Брендке айналған Балқаш мысы

«Балқаш республиканың мақтанышы, бәрі де осында басталған. Алғашқы зауыт, алғашқы жұмысшы тобы, алғашқы қомақты мыс. Мен де сіздер сияқты Балқашты мақтан тұтамын».

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Жасыратыны жоқ, жаздың аптабында берекеміз қашып, мазамыз кететіні бар. Ал, қысы-жазы, күндіз-түні оттың жанында жүріп, мыс балқытқан ерлердің жаны сірі-ау сірә да. Олар – жоғары құрметке лайықты майталмандардың дәл өзі.

Экспортқа шығарылатын катодты әзірлеу – күрделі процесс. Кенді қазып алу, оны ұсату, пеште балқыту, құрамын байыту, қалыпқа құю, электролиздеу және басқасы…

Бұр ретте, алып өндіріс ошағы Балқаш мыс қорыту зауытының күретамыры іспетті балқыту учаскесінің орны ерекше. Учаскедегі негізгі жұмыс екі «Ванюков пешінің» маңайында өрбиді. Мысты сұйық ваннада балқытудың бұл түрі 1985 жылы қолға алынған екен. Өндірісшілер бұған «техникалық төңкеріс» деп баға берген.

Шихта дайындау цехынан сағатына орта есеппен 100 тонна шихта тасымалданады. «Транспортер» арқылы. Пештер кислород қондырғысы арқылы үздіксіз алаулап тұрады. Байытылған өнім шихта, шлак ретінде екіге ажыратылады. Шихта көлемі 6 текшеметр болатын қазандарға (ковш) құйылып, конвертер учаскесіне жіберіледі. Жоғары өнімділік – құнарсыз шикізаттан құрамында мысы мол штейн алу. Учаскедегі қызу еңбектің түпкі межесі – осы.

– Ауысымда отызға жуық мыс балқытушы, қосалқы қызметкерлер жұмыс істейді. Әрқайсының еңбегі зор. Қатарында тәжірибелі металлургтер де, жас мамандар да бар, – дейді Балқаш мыс қорыту зауыты балқыту учаскесі екінші ауысымының шебері Исағалы Сәтбеков. Мысалы, көш басындағы ауысымның бригадирі, технологияны терең меңгерген Бектұрсын Ежебаевтың тәжірибесі көпке үлгі. Штейнді ұршықтай иірген Мұратбек Иісбеков, бункерде шихта қабылдайтын Әділет Лах, миксер арқылы шлактың көлемін азайтатын Сайран Омаров сияқты металлургтер – учаскенің ғана емес, тұтастай өндіріс ошағының мақтаныштары. Бар өмірін металлургияға арнаған әкесінің жолын жалғаған Дәурен Керімжанов, оператор Серік Қайыпбергенов те – өз ісінің шеберлері.

  • Мысты балқыту ісінің қыр-сырын жетік меңгерген адам ғана өмірінің өндіріспен қатар өрілгенін мақтан тұтады. Өкініштісі, кейбір жастар учаскедегі жұмысты ауыр сезініп, басқа салаға ауысып кетіп жатады. Бастысы, техника қауіпсіздігін сақтап, шыдамдылық таныту керек, – дейді ауысымда жетекші қызмет атқаратын Марат Алдамұратов.

Әр өңірдің өз бренді бар делік. Мәселен, Балқаш қаласы туралы сөз қозғасақ, оның алтынға пара-пар мысы, өндіріс ошағы ойға оралады. Әлем мойындаған өнім мысты бұлақтай ағызған металлургтердің маңдай терімен, адал еңбегімен өндіріліп келеді. Сонау 1938 жылдың 24 қарашасынан бері.

Жемісі үзілмесін!

Қуаныш АМАНҚҰЛ.