ЖаңалықтарМәселе

Еңбек адамы, хақың қорғалған ба?

Қарағанды – өндірісті аймақ. Қисынына келгенде өндіріс ошақтары қай жағдайда да «қандыбалақ» деген атқа қалып жатады. Өңір де жазатайым оқиғалар бойынша алғы «шепте». Тек осы жылдың алғашқы алты айында 68 жазатайым оқиға тіркелген. Былтырғы оқыс оқиға саны – 88.

Жазатайым оқиға

Көп жағдайда мұндай жайттар əр адамның өзінің немкеттілігінен де туындап жататыны рас.

Өндірісте бəрі бəз баяғы қалпы. Көш басында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ. Былтырғы жарты жыл да мұнда 12 адам мертіккен болса, биыл – 9 адам. Жабдығы ескіріп, жұмысы ауырлаған алпауыттың ахуалы былайғы елге онсыз да мағлұм. Бұған еңбек тəртібінің бұзылуы сынды жадағай жағдаяттарды қосып қоя лық. Осыдан келіп, өндірістік жұмыстардың жай-күйін қадағалау кемшін екендігі қылаңытады. Шетін жағдайда еңбек дауы бас көтереді. Əр тарап «менікі дұрыс» деген желеумен ерікті-еріксіз сотқа жүгінеді.

Жұмыскерге сотта өз құқығын қорғау бұрынғы кезге қарағанда оңайырақ екендігі баршаға мəлім. Еңбек дауы Əкімшілік рəсімдік-процестік кодекстің қолданысқа енуімен оңтайланды. Оған дейін еңбек қатынастары саласында көптеген кілтипан мен қиындық кесе көлденең тұрғанын айтады сарапшы мамандар.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 159-бабы жекелей еңбек дауын қарастырады. Онда еңбек талаптарына наразы қызметкер кəсіпорындағы келісу комиссиясына жүгіне алады. Егер заңдық негізде келісу алқасы құрылмаған болса, жұмыс беруші алқаның жоқтығы турасында ресми хат ұсынуы тиіс. Əрі қарай қызметкер тікелей сотқа жүгінеді. Сот өз кезегінде жұмыскердің талап арызын қарастыра отырып, жұмыс берушіге ескерту не нұсқама жолдайды. Келісу комиссиясының болмауы сайып келгенде əр жұмыс берушінің беделі мен ұйымына нұқсан келтіреді.

– Əдетте жалақы сомасын, оның ішінде, қауіпті еңбек жағдайлары үшін өтемақыны арттыру, еңбекақыны индекстеу əрі лайықты еңбек жағдайларын жақсарту, тамақпен, маусымдық арнайы киіммен қамтамасыз ету талаптары көтеріледі мұндайда. Бұл сынды сауалдар, жасыратыны жоқ, жиі көтеріліп жатады. Кез келген компанияның мақсаты – əлеуметтік əріптестермен бірлесіп, еңбек қатынастарын реттейтін заңнамалық актілерді қатаң орындауды қамтамасыз ету. Жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасында өзара түсіністік пен диалогқа қол жеткізу. Осы орайда кейде басшылық тарап міндеттеріне салғырттық танытатыны бар. Бастамашыл топтың талаптарын тыңдап, оларға əлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу бойынша ұстанымын жеткізіп, еңбек дауларын шешудің заңнамалық нормалары, қызметті заңнамалық негізде жүргізу қажеттілігі туралы ұғынықты түсіндірмелер жүйелі негізде беріліп тұрса, кім не дей қойсын?! Жалпы, əрбір жеке еңбек дауы аясында жұмыскерлердің құқықтарын сақтауға Кəсіподақтар федерациясы диалог алаңын ұсынып, көмектесуге даяр екендігін білдірсе, оның өзі олжа. Еңбек дауларына қатысты маңызды келіссөздерге кəсіподақтардың қатысуы ереуілдердің ұзақтығын қысқартуға жəне келісімге тез арада қол жеткізуге мүмкіндік береді,– дейді «Өркен-Кентөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұрғылау станогының машинисі Елдос Қайыров.

