Руханият

Ел бірлігін жырлаған

Бұқар жырау шығармаларының тақырыптық аясы кең. Жақсылық пен жамандық, елдік пен ерлік, ізгілік пен зұлымдық, әділдік пен әдептілік, жастық пен кәрілік, татулық пен араздық, достық пен дұшпандық, адалдық пен арамдық, тектілік пен азғындық, тұтастық пен бірлік сынды жаратылыстың күрделі құбылыстарын қамтиды. Уақыт өткен сайын толғаулары жаңаша түрленіп, тың иірімдері ашылуда. Бұл жазбамызда елдік пен ерлік һәм тұтастық пен бірлік тақырыбындағы шығармаларының өзегіне үңіліп көруді жөн санадық.

«Көмекей әулие» атанған Бұқар жыраудың «Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек» атты жыры көпке мәлім.
«Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бұл үйректей болыңыз,
Судан-суға шүйгумен,
Көлден-көлге қоныңыз.
Байлар ұғлы шоралар
Бас қосыпты десін де,
Маң-маң басып жүріңіз,
Байсалды үйге түсіңіз.
Айнала алмай ат өлсін,
Айыра алмай жат өлсін,
Жат бойынан түңілсін,
Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз!».

Бұл өлеңде жырау бірлік пен ынтымақты үйректен үйрену керектігін тұспалдап алға тартады. Яғни, үйрек құсы мен адамды салыстыра отырып, табиғаттың, жаратылыстың құпиясына бойлайды. Ал, неліктен басқа емес, үйректі таңдады? Көрелік.

Белгілі ғалым Омар Жәлел бір сұхбатында осы туынды жайлы айта келіп, үйректердің ешқашан жалғыз ұшпайтынын, өте ұйымшыл болатынын айтады.

«Үйректер ешқашан жалғыз ұшпайды. Жаралысын тастап кетпейді. Үнемі топпен ұшады. Мекендейтін жері сулы, шөбі шүйгін жерлер болып келеді. Ұрпағын маң-маң баса жүріп, ізіне ертіп, ұйымшылдыққа үйретеді. Сондықтан, жыраудың әр өлеңін түсініп оқыған дұрыс» дейді ғалым.

Бұқар жырау шығармаларының басты ерекшелігін, ішкі ағыс-толқындарын, күйлі-қуатты толғамдарын талғаммен саралаған заңғар жазушы М.Әуезов: «Жырау… заман сыншысы, сөйлесе шешілмеген жұмбақ, түйіні шатасқан сөздерді ғана сөйлейді. Өзі тұрған заманның белгілеріне қарап, келешек заман не айтатынын болжайды. Сөзінің бәрін терең ой, терең мағынамен сөйлейді. Сыртқы түрі құбажондатқан толғау, салыстырған суреттермен ұқсатқан нобай, жағалатқан белгімен келеді… Не айтса да, көптің мұңы мен қамы, көптің жәйі туралы: не көпке арнаған ақыл, өсиет есебінде айтылады», – дейді.

Жыраудың табиғат пен адам өмірін астастыра суреттейтін жырлары баршылық. Мұның бәрі жыраудың кәнігі шеберлігі мен талғампаздығын танытады. Адам мен табиғаттың, адам жанының тіршілікпен астасып жатқан құпияларын зерделеуге, тануға жетелейді.

Бірлік пен ынтымақ бар жерде береке болады. Енді, сол тұрақтылықты сақтайтын «Елім!» деп туған ерлер емес пе? Жыраудың осы бағыттағы мына жырына үңілейік.

«Арту-арту бел келсе,
Атан ерлер бүгіліп.
Алыстан қара, шаң көрсе,
Тұлпар шабар тігіліп.
Ел шетіне жау келсе,
Ерлер шығар түрініп.
Ел ішіне дау келсе,
Шешен сөйлер жүгініп.
Тентекпен ел бүлінсе,
Билер шешер жүгінтіп», – деп елдіктің аса қымбат қазына екенін, елдікті сақтайтын, тыныштықты жақтайтын есіл ерлер екенін алға тартады.

