Қарағандыда скрининг 75 жастағы тұрғынның өмірін сақтап қалды
Қарағанды облысының тұрғындары қауіпті ауруларды ерте анықтау үшін скринингтік тексерулерден тұрақты түрде өтуге шақырылуда. Мамандардың айтуынша, дер кезінде жүргізілген диагностика ауру белгілері пайда болмай тұрып патологиялық өзгерістерді анықтап, күрделі емдеудің алдын алуға мүмкіндік береді.

Жақында тоқ ішек қатерлі ісігіне арналған скринингтің арқасында өңірдегі 75 жастағы азаматтың денсаулығындағы қауіпті өзгерістер анықталды. Алғашқы тексеру кезінде жасырын қанға жасалған талдау оң нәтиже көрсетіп, науқас қосымша зерттеуден өтті.
Колоноскопия кезінде дәрігерлер бірнеше полипті анықтады. Олардың бірі ірі көлемді болып, қатерлі ісікке айналу қаупі жоғары болған. Барлық ісіктер аз инвазивті эндоскопиялық әдіспен алынып, науқасқа ашық хирургиялық ота жасау қажет болмаған.
Мамандардың айтуынша, қазіргі медициналық технологиялар обырға дейінгі өзгерістерді ерте кезеңде анықтап, қауіпті аурудың алдын алуға мүмкіндік береді. Жоғары сапалы құралдар ішектегі өте ұсақ өзгерістерді де байқап, дер кезінде ем жүргізуге жағдай жасайды.
Өңірлік онкологиялық орталықтың мәліметінше, мұндай емдік шаралардың саны жылдан жылға артып келеді. Мәселен, 2024 жылы 24 осындай ота жасалса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 42-ге дейін өскен. Ал 2026 жылдың алғашқы төрт айында 35 емшара жүргізілді.
Дәрігерлер тоқ ішек қатерлі ісігінің алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі – скринингтен тұрақты өту екенін еске салады.
Әдемі МАДИЯРҚЫЗЫ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті



