Ел ардақтысы

    Жаңаарқа ауданының абыройы асқақ, беделі биік, ардақты да абзал, парасатты азаматтарының бірі – Қамзе Сәтжанұлы.

Ол 1937 жылы 8 маусымда Жаңаарқа ауданы, Атасу колхозының №5-ауылында (бүгінде Байдалы би ауылы) дүниеге келген.

Қамзеңнің балалық шағы Ұлы Отан соғысы сұрапыл жылдарының, соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру қиыншылықтарының тұсына тап келді.

Әкесі Сәтжан Тоқанұлы Атасуда мойынсерік құрып, оны басқарған. Атасу мойынсерігінің негізінде Атасу колхозын құрып, оның басқармасы болған. Кейін бірнеше колхоз біріктіріліп, «Дружба» атты қеңшар құрылғанда зейнеткерлікке шыққанға дейін бөлімше басқарған еті тірі, еңбекқор, адамгершілік, имандылық пейілімен жұртын іске жұмылдыра білген, жақсы қасиеттері есімін елге танытып, «Тоқанның Сәтжаны» атанған кемеңгер еді.

Қамзекеңнің әкесі 1941 жылы соғысқа аттанып, 1945 жылы елге аман-есен оралды.

Соғыс кезіндегі әкеден тірі айырылған балалары мен күйеуінен тірідей көз жазған әйелдердің, ажал аузына аттанған баласын ойлап, қайғы жұтқан қарттардың, «қара қағаз» босағасын қаңыратқан азалы шаңырақтардың қандай күйде болғаны айтпаса да түсінікті.

Шешесі Үмітжан Рахымберліқызы колхоздың жұмысына жегіліп, іңірде әрең оралатын. Екі көзі төрт болып, телміре күтіп отырған балаларына бар мейірімін төгетін.

Ашқұрсақ күндер мен айлар, жылдарды сәби шағынан басынан өткерген Қамзекең әкесі соғыстан аман келіп, құшағына алып, айналып-толғанған кездегі жүрекжарды қуанышты сәтті ұмытқан жоқ.

Орта мектепті 1955 жылы бітірген соң, Саран қаласындағы техникалық училищеге түсіп, механизатор-механик мамандығын алды. 1957 жылы Жаңаарқа ауданының Карл Маркс колхозында барлық науқандық жұмыстарға, қоғамдық іс-шараларға уақытпен санаспай, білек түріп белсене араласқан талапты жас өзінің еңбекке ынтасымен, тындырымдылығымен, көркем мінезімен, ұйымдастырушылық қабілетімен колхоз басшылығы мен жұрттың ыстық ықыласына бөленді, еңбектен алған қадірі бедел баспалдағының биік сатысына жетелеп, 1962 жылы «Жеңіс» кеңшарының кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметіне тағайындалды. 1963-1965 жылдары «Дружба» кеңшарының кәсіподақ ұйымының төрағасы, партия ұйымының хатшысы қызметтерін абыройлы атқарды.

1965 жылы Жаңаарқа аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалып, табан аудармай 20 жыл, 1985 жылға дейін осы қызметте болды.

1973 жылы Алматы халық шаруашылығы институтының экономика факультетін сырттай оқып бітірді.

Бұл қызметте Қамзекеңе тікелей құрылыс, энергетика, байланыс, коммуналдық мекеме, жол құрылысы, автотранспорт сияқты халыққа қызмет ететін мекемелерді басқару жүктелді.

Аудандағы ең күрделі де басты мәселе – халықты жарықпен қамтамасыз ету болатын. Ол кезде бір ғана аудан орталығы Атасу кентінде 25 мыңға тарта тұрғын болатын, оған ауданға қарайтын 18 кеңшарды қосыңыз. Айтуға ғана оңай. Жарықтың 1 минут өшіп қалуының өзі аудан экономикасына орасан зор шығын әкелетінін ескерсек, оның жауапкершілігінің қандай екеніне көз жеткіземіз.

