Аймақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық форум өтуде
Қарағандыда Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен «Квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет» тақырыбында облыстық форум өтуде.

Іс-шарада сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік саясатты іске асырудың тиімділігін арттыру көзделген. Квазимемлекеттік сектордағы комплаенс жүйесін жетілдіру және комплаенс-офицерлер мен ұйым басшыларының кәсіби құзыреттерін дамыту да форум барысында айтылуда.

Форумға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, пікір білдірді.
– Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес елдің стратегиялық дамуында басым орын алатынын атап өтті. Квазимемлекеттік сектор – экономиканың маңызды бөлігі. Бұл саладағы ашықтық, адалдық және есептілікті нығайту қоғам сенімін арттырып, инвестициялық ахуалды жақсартып, өңірдің тұрақты дамуына ықпал етеді.Осы ретте антикоррупциялық комплаенс институтының рөлі ерекше.
Комплаенс қызметі – заң талаптарының сақталуын бақылап қана қоймай, ұйымдағы адалдық мәдениетін қалыптастырып, тәуекелдердің алдын алатын және корпоративтік басқару сапасын арттыратын маңызды жүйе. Қарағанды облысында квазимемлекеттік сектордың 200-ден астам субъектісі жұмыс істейді, олардың барлығында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ішкі бақылау бағытындағы тиісті комплаенс қызметтері жұмыс істейді, ал осы жұмысты күшейту мақсатында комплаенс-офицерлердің жеке штаттық бірліктері құрылған. Сыбайлас жемқорлық – тек заң бұзушылық қана емес, ол мемлекетіміздің дамуына, қоғамымыздың бірлігіне, азаматтардың билікке деген сеніміне тікелей қауіп төндіретін құбылыс. Сондықтан да бұл мәселеге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл мемлекеттік аппараттың, азаматтық қоғамның және әрбір азаматтың ортақ міндеті болуы тиіс. Бүгінгі форум тәжірибе алмасуға, өзекті мәселелерді талқылауға және тиімді шешімдер әзірлеуге арналған маңызды алаң болады деп сенемін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Сондай-ақ, жиында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор өкілдері, жоғары оқу орындары, қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ комплаенс саласының сарапшылары пікір білдірді.

Іс-шара офлайн және онлайн форматта ұйымдастырылып, өңірдің қала-аудандарына қашықтан қосылу мүмкіндігі қарастырылған.

Форум барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті дамыту, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері талқылануда.

Форумға қатысушылар сағат 15:00-де облыстық С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры ғимаратында «Атау кере» театрландырылған қойылымын тамашалайды.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz


