Жаңалықтар

Еңбек жолымның елеулі белесі

Экономикалық оңтайландыру іс-шаралары аясында Жезқазған облысы 24 жылдан соң, яғни, 1997 жылы Қарағанды облысына қайта қосылды. Мен Қарағанды облысының әкімі П.НЕФЕДОВТІҢ қабылдауында болғаннан кейін, екі ауданнан (Шет, Ақадыр) қайта құрылған Шет ауданы әкімі қызметіне тағайындалдым.

Ол кезде аймақ бойынша зейнетақы үш айға, балалар жәрдемақысы үш жылға кешіктіріліп төленетін. Осыдан ауданда да әлеуметтік тұрғыдан, әсіресе, тұрғындарды электр қуатымен, ауыз сумен қамтамсыз етуде күрделі қиындықтар орын алатын. Бұл – мәселенің бір жағы болса, екінші жағы аудан орталығы дәрежесінен айырылған Ақадыр кенті, өндірістік дағдарысқа ұшыраған Ақшатау, Жамбыл, Төменгі Қайрақты кен орындары, жекешелендіру қиындықтарын сезіне бастаған ауылдық елді мекендер тұрғындарының наразылық-ереуілдері ауданда онсыз да тұрақсыз моральдық-психологиялық жағдайларды ушықтырғандай болды. Әрине, мұндай жағдай ол кезде еліміздің барлық аймақтарында белең алды ғой.
Ол кезде мәселенің ең күрделісі – біріккен аудан халқының бестен бір бөлігі тұратын Ақшатау, Жамбыл кенттерінде кен орындары дағдарысына байланысты тұрғындарды ауыз сумен, электр қуатымен қамтамасыз ету. Атап айтқанда, бұл кенттердегі өндіріс орындары жұмыс істеп тұрғанда, әрқайсысында 30 шақырымдық су құбырлары (Жәмші, Қызылсу), бұған қоса, Жамбыл кенті үшін Қаражал қаласынан 120 шақырымдық электр желісі пайдаланылған, яғни, өндіріс орындары қызметтерін тоқтатқаннан кейін, бұл нысандарды мақсатына сай пайдалану мүмкін болмай қалды.
Не істеу керек? Көп қиналыстан кейін бұл көкейтесті мәселенің дұрыс шешімін тапқандай болдық. Ақшатау кенті ауыз су мәселесін Ақжал кен орнының шетелдік иегерінің көмегімен кіші су құбырын салу арқылы шештік. Бұл іс-шараның сапалы, уақытында атқарылуына, бұрында «Ақшатаупромстрой» тресін басқарған, кенттегі жағдайларды жақсы білетін, кәсіпкер С.Жолдыбаевтың еңбегі зор болды. Сонымен қатар, Жамбыл кенті бойынша тұрғындарды ауыз сумен қоса, электр қуатымен де қамтамасыз етудегі қиындықтардың күрделілігі ескеріліп, халықпен тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізу, кент тұрғындарын басқа елді мекендерге көшіру тиімді деп есептедік. Осыған орай, арнайы бағдарлама жасап, аудан ішіндегі елді мекендерге көшуге ниетті тұрғындарды тұрғын үймен, отбасының бір мүшесін жұмыс орнымен қамтамасыз етуді, ауданнан тыс жерлерге қоныс аударушыларды отбасы мүліктерін тасымалдау шығындарын өтеуді міндетке алдық.
Бұл шараны атқаруда, арнайы жүк көліктерін бөліп, қаржылай да көмектескен Ақжал кен орнының басшысы М.Баданов негізгі ауыртпалықты көтере білді және бұл істің басы-қасында жүріп, жетекшілік жасаған аудан әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері А.Смағұловтың, С.Садыбековтың еңбектерін де айтпасқа болмайды. Нәтижесінде, жалпы аудан кен орындарындағы әлеуметтік жағдайлар біршама тұрақтанды және бұл өз кезегінде, сол кездегі Үкімет басшысы Н.Балғынбаевтың Қарағанды облысына сапарында, біздің де ауданға келіп, аталған кенттердегі қалыптасқан жағдайлармен жете танысуына да мүмкіндік жасады. Атап айтқанда, Нұрлан Өтепұлы Ақжал кентінде болғанда жергілікті атқарушы органдар тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларға ризашылығын білдіріп, Ақшатау, Жамбыл кен орындары еңбеккерлеріне 1,5 миллиард теңге жалақы қарызын өтеуге алған міндеттемесін жартылай орындап отырған «Ново-Цинк» ЖШС-нің шетелдік иегері Манго Иогенсонға ескерту жасап, оның толық орындалуына ықпал етті.
