Екпе алмағандар ауырып жатыр
Жыл басынан бері қызылшаның зертханалық тұрғыда расталған 811 жағдайы тіркелді. Бұл туралы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мамандары мәлімдейді. Қызылша облыстың барлық өңірлерінде тіркелуде.
Мамандардың айтуынша, қызылша қаупі бірінші кезекте балаларға төнеді. Ауырғандардың жартысынан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар. Оның ішінде, 1-5 жас аралығындағы балалар екенін ерекше айту керек. Ауру жұқтырғандардың көбісі – екпе алмағандар.
– Қызылша күн сайын тіркеліп жатыр десек те болады. Көбінесе екпе алмаған балалар ауырып жатыр. Оқушылар мен балабақшаға баратын балалар арасында көп тіркелуде. Қызылшаға қарсы комбинирленген вакцина қолданылады. Ол қызылшадан басқа, қызамық және паротитке қарсы егіледі. Оны Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған. Вакцинация барлық емханаларда күнделікті жүргізілуде. Демалыс күндері де салдыртуға болады. Ата-аналарды балалардың денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, екпеден бас тартпауға шақырамыз, – дейді «Jysan med» емханасының профилактика және әлеуметтік көмек бөлімінің меңгерушісі Насиба Вахабова.
Дерек бойынша облыста қосымша жаппай иммундау шеңберінде бүгінгі күнге дейін 60 мыңнан астам адам қызылшаға қарсы екпе алды. Ел бойынша 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды жоспарлы вакцинациялау, ауырған адаммен байланыста болған екпе алмаған 30 жасқа дейінгі адамдарды, сондай-ақ, мерзімінде екпені өткізіп алған 18 жасқа дейінгі балаларды қосымша вакцинациялау шаралары әлі де жүргізіліп жатыр.
Кешегі күнгі дерекке сүйенсек, облыста 58 адам коронавирус жұқтырған. Қаңтарда – 19 жағдай тіркелсе, осы айда 39 адамның коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Департамент мамандары көпшілік жерде маска тағуға, науқас адаммен байланыстан аулақ болуға, қолды жиі жууға кеңес береді. Қарапайым сақтық шаралары жұқпалы дерттен қорғануға септігін тигізеді.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz