Егіз лебіз

     Мирас – «Орталықтың» түлегі. Ендеше, Жадыра – қарашаңырақтың келіні. Екеуін де ормандай оқырманға танытқан – «Орталық».

Перизат поэзияның пернесін басып, зердесін ашқан қос талант – Мирас пен Жадыраның қаламынан туған жырлар қайнардай мөлдір, дала гүліндей үлбір.

Тағдырлары құс қанатындай қатар өрілген ерлі-зайыпты қос таланттың нәзік жырлары елге етене жақын. Екеуінің домбыра ішегіндей егіз ғұмырына ақ жол тіледік.

РЕДАКЦИЯДАН.

Мирас Асан

1987 жылы 13 мамырда Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Бақты ауылында дүниеге келген. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. «Соңғы раушан», «Бекзат» кітаптарының авторы. «Егемен Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі.

***

Төзімің жетсе ол күйді жазба, шыда,

Махаббат – ынтықтық-ау азға, сірә…

Көпірден секірмедік неге сонда?

Өкірген өзендерге – көз жасына.

Сүймеген шақта сүрсең өмір оңай,

Өмірден бөліп алам сені қалай?

Құбыла жақты ұмыттым, Құдай кешер,

Шұғыла шашқан кезде меңің арай!

Сөз артық шын ғашыққа, ән-сыңарға,

Көз артық, шындап шыққан тамшы барда!

Сөз керек, керек мүмкін нан сұрарға,

Жо-жо-жоқ, тым дөрекі – хал сұрарға…

Үндеме, үнсіз ғашық сөзіне ауыс,

Сөзсіз сүй, көзсіз ұнат, өзің алыс.

Сөз артық тыныштық та – тыңшы сынды,

Біз үнсіз тұрған шақтың өзі – дауыс.

Қыз заты көрмеп еді бұлай ұнап,

Сөз артық шын сезімге құдайы һақ.

Өлеңім сөзсіз жазған саған сұмдық,

Әнім де сөзсіз айтқан шынайырақ.

Кентөбеден репортаж

Қазақ момын, біледі дым демесін,

Қазынадан қампайтты күң де месін.

Жанарыңды сатқанмен жарылқар жоқ,

Жанармайын сатсаң да, күн көресің…

Құлқыныңды қайтейін жеңсе қалжа,

Кең дүние дегені – кеңсе, қаржы, ә?

Кегіңді алып беретін үкімет жоқ,

Кеніңді алып, тегін сүт берсе де – олжа.

Мыс кетіп қазақ қалса – сол да қайыр,

Алаш саған аманат – алдағай ұл.

Жолға су сепсе болды, біздер разы,

Кісенін салмаса етті қолға майыр…

Алтын көрсе – періште таяр жолдан,

Күміс көрсе – кәріс те аяр, қамдан.

Қазақ көрсе – мыстан да мүмин болып,

Қазақ көмсе… өлгенше тояр молдам.

Көп еді қазба байлық, пейілім ол шын,

Көмеді, «жазған-ай» деп көндім, өлсін.

Кен кетіп бара жатыр дейді әкем,

Нең кетіп бара жатыр дейді көршім?!

Мең

Кірпігі – гүл, қасы – қыр, жанары – айман,

Көзіме отай басылдың анадайдан!

Сен ертегі шығарсың Күнікейдей,

Құрастырған мына өмір маған ойдан…

Жапандағы жалғыз үй – меңің қара,

Қараша үйден шықты ойнап өмір жаңа.

Қарағанды сенікі, алшы жаным,

Меңің – маған, еншіңе сенің – қала.

Ұшына еккен кім екен сені жардың?

Елең ете қалсаңшы елігі әннің.

Шұңқырына бетіңнің шұғыладан,

Екі мұхит көзіңнен, төгіп алдым…

Мендік жүрек – көк шыққан қияқты өртең,

Махаббат па, қызардың, ұят па, еркем?

Саған жазған өлең де саған ұқсап,

Аспанға ұшып кететін сияқты ертең…

Қарағыма, ей өмір, қайғы ойлатпа,

Қағаз жүрек жаралған жан ғой баққа…

Сүйемін деп сүйгем жоқ сені жаным,

Күйемін деп көбелек бармайды отқа!

***

Бір сезім болады байқалмай жететін,

Бір сезім болады айта алмай өтетін…

Құрлықтар сияқты сілкініп көрмеген,

Мұхиттар сияқты шайқалмай кететін…

Бір сезім болады ренжіме, кек соңы,

Бір сезім болады, бақытты етші оны…

Қоңырау сияқты белгісіз нөмірден,

Саңырау сияқты еститін тек соны…

Бір сезім болады ұнатып көрмейтін,

Бір сезім болады жұбатып келмейтін…

Өлімге ұқсайды күлдіріп алатын,

Өмірге ұқсайды жылатып жерлейтін…

Бір сезім болады таусылып бітетін,

Бір сезім болады жүйкеңді түтетін.

Бір саты сияқты пәтерден шықпайтын,

Бір сәкі сияқты аулада күтетін…

Ей, аты жоқ алыптар!..

«Қазба байлық көп» деп ең,

«Аз ғана айлық» деп келем.

Құрғыр алтын біз түгіл,

Періштеге жетпеген…

Жемқорға да ас батты,

Бармақ мыж-мыж, бас қатты.

«Құдай жоқ» деп келгендер,

«Мұнай жоқ» дей бастапты!..

Бай далада алтын бар,

Бақыр да бар, барып қал.

Ей, аты жоқ алыптар,

Қазақ дейтін халық бар?!

***

Бес күнді сүрмеуге бола ма?

Ешкімді сүймеуге сол дәрмен.

Байлаулы барайын молаға,

Бесікте байланған қолдармен.

Еңбектеп барайын сен жаққа,

Еңбеккүн жазылған дәптермен.

О, өлім, сәлем бер қолы жоққа,

Құр қолмын, түгім жоқ ап келген!

Топырақпен мен шашқан көміңдер,

Табытқа көшейін төсектен.

Басыма тас қойып көріңдер,

Сендерге лақтырған кесектен.

Жоқ қолды несіне сермедім,

Қолбайлау тірлікте арман көп.

Арызды қолыммен бермедім,

Қарызды қолыммен алғам жоқ.

Салсоқты

Қызыл бешпет, қынай бел, құрым етік,

Бұрды ауылға Қара Ертіс бұрым өтіп…

Күміс қамар Ай балқып шықты аспанға,

Қызыл бешпет маңайды іңір етіп…

Күміс сырға күмп етті толқынға аппақ,

Аппақ толқын күңк етті, шолпыңды аптап.

Жүзік те аппақ, жүзген Ай – қамар да аппақ,

Ақ тамақ түн сезімдей сол түнгі аппақ…

Сері түскен ақ боз үй түндік асты,

Қол жалғаған домбыра жырға ұласты.

Төрден шыққан өлеңнің мұңы неге

Алты қырдың астынан гүлді басты?..

Қымыз беті Ай жүзді алақанда,

Өшпеген шақ ошақта әлі от онда…

Сері ерініп басады ондайда әнге

Кітап артқан ұстаздай сары атанға…

Сұлуға да домбыра кезек берді,

Лықсыған ән лекілдеп өзекке енді…

Шолпы естіртпей қалады ойларды ауық,

Перне басы сүйрік сым безектер-ді…

Кемпір-шалдар ойды іштей тынып, ұқты,

Орамалдың ұшына шық ілікті.

Саусақтардың тигенін елге жаймай,

Дәті берік шыныаяқ – сыры мықты…

Қымыз құйды серіге сұлу ептеп,

Қозса дейсің арқа да, жын иектеп…

«Құмарлыққа ғашықтық» жол бермеді,

Басқа түсер боз үйдей қылует жоқ…

Боздың сұлу тізгінін ұстап тұрды,

Бәрі аппақ қой, ендеше ақ ұстат бұлды…

Тізгін, ниет, бәрі аппақ, қаршыға да – ақ,

Сол күн көрген таң алды түс те – ақ, мұңлы…

Кереғар

Заңғар бар биіктен қорқатын,

Мұхит бар тамшыдан орта тым.

Кезең бар қызғалдақ қашпайтын,

Өзен бар шөлдерге бастайтын…

Ешкім кеп қақпайтын қақпа бар,

Ешкім бор жақпайтын тақта бар.