Сондай-ақ, нарықтың қалауы деп, мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорындарды жедел жекешелендіру салдарынан ауданда ауыз сумен, электр қуатымен тұрғындарды қамтамасыз етуде тұрақсыздықтар жиі орын алды.
Жасыратыны жоқ, ол кезде облыс әкімдігі қандай да болмасын мемлекеттік құрылымдарды қайта құруға үзілді-кесілді қарсы болатын. Дегенмен де, облыс әкіміне аудандағы күрделі қиындықтарды желеу етіп, ауыз сумен айналысатын бір мемлекеттік шаруашылық құрылымын құруға рұқсат алдық. Ақырында, тыңнан, аудандық электр энергиясымен айналысатын «Шет-энерго» ЖШС – сауатты, іскер азамат Қ.Әміровтің, сумен айналысатын, «Шет коммунсервис» мемлекеттік кәсіпорны жергілікті кәсіпкер Ж.Құдайбергеновтің басшылықтарымен құрылды.
«Қазақмыс» корпорациясының Топар кентіндегі жылу электр станциясымен тікелей (делдалсыз) келісім-шарт, сондай-ақ, «Шет коммунсервис» кәсіпорнының материалдық-техникалық базасын тұрақты жаңғыртудың арқасында аудан тұрғындарын электр энергиясымен, ауыз сумен қамтамасыз етуде тиімді басқару жүйесін қалыптастырдық.
Біздің бұл ісіміз кейінде облыс әкімдігінің қолдауымен басқа аудандарда да жүзеге асты.
Қай уақытта болса да, бюджет қаражатын үнемді пайдалану, салық түсімдерін арттыру күн тәртібінен түскен мәселе емес қой. Мысалы, ол кезде заңға қайшы болса да облыс әкімдігінің рұқсатынсыз аудандық бюджетті жалақыдан басқаға пайдалана алмайтын болдық. Мен өз басым бұл жағдайды аудан басшысына сенімсіздік, қиянат деп сезіндім. Себебі, ауданның аса қажетті, әдетте коммуналдық төлемақы сияқты өзекті мәселелерін шешуге бюджет қаржысын пайдалануға рұқсат алу үшін апталап уақыт кететін болды. Осыдан да, бұл жағдайлар төңірегінде облыс басшылығымен жиі келіспеушілік жағдайлар орын алды. Ақырында, облыста бірінші болып, облыстық бюджетке тәуелсіз (субвенциясыз) аудандық бюджет қалыптастыру бағдарламасын жасауға мәжбүр болдық. Яғни, облыс әкімдігінің қолдау, көмектерінің де арқасында бес жылда аудан бойынша жалпы салық түсімі көлемінің, аудандық бюджеттен 1,5 есеге артуын қамтамасыз еттік. Кезіндегі облыс әкімі М.Есенбаевтың тапсырмасына сай, бұл бағыттағы жетістіктерге жетуімізге 1998 жылы ауыл шаруашылығы, тау-кен қазба байлықтары мүмкіндіктерін жария ету мақсатында өткізілген шараның да маңызы зор болды. Мысалы, Ақшатау, Төменгі Қайрақты кен-байыту фабрикаларын, Жамбыл кен орнын, бірнеше ауылдық округтердің егістік жерлерін игеруге инвесторлар табылды.
Сонымен қатар, бұл бағытта аудандық мемлекеттік басқару жүйесі тиімділіктерін арттыра, бюджеттік шығындарды оңтайландыру да қажеттілік болды. Осы тұрғыда халық саны шектеулі Киік, Қарабұлақ, Ақшатау, Төменгі Қайрақты ауылдық округтері, тиісінше, Мойынты, Ақжал, Ақшатау, Жұмыскер кенттік округтеріне біріктірілді. Мақсат – бюджет қаржысын үнемдеумен қоса, кенттік округтердегі техникалық мүмкіндіктерді ауылдық елді мекендерге де бөлісе пайдалану еді.