Сонымен, мана біз айтқан Əкімшілік рəсімдік-процестік кодексі 2021 жылдың 1 шілдесінен қолданысқа енді. Бұдан азын-аулақ жылдар бұрын кез келген жеке тұлға өз мəселесімен мемлекеттік органдарға жүгініп келген болса, құзырлы органдар қызметкердің қатысуынсыз түрлі шешімдер қабылдауға құқылы еді. Енді бұл біржақты үрдіске аталған кодекс рұқсат бере қоймайды. Яғни, кез келген мекеме талап арыз берушінің өзімен тікелей байланыста болуы шарт. Негізгі айырмасы – бұрын тек құжат жүзінде шешім қабылданатын еді. Бүгін жеке тұлғамен хабарласып, егжей-тегжейін анықтау қажет. Еңбек инспекциясы талап арызды қарастыра отырып, үш күн ішінде талап арыз берушімен хабарласып, қабылданар шешімнің алғашқы нұсқасын жолдайды. Одан соң талап арыз берушінің тыңдау хаттамасы толтырылады. Үрдіс мекемеде немесе онлайн түрде жүзеге асырылады. Өз кезегінде өтініш беруші шешіммен келіскен-келіспегендігін үш жұмыс күні ішінде хабарлайды. Егер жұмыскер жаңа дəйек пен дерек ұсынған болса, жағдаят жаңаша қайта қаралады.

Жазатайым оқиға

– Кейінгі алты айда 1929 өтініш қаралған. Барлығында дерлік жұмыс беруші тарапынан еңбек заңнамасының бұзуылу фактілері бар. 383 тексеру амалы жүргізілді. Нəтижесінде 226 құқық бұзушылық анықталған. 48 заңды тұлға айыппұл арқалады. Айыппұл сомасы – 8,6 млн. теңге. Оның жеті миллионы өндірілген, – деп мəлімдеді Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасының мемлекеттік инспекторы Камит Каренов.

Шындығында ше?! Тексеру амалдары еңбек қатынасында көп жағдай екі жүзді қанжар секілді екенін аңғартады. Яғни, заңды бірде басшы бұзса, бірде қосшы да белден баса салады екен. Жұмыс беруші қызметкеріне аз жалақы төлеу арқылы салықтан жалтаратын кездер көп. Жұмысқа жегілген көп жан оны аңғармай жүре беруі де кəдік. Осындай ала-құла тірлік. Түптеп келгенде, еңбек адамының хақысы желінсе, ол келешектегі зейнетақысының төмендігі сынды көңілсіз жайттарға ұрындыруы ықтимал. Десек те, жұмыскер алдымен өзін қорғамай оған ешкім ара түспейтіндігіне көз жеткізгені лəзім. Əрине, кеңсе қызметкері сарғайып сарсаң шағында толтырған құжатты ежіктеп оқып отыру əрқайсымызға болсын бəлендей ғанибет сыйламауы рас нəрсе. «Қорғансыздың күнін» кешпес үшін екі арадағы келісім құжаттарына қол қоярдан бұрын əрбір əрпіне шұқшиып, анықтап алғаннан абзалы жоқ. Бұл – шешуші фактор! Сондықтан, белгіленген алғашқы жұмыс күнінде еңбек келісімшартын қолыңызға алмаған болсаңыз, бірден жергілікті еңбек инспекциясына қоңырау шалуыңызға болады.

P.S. Тегінде, еңбек қатынасы – күнделікті кесе-көлденең тұратын ауқымды мəселенің сорабы. Ауық-ауық айтылып та, жазылып та жатады. Уақасы болмас. Қараша жұрт көзі қанығып, көңіліне тоқысын, толғануға түрткі болар деген игі ниеттен туындап, анықтамалық əдібімен аз ғана тақырыпқа қозғау салған хəл біздікі.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button