Жаңалықтар

«Қыпшақ қызы Аппақ» – түркі әлемінің тарихи жадын жаңғыртқан опера

Былтырғы желтоқсан айына жоспарланған  премьерасы бірнеше мәрте кейінге шегеріліп, ақыры биылғы мамырда қойылған «Қыпшақ қызы Аппақ» атты туындының «Астана – Опера» театрының сахнасына шыққанына да айға жуық уақыт өтіпті. Көрермен қауым қуанышпен қабылған, тоғыз көріністі екі бөлімнен тұратын шығарманың авторлары Серікжан мен Әліби Әбдінұровтар. Ғабит Мүсіреповтің осы аттас драмасы желісімен әзірленген туындының либреттосын жазған ақын Тілеуғазы Бейсембек.

СУРЕТТЕРДЕ: «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының либреттосын жазған ақын, жерлесіміз Тілеуғазы Бейсембек көрермендер арасында

Шығармаға әзірбайжан әдеби тілінің негізін қалаушы, осы халықтың ұлы ақыны Низами Гәнжауи мен тұтқынға түскен қыпшақ аруы Аппақтың Низами Гәнжауи мен тұтқынға түскен қыпшақ аруы Аппақтың арасындағы мөлдір махаббат арқау болған. Ажары атқан таңдай Аппақ есімді бойжеткенді ақынға Дербент шаһарының әміршісі Мұзаффар әл-Мәлік әл-Әділ сыйға тартқан. Көркіне ақылы сай сұлу әйгілі ақынның сүйікті жары һәм музасына айналып, Низамиді әлем әдебиетінің асыл қазынасы қатарына қосылған ғажап шығармалар жазуға, арулардың көркем галереясын жасауға шабыттандырады.

Шығарма көрермен алдына ауқымды лирикалық- драмалық панораманы ұсынады: опера кейіпкерлері қызғаныш, сатқындық, зұлымдық сияқты түрлі сынақтармен бетпе-бет келіп, ауыр сынақтардан өтеді. Оқиғалар драмасы адам баласына тән махаббат, мейірімділік және парасаттылық сезімдерін таразыға тартып, өмірдің мәні туралы терең пәлсапалық ой-толғамдармен ұштасып, жанға тыныс, бойға ләззат сыйлайтын бейбіт тіршілікті аңсатады.

Опера соңында оқиғалар өткен кеңістікте ізгілік, махаббат пен келісім салтанат құрады. Ұлы ақын Низамидің мәрттігі, қыпшақ аруы Аппақтың жан тазалығы және Дербент шаһары әміршісінің даналық шешімі тамырлас көрші халықтар арасындағы мағнасыз қантөгісті тоқтатып, бейбітшілік орнатуға мүмкіндік береді.

Ару Аппақ бейнесі Низами Гәнжауидің тағдыры мен шығармашылық қуатына ғана емес, сонымен бірге Ұлы даланың көркемдігін, тұрғындарының тектілігін, рухани қажыр-қайратын айқындайтын кемелдікке ие, түбі бір түркі әлемінің тарихи жадын оятуға ықпалын тигізеді.

 Жоғарыда айтқанымыздай, құдіретті өнерге құштар адамдар ықылас қоя тамашалаған әлемдік операда Қыпшақ даласының қызы Аппақты еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Бибігүл Жанұзақ, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Назым Сағынтай, актриса Ұлпан Әубәкірова, ақын Низами Гәнжауиді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин және әртістер Талғат Аллабиринов, Рамзат Балакишиев, Саян Исин, қыпшақ ханы Даңғазды «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Расул Жармағамбетов пен Талғат Ғалеев, Дербент әміршісі Мұзаффар әл-Мәлік әл-Әділді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Евгений Чайников пен Саргис Бажбеук-Меликян, Мұзаффардың зайыбы Мехрибанды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова, Гүлжанат Сапақова, Дербент шаһарының әскер басшысы Шарафты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев пен Жанат Шыбықбаев, Бірінші батырды Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев, Талғат Аллабиринов, Екінші батырды Талғат Аллабиринов, Үшінші батырды Ержан Саипов, Төртінші батырды «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Шыңғыс Расылхан, Бірінші сайқымазақты Артур Ғабдиев, Әлихан Зейнолла, Екінші сайқымазақты Талғат Аллабиринов, Бейімбет Таңарықов, Үшінші сайқымазақты «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда мен Сұлтан Бақытжан, Жаушыны Артур Ғабдиев, Әлихан Зейнолла, Сарай әншілерін Павел Ким, Диас Омар сахна төріне шығаруға мүмкіндік алса, жоқтауды орындау Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Татьяна Вицинская, Салтанат Мұратбекова, Гүлжанат Сапақова сынды әртістерге, тар аспабын жеке орындау Садиг Намазовқа жүктеліпті. Қойылымға «Астана – Опера» театрының опера солистері, симфониялық оркестрі, балет әртістері, мимансы(көпшілік сахнаға қатысушы әртістер), хоры мен балалар хоры тартылыпты. Әлемдік опера мәртебесіне ие болған шығарманы сахналауды Ресей, Татарстан, Белоруссия сахналарында талай классикалық туындыларды шығарған Михаил Панджавидзе қолға алған екен. Шебердің аты – шебер, Михаил Александрович бұл жолы да ұлы өнердің құдіретіне тәнті етті театрға құштар жандарды.

– Адамзат баласына үшінші дүниежүзілік соғыстың қауіпі төніп тұрған қазіргі кезде «Қыпшақ қызы Аппақ» операсының көтеріп отырған тақырыбы өзекті. Соғысты соғыспен тоқтату мүмкін емес. Жер бетіне бейбітшілікті тек ізгі ниетпен, махаббатпен орнатуға болады. Аппақ бейнесіне келетін болсақ, ол – жауынгерлік рух, ерлік салтанат құрған дала билеушісінің қызы. Көңілі қаласа, өзгелерге өктемдігін жүргізетін ханша бола алар еді. Әйткенмен, оның әйелге тән табиғаты, мейірімі мен ізгілігі басымдық танытып, жаны қалаған ақынға деген махаббаты мен құрметі салтанат құрады. Жүрегі таза, пейілі кең адамдар ғана жеңіс тұғырына көтеріле алатынының дәлелі – осы опера ,– дейді туындыны еліміздің ең биік сахнасына шығарған Михаил Панджавидзе.  

Премьерадан кейінгі пікір-пайымымызды араға біраз уақыт салып, қойылымның ыстық-суығы басылғаннан кейін, ой толғамынан өткізіп болған соң жарияға шығарып отырмыз. Қойылым режиссері айтқандай, империялық пиғылы асқынған державалардың кеудемсоқ өктемдігі әлемнің бейбітшілігін тас-талқан етуге таяу тұрғанда адамдарды ақыл санасына түсіруге құдіретті өнер ғана қызмет атқаруға қабілетті. Ағайынды композиторлар – Серікжан мен Әліби Әбдінұровтардың, жерлесіміз – ақын, дирижер Тілеуғазы Бейсембектің шығармашылық одағының жемісі «Қыпшақ қызы Аппақ» операсы осының дәлелі.  

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan »

Басқа материалдар

Back to top button