Бүгінде бұл ауылдық елді мекендер қайта дербестік алған сияқты. Бірақ, кезінде бұл іс-шаралардың қажеттілігі еш күмән келтірмесе керек.
Бұрынғы аудан орталығы Ақадыр кенті тұрғындары тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларын жақсартуға бағытталған 17 тармақтан тұратын арнайы бағдарлама жасалды. Қызметтері халыққа аса қажетті деген аудандық мекемелердің өкілдері (әскери комиссариат, жер қатынастары, халықты әлеуметтік қорғау, салық органы бөлімдері және басқасы) кенттік әкімдік жанынан қызметтер атқаратын болды. Ақадыр – Ақсу-Аюлы тасжолының бұрында бітпей қалған 18 шақырымы күрделі жөндеуден өтті, ауыз су жүйесі қосымша жерасты су көзімен толықтырылды, орталық жылу қазандығы (КЕ-25-14, Қазақстан темір жолы кәсіпорны қарамағында болған, тәулігіне 60 тонна көмір пайдаланады) қызметінің тоқтауына байланысты, кенттегі бюджеттік мекемелерге, көп қабатты тұрғын үйлерге кіші жылу қазандықтары орнатылды. Бұл маңызды шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Н.Нығматулин айтарлықтай қолдау көрсетті, сондай-ақ, іс жүзінде игерілуіне жергілікті кәсіпкер О.Серіковтің еңбегі сіңді.
Аудандық бюджеттің басым бөлігін иеленетін орта білім саласы жағдайы да көптеген іс-шараларды қажет етті. Атап айтқанда, нарыққа өтпелі кезең қиындықтарынан түрлі қолайсыз ғимараттарға оқуға мәжбүр болған біршама ауылдық елді мекен оқушыларын бұрынғы мектеп ғимараттарына қайта қоныстандыру да кезек күттірмейтін мәселе болды. Бұл үшін мектеп ғимараттары жаңа үлгідегі жылу қазандықтарымен, ішкі су құбырларымен, дәретханалармен жабдықталды.
Шалғай елді мекендер мектеп жасындағы балаларды оқумен толықтай қамту мақсатында, аудандық кәсіптік-техникалық мектеп базасы негізінде мектеп-интернат қызметі қалыптастырылды.
Аудандық оқу бөлімі жанынан бухалтерлік-есеп орталығы құрылды, бұл ол кезде жекелеген мектептерде белең алған қаржылық заң бұзушылық фактілеріне тосқауыл қойды. Осындай шараларды сапалы, тиянақты атқаруда аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі З.Сүйіндіков пен аудандық кәсіптік-техникалық мектеп директоры С.Нүсіповтің еңбектері ерекше болды.
Аудан ТМД елдері арасында Дүниежүзілік экологиялық қордың (Вашингтон қаласы) «Қуаң жерлерді игеру» жобасы бойынша грантының жеңімпазы атанып (13,5 млн. АҚШ доллары), 2001-2004 жылдары ауданның 11 елді мекені жайылымдық, шабындық жерлері өнімділігін жақсартуға, мал шаруашылығы өнімдерін сақтап, өңдейтін нысандар қызметтерін жетілдіруге, сондай-ақ, шалғайдағы 12 шаруа қожалығына жел қуатымен электр энергиясын өндіретін қондырғылар орнатуға қол жеткізді. Егін шаруашылығы саласы тиімділігін арттыруда тоғыз жолдың торабы – Жарық кентінде астық қабылдау, өңдеу және жанар-жағар май кәсіпорындары базасында аудандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер бірлестігі құрылды.
Бұл іс-шара, әсіресе, бидай дақылын пұлдап өткізуге, шаруашылық құрылымдарының мемлекеттің арзандатылған жанар-жағармайын тиімді пайдалануына оң әсерін тигізді.
Бұл істе жергілікті кәсіпкер Ғ.Жолшариновтың іскерлік-ұйымдастырушылық қабілетінің ықпалы жоғары болды.
