Ел таныған Есағаң
«Сарыарқаның Шаншарының Қантай, Тонтайлары болса, ақтоғайдың Ысқақ, Есенбайлары болды! Саптыаяққа ас құйып, сабынан қарауыл қараған кеңестік империя кезінде бізбен бірге жүрді».
Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ.
Ел ішінде Таханның Есенбайы туралы сөз бола қалса: «О! Ол кісі сөздің құнын білетін, жілігін шағып, майын ішкен тапқыр, шешен ғой. Айтпайтын, айтса сөзін далаға жібермейтін, дәл көздеп, дөп тигізетін» – деп оның орынды, ойлы сөздің шебері екендігін алдымен ауызға алады.
Сонан соң: «Бірде қонаққа шақырған үйдің төрінде отырған Есенбай дастархан үстіндегі тұздалған қызанақты алып, аузына апара жатқан кезде жанында отырған «жанашыр» жанның бірі (сірә, кеңшар басшыларының бірі болса керек – авт.) шырылдап: «Еске, ана помидорды бірден тістеп қалып жүрмеңіз. Суы шашырап, үстіңізді былғап жүрер. Алдымен шетінен тістеп, ішіндегі суын сорып алыңыз», – дейді. Тұздалған қызанақ Есенбайдың аузына жеткенше, әлгі «жанашыр» «алдымен шетінен тістеп, ішіндегі суын сорып алыңыз» деген сөзді екі-үш рет айтып үлгерсе керек. Сонда Есенбай: «Бір совхозды «сорып» отырғанда, бір помидорды жей алмайды дедің бе, неменеге шыр-пыр болдың?» деген екен», – деп ел таныған Есенбайдың уытты сөздерінің бірін рахаттана айтып, риза болатынын қайтерсің?
Осыдан кейін Таханның Есенбайы «былай депті» деп басталатын әңгіме жалғасып жүре береді. Ақыр-соңы: «Есағаң бірде курортқа демалуға келіпті. Жіберген бөлмеге кірсе, төсекте дем алып біреу жатыр екен. Есағаң сәлем беріпті. Сонда жатқан адам басын көтерместен, қолын ұсыныпты. Сонда әлгінің кердеңсіген қылығын жақтырмаған Есағаң: «Сәлемді беру – құрмет, алу – парыз», – депті де қойыпты. Сәлден кейін әлгі «мықты»:
«Қайда істейсің?» – деп жөн сұраспақ болады. Есағаң: «Бір совхозда», – деп жауап береді. «Кім болып істейсің?» – дейді әлгі. Есағаң: «Директор болып…», – дейді сыпайы ғана. «Е-е-е, қойшы екенсің ғой», – деп мысқылдайды әлгі. Жөн сұраған адамның мына сөзіне Есағаң қыңқ демейді. Керісінше, өз сауалын қойып: «Өзіңіздің қызметіңіз қандай еді?» – дейді. «Аудандық атқару комитетінің төрағасымын», – дейді анау ыңырана сөйлеп. Сонда Есесін жібермейтін Есағаң әлгіге: «Е, бағанадан бері кісімсіп, жан менсінбей отырғаныңа қарап, төрдегі төбел ме десем, есіктегі екі сағалдың бірі екенсің ғой», – депті. Сөздің мәнін, астарын сезіп, уытынына шыдай алмаған әлгі адам келесі күні Есағаңның жанынан кетіп, басқа бөлмеге ауысыпты.
Иә, ел ішінде Есенбай айтыпты дейтін әңгіме көп. Ал, оның Ұлы Отан соғысы жылдарында нағыз қанды қасап қырғынның ішінде болғанын, жау қолына түсіп, азапты күндерді бастан кешкенін, сонан соң Қызыл Армияға қайта қосылып, жаумен шайқасты жалғастырғанын замандастары, олардың әңгімелерін тыңдаған көп шілік білер, бірақ, атақты 106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясында болғанын, дивизияның Харьков түбінде кескілескен ұрысқа қатысқанын, қызыл әскерлердің ойсырай жеңіліп, аман қалғандары тұтқынға түскенін, оның ішінде Есенбай Таханов та болғанын біле бермеуі мүмкін. Ал, тұтқыннан қашып шығып, Кеңес әскеріне қайта келіп қосылған жауынгер есенбай Таханов НКВД-ның «қырағы көзінен», «отанын сатқандар» деп мылтығын ала жүгірген «шаш ал десе, бас алатын» белсенділерінен қалай аман қалды? Бұл – Есенбай ақсақалдың ішінде кеткен құпия.
