Медицина

Дәрігерлер шалғай ауылдарға барып, тұрғындарды тегін қабылдауда

Қарағанды облысында ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету мақсатында көшпелі дәрігерлік қабылдаулар ұйымдастырылып жатыр. Дәрігерлер заманауи жылжымалы медициналық кешендер арқылы шалғай ауылдарға барып, тұрғындарды қабылдауда. Бұл ауыл халқының аудан немесе облыс орталығына бармай-ақ, қажетті медициналық тексеруден өтіп, мамандардың кеңесін алуына мүмкіндік береді.

Суреттер облыс әкімдігі сайтынан

Мәселен, Саяқ кентінде Балқаш көпсалалы ауруханасының дәрігерлері тұрғындарды қабылдады. Қабылдауға терапевт, педиатр, офтальмолог, хирург және гинеколог қатысты. Тұрғындар жедел талдаулар тапсырып, онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған скринингтерден өтті. Сонымен қатар, диспансерлік есепте тұрған науқастардың емдеу тәсілдері қайта қаралып, қажет болған жағдайда қосымша тексерулерге жолдама берілді.

Ал, Қарқаралы ауданында «Салауатты ауыл жолы» акциясы аясында облыстық клиникалық аурухана мен профессор Х.Ж.Мақажанов атындағы аурухананың мамандары жұмыс істеді. Бір апта ішінде шамамен 1500 адам дәрігерлердің қабылдауынан өткен. Тұрғындарға ультрадыбыстық зерттеу, функционалдық диагностика және түрлі скринингтік тексерулер жүргізілген.

Мұндай көшпелі қабылдаулар ауыл тұрғындары үшін өте тиімді. Әсіресе қарт адамдар мен созылмалы ауруы бар азаматтарға қолайлы жағдай жасалып отыр. Дәрігерлердің айтуынша, бұл шаралар ауруларды ерте анықтап, олардың асқынуының алдын алуға көмектеседі.

Осындай медициналық қабылдаулар алдағы уақытта да жалғасып, мобильді бригадалар облыстың барлық аудандарын аралайды. Қабылдау кестесін тұрғындар аудандық ауруханалардан біле алады.

Жанерке ХАСЕНОВА
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button