер салынып, құралдар алынып жатқаны әрине, қуантарлық жаңалық. Ал, оларда жұмыс істейтін маман тапшылығы мәселесін қалай шешесіздер?

 – Қарағанды облысында айтарлықтай болмаса да, маман тапшылығы бар. Былтырғы жылы аймақтың денсаулық сақтау саласына 333 маман тартылды. Биылғы жылдың басындағы мәліметтер бойынша 97 маманға қажеттілік бар. Мамандарды даярлау мақсатында жергілікті бюджеттен 93,7 млн. теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 50-ден астам маман резидентурада білім алуда. Сонымен қатар, қызметтік тұрғын үй беру арқылы маман тапшылығын шешудеміз. Бұл бағытта барлық аудандарда жұмыстар жүргізілуде. Былтыр 60 маман баспанамен қамтылған болатын.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай республикада маусымнан бастап медицина қызметкерлерінің еңбекақысы 30%-ға артады. Біздің медициналық қызметкерлердің еңбекақысы қалай өзгереді?

 – Жыл басында алған білімдерін күнделікті практикада табысты қолданатын учаскелік дәрігерлер мен мейірбикелердің еңбекақысына 20% үстемеақы төлеу басталды. 1 тоқсанның қорытындысы бойынша 183 дәрігерге – 9, 887 млн. теңге және 368 медбикеге – 6, 592 млн. теңге сомаға үстемеақы төленді. Ал, осы жолғы өзгерістер барлық мамандықтағы медицина қызметкерлеріне қатысты. Кімге, қанша қосылатыны туралы нақты айта алмаймыз. Бірақ, бұл шаралардың барлығы бюджеттік сала мамандарының әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған.

– Денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру бойынша біздің облыс оқ бойы озық екенін білеміз. Бүгінгі жетістік қандай?

– Денсаулық сақтауды цифрландыру белсенді жалғасуда. Барлық медициналық ұйымдар өңірлік кешенді медициналық ақпараттық жүйесі базасында бірыңғай ақпараттық алаңда жұмыс істейді. «ДамуМед» мобильді қосымшасын бүгінде 400 мыңға жуық тұрғын пайдаланады. Бұл интернет белсенді халықтың 75%-дан астамын құрайды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау ұйымдарын қағазсыз құжат айналымына көшіру аяқталды. 1,3 млн. астам электронды денсаулық паспорты жасалды. Бұл – жалпы халық санының 95%-ы.

– Сұхбатыңызға рахмет.

 Сұхбаттасқан Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button