Айналадан анталаған жаудан қорғану үшін бірлік қажет екенін терең түсініп, ата жауға қарсы тізе қоса күресуге шақырады және осы жолда өмірін бәйгеге тіккен ерлерді өзгелерге үлгі ете жырлайды. «Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Қаздауысты Қазыбек, Шақшақұлы Жәнібек, Ормандай көп орта жүз, солардан шыққан төрт тірек» деп мадақтайды. Бұқар жырау жырларын ел басына күн туып, ерлік пен ездіктің, парасаттылық пен азғындық сыналған шақта Абылайдай көреген басшының төңірегіне топтасып, жеңістерге жетіп, ерліктің үлгісін, бірліктің құдіретін танытатын, қазақ өмірін айнытпай суреттеп, соңына мол мұра қалдырады.

«Ай не болар күннен соң?
Күн не болар айдан соң?
Құлпырып тұрған бәйшешек
Қурай болар солған соң.
Хандар киген қамқа тон
Шүберек болар тозған соң.
Еңсесі биік кең сарай
Мортық болар бөлген соң.
Доңғалақ арба жүре алмас,
Қос арысы сынған соң.
Жігіт жақсы бола алмас
Алғаны жаман болған соң», – деп қолда бар алтынды бағалай білуге үндейді.

Ер елді сақтаса, ерді үйдегі есті жары сақтайтынын баса айтады. Байқасақ, ынтымақ, бірлік, елдік, ерлік сынды ұғымдарды бір-бірімен астастыра жырлайды.

«Мұсылманның баласы,
Сірә, бір кеңес құрыңыз.
Бірауызды болыңыз!», – деп сөзге тоқтауға, сөз ұстаған істің жүйесін білетін басшының соңына еруді тұспалдайды.

«Ақшам батпай күн шықпас,
Ажал жетпей жан шықпас.
Ақ таң атпай күн шықпас,
Асыққанмен жаз келмес.
Етекті кессең жең болмас,
Ежелгі жау ел болмас.
Қара қойдың терісін
Сабындап жусаң ағармас.
Жалған көңіл табылмас,
Қараторғай қаз болмас.
Шағала келмей жаз болмас,
Шаңқан болмай боз болмас.
Іштен қыңыр туғанды
Тезге салсаң түзелмес.
Қанша бағып-қақсаң да,
Өзіңнен тумай ұл болмас», – деп қанмен келетін тектіліктің, әкеден балаға мұра болатын асыл қасиеттердің баға жетпес байлық екенін айтады. Асыққан жерде шалалықтың болатынын, ұрпақтың ертеңі үшін оған жасынан оңды тәрбие беру керектігін насихат етеді. Әр істің, әр оқиғаның адамның ішкі жан-дүниесімен, ақыл-ойымен байланысты болатынын аңғаруға үндейді.

Бұқар жырау қазақтың тоғыз ханына кеңесші болған соқталы тұлға. Алайда, Тəуке хан 1718 жылы қайтыс болған соң, Тəукеден соңғы əміршілермен тіл табыса алмағанын тарихтан білеміз. Тіпті, Көмекей әулиенің тұңғыш биографы Мəшһүр Жүсіптің айтуынша, жырау алпыстан асқанша осы жарлы, кембағал халде күн кешіпті.

Кейін, Абылай хан таққа отырысымен, жыраудың алтын басын бағалап, өзіне қайтадан кеңесші етіп, бар әділетсіздікті жояды. Жырау өмірінің соңына дейін ел ертеңі жолында аянбай қызмет етіпті.

Бұқар жыраудың сөзі мен ісі үйлескен ұлы қайраткер, қуатты қалам иесі. Ол қандай қиындық көрсе де, қаншама ханмен сыйыса алмаса да, алған бетінен қайтпай, ақыры дегеніне жетті. Өйткені, ол жеке басынан халықтың қамын биік қойды. Өзі кембағал күн кешсе де, ел бірлігін, тұтастығын, ерлікті, елдікті ойлаудан, насихаттаудан, жырлаудан жалықпады, жаңылмады. Жыраудың өнегелі өмірі мен ғибратты мол мұрасы қазақпен бірге жасай бермек.

Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button