Енді әңгімені рет-ретімен баян етейік.
Есенбай Таханов 1920 жылдың 20 наурызында Ақтоғай ауданына қарасты «Шылым» ауылының Қасабай деп аталатын бөлімшесіндегі «Ақ қора» қыс тағында дүниеге келген. 1940 жылы Қарқаралы зоотехникалық-ветеринарлық техникумын ойдағы дай бітіріп, Ақтоғай аудандық жер бөлімінде зоотехник болып еңбек етеді. Бір жылдан кейін Ұлы Отан соғысы басталып, 1942 жылы ақ пан айында әскер қатарына шақырылады да 106-ұлттық атты әскер дивизиясының 45 артдивизиясына қатардағы жауынгер болып тіркеледі.
Тарихи мәліметтерге сүйенсек, 1941 жылдың желтоқсаны мен 1942 жылдың наурызы аралығында Ақмола қаласында 106-шы қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы жасақталады. Аталмыш дивизия құрамында 4091 жауынгер болады, оның 3220-сы – атты әскер жауынгері. Қазір мәлім болып отырғандай, дивизия құрамындағы жауынгерлердің басым бөлігі – қазақтар. Кейінгі іздестірудің нәтижесінде, әзірше 200-ден астам қазақтың есімі белгілі болып отыр.
Ақмолада жасақталған 106-дивизия соғысқа қандай әзірлікпен, қандай соғыс құралдарымен енді? Сөзіміз дәлелді болу үшін «Аса құпия» құжаттардың қатарына жататын қабылдау актісін сөйлетейік: «106 дивизияны қабылдау актісі. Дивизия құрамында 4091 адам; автомат – 0; нагандар – 0; винтовкалар – 102; 50 мм-лік миномет – 43; 82 мм-лік миномет 18; ат – 3180».
Қолда бар мәліметтерді саралағанда мына жағдайды аңғарасыз: Құрамында 4091 адам бар дивизияға бөлінген 102 винтовканың 51-і үш атты әскер полкіне, 13-і артиллерия дивизионына, ал күзет және қызмет көрсету взводына 7-і беріледі. Аттың да жетімсіздігін (40 адамға) аңғару қиын емес. Алайда, күш-қаруы осындай ғана мөлшерде болған 106-атты әскер дивизиясы майдан шебіне аттануға әзірлік жасап жатқан болатын. Өкінішке орай…
Иә, өкінішке орай, Қазақстанның кіндік тұсы Ақмола қаласында құрылып, «106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы» деген атауға ие болған құрам 1942 жылдың 16 наурызында шыққан бұйрықпен таратылады, басқа атты әскер құрамына енгізіледі. Бес күннен кейін, яғни, 21 наурыз күні атауынан айырылған дивизия жауынгерлерін майданға аттандыру туралы Жоғарғы Бас Қолбасшының бұйрығы шығады.
Дивизияны тарату жөніндегі бұйрыққа назар аударсаңыз, бұл шешім басқа атты әскер бөлімшелерінің соғысу қабілетін арттыру, соған байланысты жалпы құрамды әзірлігі күшті жауынгерлермен нығайту мақсатында қабылданған сияқты көрінеді. Алайда, осы бұйрықпен 100-өзбек атты әскер дивизиясының, 106-қазақ атты әскер дивизиясының және 107-қырғыз атты әскер дивизиясының бір мезгілде таратылуының ар жағында Ұлы Отан соғысындағы түркі тектес халықтардың тарихи рөлін көмескілету саясаты болғанын іштей сезесіз.
Сөйтіп, Ақмолада атқа мінген азаматтар бас қосқан 106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы таратылып, генерал А.Носков басқаратын 6-атты әскер корпусының құрамына енгізіледі, өзінің тарихи атауы жойылады.
Кеңес Армиясының алдында Харьковті азат ету операциясы тұр еді. Таратылған 106-қазақ атты әскер дивизиясының құрамындағы 4323 адам 12 эшелонмен ұрыс даласына жөнелтіледі. Міне, осы 4323 адамның арасында 106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясына қарасты 95-жеке атты әскер-ар тиллериялық дивизионының (командирі – Г.А.Заикин) жауынгері, ақтоғайлық азамат Есенбай Таханов та бар еді.
***
Харьков үшін болған шайқас Ұлы Отан соғысындағы стратегиялық жағынан жауапты, аса маңызды ұрыстардың бірі еді. Белгілі тарихшы Е.Спицынның Харьков үшін болған ұрыс туралы айтқан: «…Войска Юго-Западного направления потерпели катастрофическое поражение при попытке освободить Харьков. Крах Харьковской наступательной операции создал благоприятные условия для масштабного наступления немцев на южном фланге советско-германского фронта», – деген пікірі бұл шайқастың қаншалықты маңызды екенін аңғартса керек.
Қан төгілген қырғын соғыстың бірі Красноград қаласы үшін болады.
Харьков қаласындағы қазақ жерлестер ұйымының жетекшісі, 106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясының тарихын зерттеуші қандасымыз М.Қаражанованың «Азаттық» радиосына берген сұхбатынан жан алысып, жан беріскен осы шайқас туралы көптеген мәліметтерді оқып білуге болады. Біз ендігі сөзімізді осы деректер негізінде өрбітеміз.
7-танк бригадасы мен 6-атты әскер корпусы бірлескен күш Красноград қаласын қоршауға алады. Қалада фельдмаршал Паулюстің штабы орналасқан. Демек, қала қызыл әскер қолына көшсе, біздің армияның бел алып кетуіне мүм кіндік тууы сөзсіз.
Шешуші қимыл алда. 6-атты әскер корпусы Ақмолада құрылған 106-атты әскер дивизиясының жауынгерлерімен толықтырылған. 269, 288 және 307-атты әскер полктарын құрайтын жауынгерлердің 90 пайызы – қазақтар. Адам қаны суша аққан кескілескен ұрыс болады. Қаружарақтың жетіспеуі салдарынан атты әскер сарбаздары амалсыз темір танкке қылыш ұстап қарсы шауыпты. Басынан бақайшағына дейін қаруланған фашистердің қарулы күштері санаулы ғана қаруы бар қызыл әскерді шыдатсын ба, күлталқан қылып, ойсырата жеңеді. Адам қаны төгілген алапат сұмдық ұрыс болады. Фашистердің қуатты артиллериялық шабуылы аспан астын аласапыран етеді. Өкінішке орай, 7-танк бригадасы мен 6-атты әскер корпусының Красноград қаласын азат ету үшін болған шайқасы жеңіліспен аяқталады. Бұл – жауынгерлік рухтың болмауынан емес, қажетті соғыс құралының жетіспеуі салдарынан болған жеңіліс еді. «…но в решающий момент наступление захлебнулось. Почему захлебнулось? Потому что, не было вооружения. У танковой бригады кончилось даже горючее. И танкистам самим приходилось выводить боевую машину из строя, проще говоря, – взрывать их», – дейді тағдырлы ұрыстың тарихы жайлы зерттеулер жүргізген М.Қаражанова.
М.Қаражанованың осы сұхбатында қанды қырғын өткен даланың көрінісін беретін мынадай дерек келтіріледі: «…В книге группы авторов «Бои за Харьков» приводится цитата из письма немецкого генерала Клейста, который после поездки по району только что стихших боев написал, что «на поле боя везде, насколько хватало глаз, землю покрывали трупы людей и лошадей, и так плотно, что трудно было найти место для проезда легкового автомобиля». Міне, өмір мен өлім белдескен сұмдықтың сырт көрінісі осындай болыпты. Ал, ел азаттығы үшін кескілескен ұрыстың ішінде жүрген, қыршынынан қиылып жатқан өрімдей жастардың өлімін көрген жауынгерлеріміздің жайы қандай болды екен?
Осы қырғынның ішінде Ақмолада құрылған, кейін таратылған, сонан соң 6-атты әскер корпусына қосылған 106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясының жауынгері, рухты қазақ, ақтоғайлық азамат Есенбай Таханов та болды.
***
Көкейімізде бір сұрақ тұр. «106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясы» деп аталған әскери құрылым неге таратылды? Анығырақ айтсақ, неге тарихи атауы жойылды? Бұл атау неге әскери құжаттардан өшіріліп тасталды? Қа ру-жарақпен толық қамтамасыз етілмеген жауынгерлерді біле тұра қан-жоса қырғынға неге салды? Осы шайқаста 106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясында болған жауынгерлердің көбі қырылды, біразы фашистердің тұтқынына түсті. Азапты күндердің сұмдығын көрген Кеңес жауынгерлерінің бірен-сараны жолын тауып, фашистердің тұтқынынан қашып шығып, өз әскерлеріне қосылады. Қосылғандардың біразы «Отанын сатқандар» деген кесіммен кеңестік түрмеге қамалады, қайсыбірі атылады.
