Қарағандыда салауатты өмір салтын насихаттау және құқықтық мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Заң мен тәртіп» атты жаппай жүгіру ұйымдастырылды. Ауқымды спорттық шараға түрлі жастағы қала тұрғындары қатысып, белсенділік пен ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсетті.

Іс-шараның ашылу салтанатында Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары Ержан Сәкенұлы сөз сөйлеп, марафонның қоғамдағы заңдылық пен тәртіп қағидаттарын дәріптеудегі маңыздылығына тоқталды.

– Бұл марафон қоғамымыздың тұрақтылығы, қауіпсіздігі мен әл-ауқатының негізі саналатын «Заң мен тәртіп» қағидатын қолдау мақсатында өткізіліп отыр. Заңға құрмет пен тәртіпті сақтау әр азаматтың өзінен басталады. Бүгінгі жарысқа әртүрлі жастағы және түрлі салада еңбек ететін тұрғындардың қатысуы ерекше қуантады. Барша қатысушыға зор денсаулық, көтеріңкі көңіл күй, жаңа жетістіктер мен жарқын жеңістер тілеймін, – деді ол.

Кейін сөз алған танымал спортшы әрі қоғам қайраткері Айтым Жакупов қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттың адам өміріндегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар ол көпшілікпен бірге 3 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтіп, шараның көркін қыздырды.

Жүгіру жарысына шамамен 300 адам қатысты. Мәре сызығын кесіп өткен алғашқы 200 қатысушыға естелік медальдар мен арнайы безендірілген спорттық бөтелкелер табысталды. Сондай-ақ шараның демеушісі болған «World Class» фитнес орталығы үздік нәтиже көрсеткен бес қатысушыны арнайы сертификаттармен марапаттады.


Жаппай жүгіру жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қала тұрғындарының үлкен қызығушылығын тудырды. Қатысушылар көтеріңкі көңіл күймен белсенділік танытып, спорттың адамдарды біріктіретін ерекше күш екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Мұндай бастамалар азаматтардың құқықтық санасын арттырып қана қоймай, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастыруға және ортақ құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді.
Арай ЖАМАНҚҰЛ
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті



