1 шілдеден бастап Салық кодексіне терминологиялық өзгерістер енгізіледі
Мемлекет басшысы 2026 жылғы 11 маусымда «Қазақстан Республикасының Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Құжатта бірқатар маңызды өзгерістер көзделген. Атап айтқанда, бір палаталы Парламент – Құрылтайдың қызметіне және Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуына байланысты түзетулер енгізіледі.
Сондай-ақ кодекстің бүкіл мәтіні бойынша «шетелдік» термині «шетел азаматы» терминімен ауыстырылады. Ұлттық валютаның атауы «тенге» атауы «теңге» деп жазылады.
Заң құқықтық терминологияны жетілдіруге бағытталған редакциялық түзетулерді де қамтиды. Мәселен, 23-баптың 3-тармағы бірінші бөлігіндегі «заңнамалық актілер» деген сөздер «заңдар» деген сөзбен алмастырылады.
Бұдан бөлек, референдумдарға қатысты тұжырымдар нақтыланып, «республикалық референдум» ұғымының орнына «жалпыхалықтық референдум» термині қолданылады.
Астана қаласының ерекше мәртебесін ескере отырып, аумақтардың атауларын көрсету тәртібі де белгіленді. Енді олар «астана, облыс, республикалық маңызы бар қала» тәртібімен жазылады.
Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы» Заңның 40-бабына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Салық кодексінен Конституциялық сотқа жүгінгені үшін алынатын мемлекеттік баж алып тасталады.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