Арамдық ақтайтын шындық бар,

Адалдық таптайтын мақта бар.

Сұлуды көрмейтін көздер бар,

Сұлуды тергейтін сөздер бар.

Жақынды жек көріп өлердей,

Бөтенге «кел» дейтін кездер бар.

Сезімге сенбейтін кездер бар,

Сезімге «сен» дейтін кездер бар.

Қайтармай қалатын жауап бар,

Қайта алмай қалатын кездер – бал.

Үнсіздік шулайтын заман бар,

Бал-шырын – улайтын тағам бар.

Темірді иетін гүлдер бар,

Шөгірді сүйетін табан бар.

Өзендер шөлдейді қаталап,

Жанарлар күледі боталап…

Ішіме сыймайды – сонда өлең

Маңдайға сыймайды – махаббат?!

 

Жадыра Байбұланова

1990 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Жаңатоған ауылында дүниеге келген. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты.

 

***

Айтуға болмайды жанардың астында

Жасырып жүргенді.

Ойы бір достың да, қастың да,

Айтасың кімге енді?

Айтуға болмайды мендегі сезімді,

Тұншығам тек іштей.

Өткенді, көктемді аңсайтын кезімді,

Уақытпен келіспей…

Жария қылмаймын – жүректе бар бір мұң,

Ып-ыстық о, неге?

Мен осы Өлеңмен жазылған тағдырмын,

Оқығың келе ме?

Құлауға қорқамын, басыма қонса да ой,

Үнсіздік – тереңдік.

Айтуға болмайтын сөздерді болса ғой,

Жазуға Өлең қып…

***

Осылай боларын сезгем-ді,

Сезімді шығарған қай олақ?

Түнімен жылаған көздерді,

Таңертең бояп ап,

Жүрудің ауырын мұншама

Білсең ғой… Керегін тағы емдеу!

Жанарға шық тұнып тұрса да,

Жымиып «сәлем!» деу…

Бітпейтін не күй бұл, қоймайтын?

Таяқ жеп жүрсем де тартыстым!

Бақытты рольдерде ойнайтын

Бақытсыз әртіспін.

Жан-жағым қол соққан адамдар –

Біз өмір – ойын деп ұғындық.

Қойылым бітсе егер, тараңдар!

Шымылдық.

***

Көктем, Сіз қойдыңыз мұңайтып,

Көп күткен бейкүнә қызды.

Әркімге жүрсіз бе бір айтып,

Маxаббат дейтін аңызды?

Гүлдерін жиып ап, күнім деп,

Сағыныш атты бақтың,

Қай жылы келгенде күлімдеп,

Мен Сізді қатты ұнаттым.

Жылағым келмейді, сеніңіз,

Онсыз да жүріп пе ем күліп?

Несіне оралам дедіңіз,

Адамды үміттендіріп…

Бұл қыздың баршаға сыры әйгі,

Сіз ғана түк білмедіңіз…

Кейде осы сағынған ұнайды,

Ұнайды күттіргеніңіз.

Тек мендей қалмаңыз сүйіп Сіз,

Сонымен биіксіз!

«Ромео мен Джульетта» қойылымы

Театрға барғанбыз.

Ең бақытты шығармыз деп

барлық осы жаннан біз.

Көз алдыңда кіріп келді,

Бір кездегі арман қыз.

Жиып қойып маңайды,

Көз астымен сен де оған қарайсың,

ол да саған қарайды.

Қасындағы ер жігітін аядым,

Мені қойшы, жарайды.

Менікі – жай бақылап…

Қайран, жүрек!

Қайдағысы еске түсіп жатыр-ақ.

Тағы өтірік құшақтайсың,

Бəрін сезем, ақымақ!

Ең қиыны – жыламау,

Бірін-бірі ұмытпаған екеуге – шыдау əрі

шыдамау!

«Шын сүйгендер қосылмайды» –

Қойылымның түрі анау!

Көз алдымда сурет па?

Әлде мəңгі жазылмайтын сезім деген қу

дерт па?

Екі ғашық сендер болсаң, мен кіммін,

Ей, Ромео-Джульетта?!

***

Қыдырып келеміз –

екеуміз һәм жалғыз…

Айнымас әлемде бөлек әр.

Өмірде белгілі – бақытты жандармыз,

Өлеңде – кереғар.

Мен сенде білмеймін дәл қандай

ой барын,

Себебі жасанды сөзіміз –

Біз күннің айтамыз жылынбай қойғанын,

Суынған өзіміз, өзіміз…

Менің де, сенің де тұрған жоқ қолыңда,

Ей, тағдыр, сен неткен шебер ең!

Біз барған қойылым соншалық көңілді,ә?

Шыға сап жыладым неге мен?

Өзіміз әртіс боп барамыз неге біз?

Рольдермен қайтеді ауыссақ?

…Үнсіздік үшеуміз қыдырып келеміз,

Ал сезім жылайды дауыс сап…

***

Бәрін де айтатұғын сәт берілер…

Әзірге ақтарылғым келмейді ашып.

Алдыма бір адамды ап келіңдер,

Ғұмырға мендей ғашық!

Кім білген бастан қашан бақ кетерін,

Ең ыстық қуаныш та, мұң – алдамшы.

Өмірдің қаншалықты тәтті екенін,

Менен кеп сұраңдаршы…

Керек пе өлімді еске жиі алудың?

Жадымда жауабы да тұрады анық:

Өмірді сүре алу мен сүйе алудың

Арасы – бір-ақ әріп…

***

Сен кеттің. Жаным жалғыз.

Алыспыз сағымнан біз…

Осынша неге ұнады,

Орамал тағынған қыз?

Сол қызды дара көрсең,

Ұстаман, бара бер сен!

Қайтемін, байламына,

Байланып қала берсең?

Аппақ па ол сүттен, мейлі…

Жанарды шық тербейді.

Өлеңнен өзге менің

Қолымнан түк келмейді!

Бар жанға, сірә, мұнша,

Жүрегі шын ауырса,

Мені де қоса ала ма,

Сен үшін дұға қылса?..

Аяқталмаған ертегі

Кетсем ғой жоғалып…

Жазылған адаммын соры анық.

Сенде арман күйремеуші еді ғой, сол үшін,

Мен сені сағынам, балалық!

Несіне бой жеттім?

Жыласам, айтады қой деп кім?

Мен өмір болар деп ойлағам түсіндей,

Тойыма киетін көйлектің…

Өкінем шын, сенші…

Көрінбей біреулер күлсе ерсі,

Биік өкше кигенде өзіме көп үлкен,

Тобығым таярын білсемші…

Өмірім – өліара,

Ертекке көп сенгем, содан, ә…

Мен соңын естімей, ұйықтап қалушы ем –

Екеуі бақытты бола ма?..

***

Есімімді тағы айтшы, тағы да бір!

Жүрек күйіп-өртенсін жарымағыр!

Өзің жаққан үміттей бір күндері,

Үзілуі мүмкін ғой Жадыра-гүл…

Жаным деуге болмасын сен білесің,

Өмір – тыйым салғанның тең күресі.

Жадыра деп шақыр да, жалт қаратып,

Жай ғана… атыңды айтқым келді деші…

Бос үмітке алданам тағы да мен,

Қарсы қойған о баста бәрін Әлем.

Сен атауың керек қой басқа есімді –

Жазылуы керек қой Жадыра-өлең…

Бұл жалғанды қиындау есті деуім,

Кей адамның береді кеш тілеуін.

Кейін, бәлкім, айқайлап шақырасың,

Мен сол кезде мүмкін ғой естімеуім…

***

Жылы жаққа кетпеңдерші, ей құстар!

Мұнда да күн жылынар.

Жат өлкеден бақ іздеген байқұстар

Жүрегінде жүгі бар…

Тым алысқа кетпеңдерші, құстар-ау!

Жақын ба өзі жылы жақ?

Мен сүйетін ғұмыр неге қысқалау,

Күту неге тым ұзақ?..

Қоштасқанда қап кетеді өкініш,

Сүйген ауыр, себебі!

Мені тастап кетпеңдерші, өтініш!

Ол да оралам деп еді…­­

1 thought on “Егіз лебіз

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.