Қарағанды балалар кардиохирургиясында қандай оталар жасалады?
Қарағанды қаласының №2 көпсалалы ауруханасында туа біткен жүрек ақауы бар балаларға жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін балалар кардиохирургиясы бөлімшесі жұмыс істейді. Мұнда заманауи технологиялар мен озық емдеу әдістері қолданылып, түрлі күрделі кардиохирургиялық оталар жасалады.

Бөлімше мамандары жүрекке ашық жасалатын операциялардың кең ауқымын орындайды. Олардың қатарында жүрекшеаралық және қарыншааралық қалқа ақауларын пластикалық түзету, өкпе веналарының аномальды дренажын коррекциялау, сондай-ақ жаңа туған нәрестелердегі туа біткен жүрек ақауларын хирургиялық емдеу бар. Сонымен бірге ашық артериялық өзекті байлау және қолқа коарктациясын түзету секілді күрделі оталар да сәтті жүзеге асырылады.
Балалар кардиохирургиясы бөлімшесінде соңғы 15 жылдан астам уақыт бойы эндоваскулярлық, яғни аз инвазивті емдеу әдістері белсенді дамып келеді. Бұл тәсілдердің басты артықшылығы – кеуде қуысын ашпай-ақ жүрек ақауларын түзетуге мүмкіндік беруінде. Нәтижесінде науқастың оңалу мерзімі қысқарып, операциядан кейінгі асқыну қаупі төмендейді.
Мамандар жүрек ақауларын арнайы окклюдер құрылғыларының көмегімен жабу, сондай-ақ ашық артериялық өзекті заманауи эндоваскулярлық әдістер арқылы емдеу жұмыстарын жүргізеді.
Жоғары білікті дәрігерлер мен заманауи медициналық жабдықтардың арқасында бөлімше кішкентай пациенттерге сапалы әрі уақытылы көмек көрсетіп, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға және денсаулығын қалпына келтіруге мүмкіндік беріп отыр.
Арнұр ҚАУАЗХАНОВ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ ІІ курс студенті