Харьков түбіндегі қан-қасап қырғынға қатысқан жауынгер Есенбай Таханов та жау қолына түседі. «Құпия» деген грифпен берілген СОКП мүшесі Есенбай Тахановтың есеп карточкасының көшірмесінде 1942 жылдың желтоқсаны мен 1943 жылдың қазан айына дейін фашистердің қолында тұтқында болғандығы көрсетілген. Есеп карточкасының көшірмесін Жезқазған облысы, Ақтоғай аудандық партия комитеті 1978 жылдың 29 мамырында берген.
Жауынгер Таханов жау қолынан қалай қашып құтылды? НКВД машинасынан қалай аман-сау қалды? Есағаң бұл жайлы тіс жармай кетті.
***
1943 жылдың күзінде Есенбай Таханов қару алып, майданға қайта кіреді. 76-атқыштар дивизиясының 234-атқыштар полкі құрамында болып, Украинаны жаудан азат ету операцияларына қатысады. Днепр өзенінің бойында ауыр жарақат алып, госпитальге түседі. Емделіп шыққан соң 1944 жылдың қаңтарында минометшілер даярлайтын курстан өтіп, Беларусь майданының 215-атқыштар полкінің құрамында соғысқа қатысады. 1944 жылдың тамызында 3-Прибалтика майданының 55-атқыштар дивизиясы, 228-атқыштар полкінде минометшілер командирі болады. Ал, 1944 жылдың қараша айынан 1945 жылдың қыркүйек айына дейін «Қызыл Ту» орденді Балтық майданында болады. Ұлы Жеңіс хабарын естігеннен кейін де жорықты жолдары жалғасып, елге 1945 жылдың қазан айында бір-ақ оралады.
Украина жері, Ленинград қаласы, Балтық өңірі, Рига қаласы, Курляндия жері – Қызыл Армия жауынгері, ІІ дәрежелі «Даңқ» және І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің, «Ленинградты азат еткені үшін», «За отвагу» жауын герлік медальдарының иегері Есенбай Тахановтың қару асынып, қаптаған жаумен қан төгісіп соғысқан отты жылдарының таң басы қалған өңірлер. Айта кетелік, Есағаңның інісі Шешенбай Таханов та соғысқа қатысып, 1945 жылы елге аман-есен оралады.
Елге оралған Есағаң Қарқаралы, Ақтоғай аудандарында жауапты қызметтерді абыроймен атқарады. Киров және Калинин атындағы ұжымшардың басқарма төрағасы, аудандық мекемеде зоотехник, бас зоотехник, ауылдық кеңестің төрағасы, Шұбартау кеңшарының директоры, Қаратал кеңшарының бас экономисі сияқты қызметтерде білікті маман, шешімді басшы ретінде көріне біледі. Бүкілодақтық халық шаруашылығы көрмесіне қатысып, Қазақ КСР-інің Құрмет грамотасымен марапатталды. 1973 жылы «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген зоотехнигі» атағын иеленді. Ел алғысына бөленіп, ұл-қыз өсіріп, ұрпақ қызығын көрген майдангер аға 1985 жылы дүниеден озды. Биыл ел таныған Есағаңның туғанына 100 жыл толып отыр. Осы мақаланы жазу барысында қажетті деректер мен фотосурет терді қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі боп ұзақ жыл абыройлы еңбек еткен, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, әке мұрасын көзінің қарашығындай сақтап келген Есенбай ақсақалдың үлкен қызы Мағира Таханованың жеке архивінен алдық. Ғаламтор желісіндегі материалдардан да деректер суыртпақтап көрдік.
***
Ел ішінде Есағаң айтты дейтін әңгіме көп. Ал, Ақмола қаласында құрылған 106-қазақ ұлттық атты әскер дивизиясының тағдыры мен Харьков түбіндегі қанды қырғын туралы көп әңгіме Есағаңмен бірге қара жер қойнына кетті.
Ғазиз ЕШТАНАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.