Аудан орталығы Ақсу-Аюлы кентінің заман талабына сай инфрақұрылымдық жағдайларын жетілдіру де қажеттілік болды. Бірінші кезекте, ауыз су құбыры жерасты су көздерімен толықтырылды, бюджеттік мекемелерге, тұрғын үйлерге кіші су құбырларын тартуға мүмкіндіктер жасалды.
Аудан орталығында, кезінде Қарағанды металлургия комбинаты демеушілігімен басталып, құрылысы аяқталмай қалған 2 пәтерлік 10 үйге, иесіз қалған бұрынғы «Орджоникидзе» совхозы әкімшілік ғимаратына, машина-трактор жөндеу шеберханасына Ақшатау-Қызылқой тас жолын күрделі жөндеуге келген Италияның «Тодини» фирмасы екі жақты келісім-шарт негізінде қажетті құрылыс жұмыстарын жүргізіп, екі жыл пайдаланғаннан кейін кері қайтарды, яғни, тұрғын үйлер – еңбек ардагерлері мен бюджеттік мекеме қызметкерлеріне, өндірістік ғимараттар «Шет коммунсервис» кәсіпорнына берілді. Аудан орталығында жол жөндейтін мемлекеттік кәсіпорын (ДЭУ-77) қайта құрылды. Бұл іс-шараларға сол кездегі ҚР Көлік және коммуникация министрі (бұрынғы Жезқазған облысы әкімі) Қ.Нағымановтың қолдау, көмегі айтарлықтай болды. Ақжал кен орны көмегімен аудан орталығы мен шағын ауылды жалғайтын жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір салынды.
Аудандық сот, қаржы, прокуратура, архив, салық мекемелері еңселі ғимараттарға қоныс аударды. Бұрынғы «Орджоникидзе» совхозының ескі машина-тракторлар бөлшектерін сақтау алаңы көп жылғы темір-терсек қалдықтарынан тазартылып, орнына жазғы спорт стадионы салынды.
Жасыратыны жоқ, қай деңгейдегі әкімдер болмасын, ол уақытта тұрғындар тарапынан негізсіз сынға да жиі ұшырайтын, әсіресе, халықпен тікелей байланыстағы ауыл, кент әкімдеріне деген өкпе-наздың жөні бөлек болатын. Жаңадан ауыл, кент әкімдерін тағайындаудың аяғы, көпке дейін тұрғындар арасында дау-дамайға ұласып та жататын. Осыған орай, ол кездегі заңда қарастырылмаса да ауыл, кент әкімдерін тағайындағанда нақты ауылдық немесе кенттік округ зиялы қауымдары ортасына барып, әкімді тағайындау өкіміне қол қою, аудан әкімі орынбасарлары тоқсандық рейтингтерін ауыл, кент әкімдері жасырын дауыс беруі арқылы анықтау, кезекті демалыста болған ауыл, кент әкімдері орындарына басқа теңдес округтер әкімдерін уақытша тағайындау сияқты тың іс-шараларды атқаруымыз жақсы нәтижелер берді. Сондай-ақ, аудандық мәслихат депутаттары арасынан ауыл, кент әкімі қызметтеріне таңдау жасау да тиімділігімен ерекшеленді (аудандық мәслихат детутаттары Ш.Сәденов, Ж.Құсайынов, Б.Мұқашев ауыл, кент әкімдері болды).
Шет ауданына басшылық жасаған кезімде Ж.Құтжанов, Ш.Жұқанов, Қ.Медиев, К.Дүйсенбеков, А.Жакупов, Т.Жексембин, Ж.Темірбеков, Е.Түсіпов, Р.Қасымов, З.Әлікеев, Ө.Жуасбаев, Ш.Әлғожин, И.Омаров, Қ.Сейілбеков, Р.Жотабаева, Е.Бектұрсынов, З.Көкжалов және ауданның басқа да ақсақалдары мен еңбек ардагерлерінің ақыл-кеңес, қамқорлықтарын да ұмыта алмаймын.
Тәубе, Шет ауданында жеті жыл, жеті ай, жеті күн қызмет еткен екенмін. Шет өңірі – еңбек жолымды өркендеткен өңір. Мені әкім де, ғалым да атандырды.

К.САРХАНОВ,
Қазақ АШӨК экономикасы және ААД ғылыми-зерттеу институты, Астана филиалының директоры, Қазақ АШҒ академиясының академигі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button