Энергетика саласының үзіліссіз жұмыс істеуі үшін көп жұмыс жасауына тура келді, ізденбесе, шаруаның көзін тауып, алаңдамайтын жағдайға жетпейінше арқаны кеңге салуға болмайды. Бұл саладағы шешімін таппай тұрған мәселелер бастан асатын. Осы көкейтесті мәселелерді шешу үшін Қамзекең Қарағанды облысы атқару комитетнің төрағасы Байкен Әшімовке және оның орынбасары, Социалистік Еңбек Ері В.Язевке шығып, олардың қолдауымен бірнеше рет республика министрлігінің есігін қақты. Шаруасы сәтті аяқталып, Республика энергетика-электрофикация министрі Батуров, Республикалық жоспарлау комитеті төрағасының бірінші орынбасары Ілияс Омаров көп көмек жасады. 1968 жылы Атасу кенті мен ауданға қарайтын барлық 18 кеңшар толығымен мемлекет тарапындағы жарық жүйесіне қосылды. «Қалауын тапса, қар жанады» деген осы. Жол құрылысы қарқын алды, аудандық ДЭУ аудан орталығынан барлық кеңшарларға жоғары сапалы тас жолдар тартып, жөндеу жұмыстарын уақытында тындырып отырды.

1970-1980 жылдары аудан көлемінде алып құрылыстар салына бастады.

1979 жылы «Правда» газетінде «Иртыш-Караганда – всенародная стройка» деген мақала шықты. Канал арқылы Ертіс суын Қарағанды мен Жәйрем экономикалық аймағына жеткізу үшін канал қазу, су құбырын тарту жұмыстары қарқынды жүргізілді. Қарағанды облыстық партия Комитетінің екінші хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев канал құрылысына тікелей бақылау жасайтын.

1979 жылдың қыркүйек айында канал құрылысының бастығы Л.Полежаев Қамзекеңе: «Ертең ауданымызға тікұшақпен Нұрсұлтан Назарбаев, қасында «Правда» газетінің редакторы, Қарағанды қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Гаркуша келеді, олармен бірге мен де барамын», – деп телефон соқты. Ертеңіне қонақтар ұшып келді. Қонақтарды сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұхамбетқасым Шакенов пен Қамзекең бар, ауданның бірнеше бетке ұстар азаматтары құрметпен қарсы алды. Қонақтар канал құрылысын аралап көріп, ризашылықтарын білдірді. Құрметті меймандарға қазақы салтпен дастарқан жайылды. Нұрсұлтан Әбішұлы «Правда» газетінің редакторын ауданның тарихымен таныстырды. Жаңаарқа – Сәкен Сейфуллиннің туған өңірі екенін, бұл топырақтан ғұлама ғалымдар, әйгілі әдебиет-мәдениет майталмандары көптеп шыққанын айтты. Ел Нұрсұлтан Әбішұлының алғырлығы мен қайраткерлігіне, айбаткерлігіне, ел мен жерге деген сүйіспеншілігіне тәнті болған еді.

Қамзекеңнің басшылығымен аудан көлемінде көптеген тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар, мәдениет үйі, аудан орталығында үш қабатты аурухана, монша, 2 қабатты тұрмыстық комбинат, 2 қабатты байланыс-пошта ғимараты, спорт кешені, стадион салынып, жылу, су құбырлары тартылды. Аталған құрылыстардың барлығы жоспарланған мезгілінен бұрын пайдалануға берілді.

Аудан орталығы Атасуда Қытайға мұнай айдайтын алып мұнай станциясы салынып, жүздеген шақырым мұнай құбырлары желісі тартылды.

1970 жылдарда ауданда сапалы телехабар көру халықтың арманы болатын. Осы мәселенің түбегейлі шешілуі үшін Қамзекеңнің жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Қамзекеңе Республика Байланыс Министрі Елибаев көп көмек көрсетті. Аудан көлемінде бірнеше телемұнаралар салынып, тележелілер іске қосылды. Көгілдір экраннан сапалы хабар көрген бүкіл аудан халқының қуанышында шек болған жоқ.

Қамзекең аудандық атқару комитеті төрағасы қызметін атқарған жылдары ауданның бірінші басшылары болып қызмет атқарған Д.Чернов, Камали Дүйсенбеков, Жаманқұл Шайдаров, И.Колбасин, А.Свистунов, Мұқан Медеубаев, Мұхамбетқасым Шакенов, Н.Станин, В.Кареновпен үлкен түсіністікпен сыйласып, бір-бірімен, қоян-қолтық еңбек етті, аудан экономикасы мен мәдениетінің, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының жақсаруына, ауыл өмірінің гүлденуіне зор үлес қосты.

1980 жылдары ауданның орман шаруашылығы кетеуінің кете бастауы аудан басшыларын қатты алаңдатты. Орман шаруашылығын қалпына келтіріп қана қоймай, оны өркендетіп, аудан экономикасының толығуына үлес қосатын дәрежеге жеткізе алатын тәжірибелі әрі сенімді кандидатура керек болды. Таңдау Қамзе Сатжанұлына түсті. Қамзекең ауданның бірінші басшысының өзіне жасаған өтінішін аяқасты ете алмады, сеніміне ризалық білдіріп, келісімін берді.

Қамзекең 1985 жылы Жаңаарқа орман шаруашылығының директоры қызметіне тағайындалды. Орман шаруашылығына Қамзекең басшылық жасаған уақыт ішінде тиісті талаптардың барлығы сапалы орындалды.

Қараағаш орман шаруашылығының көлемін ұлғайту үшін Павлодар облысындағы Чалдай орман шаруашылығынан қарағай көшеттері әкелініп, отырғызылды. Атасу кентінде орманшылар үшін 5 үй, Қараағаш орман шаруашылығында 3 үй салынып, пайдалануға берілді.

Осындай үлгілі еңбектерінің арқасында, 1990 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық орманшылардың бірінші съезіне делегат болып қатысты. Қамзекең осы қызметте жүріп 1997 жылы құрметті зейнетке шықты.

Еліне сіңірген еңбегі республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі құрмет грамоталарымен атап өтілді.

«В.Лениннің туғанына – 100 жыл», «Бүкілодақтық жарыстың жеңімпазы», «Еңбек ардагері», «Тыңға – 50 жыл», «Ұлы Жеңіске – 70 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» медальдарын омырауына тақты.

2016 жылы «Бейбітшілік әлемі» халықаралық Қазақ бірлестігінің шешімімен «Ел ардақтысы» медалінің иегері атанды.

Бірнеше мәрте аудандық кеңестің депутаты болып сайланды.

Бірнеше рет аудандық партия комитетінің пленумдарына мүше болып қатысты.

Қамзекең – Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы.

Қамзе Сәтжанұлы қай салада еңбек етсе де, өзінің құдай берген талабы мен талантымен, білімі мен біліктілігімен, ынталы еңбекқорлығымен, ұтымды ұйымдастырушылық қабілетімен, тындырымдылығымен, көркем мінезімен, шынайы мәдениеттілігімен, мейірімді мерейімен, парасаттылығымен халықтың ыстық ықыласы мен зор құрметіне бөленген абыройы асқақ, беделі биік, өрісі өркенді асыл азамат, тұғыры биік тұлға, данагөй абыз ақсақал. Оның есімі, тек, Жаңаарқа өңіріне ғана емес, бүкіл республика көлеміне белгілі. Бір ғана көненің көзі, тарихтың баға жетпес құнды жәдігері – Абылай ханның қамқа тонын көзінің қарашығындай сақтап, Қазақстан Республикасы Президентінің мәдени орталығына тапсыруының өзі неге тұрады?!

Өткен-кеткен тарихи оқиғалар мен аңыздар, ел зиялыларының өмірі, өлке тарихы туралы әңгімелерді шешен тілмен әңгімелегенде құлақтың құрышын қандырады.

Қамзекеңнің қандай да болмасын қоғамдық-мәдени іс-шаралардың ұйытқысы болып, білек сыбана белсенділік танытатын әдеті жасы сексенге келсе де әлі қалған жоқ. Ол – қазіргі таңда Жаңаарқа ауданының қоғамдық кеңесінің төрағасы.

Қамзекең мен Света жеңгеміз 1957 жылы бас қосып, алты бала тәрбиелеп өсірді.

Қалкен СМАЙЫЛ.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.