Жаңалықтар

Бір қадам

      Жұмыстан шаршап келсе де, үйіне кіре алмай есіктің жанында біраз тұрды. Кейінгі кезде бала күннен бергі өмірін көз алдынан бірнеше мәрте өткізетін болып жүр. Өмірі осылай жанталаспен өте ме, әлде Алланың дайындаған сыйы бар ма екен? Күн мен түннің алмасқанына қарамай, жұмыс-жұмыс деп жүргенде, жай адами қуаныштың да не екенін ұмытқалы қашан? Асыр салып ойнағаны, есейе келе, отбасылық өмірдің қызығы туралы тәтті ойға беріліп, қиялына қанат бітіретін кезін елестетті.

     Екі қолын төбесіне қойып, қашып кеткісі де келеді… Өз-өзінен, өмірінен… Бар болғаны бір-ақ қадам… Кері бұрылып, бір қадам аттаса, кім біледі, осының барлығынан құтылар ма еді? Бірақ, болмайды. Үйде көптен бері жүрегі ауыратын жары күтіп отыр. Егер өзі болмаса ол қайтпек. Жұмыстан келе сала үй шаруасына кірісіп, күні бойы дайын тұрған тамақты да алып ішуге шамасы келмейтін жарын тамақтандырады, көңілі бөлінсінші деп, шаршап отырса да, өз-өзін зорлап, қызықты әңгімелер айтуға тырысады. Қанша дегенмен, ер деген аты бар емес пе, бірге жұмыс істейтін әріптестері сияқты үйге қабағын қарс түйіп, ашуланып кіруді аңсайды. Сол кезде жары алдынан шығып, асты-үстіне түсіп жүрсе. Асүйден шыққан тәтті тамақтың иісі мұрынынан қытықтап, баласының «әке» деп етегінен тартып ойнағанын аңсағанда, жүрегінің қарс айырылатынын білсе ғой, әттең… Бірақ, әзірше пешенесіне жазылып тұрғаны – осы. Қолдан келер қайраны – оның өмірін бір күнге болсын ұзарту үшін жанталаса жұмыс жасап, күнделікті дәрісін алып беру ғана. Оның өзі де күннен-күнге қымбаттап, жан алқымнан алып барады. Бірақ, амал қанша… Бұл – жары үшін адам емес, адам келбетіндегі періште. Өйткені, ата-анасынан жастай айырылып, жүрегіне салмақ түскен ол айықпас дертке шалдыққан. Бірге тұрған сегіз жылдың ішінде ыстығын да, суығын да бірге көріп, ол үшін өзінен басқа жанашыр жанның жоғын білгелі бері бұл да өзін ұмытты. Жақсы көреді ме, жоқ әлде, аяныш сезімі ме, екеуінің шекарасын айырудан қалған. Ортақ балалары болмаса да, баласы – жары. Жас баладай мәпелеп-ақ жүрсе де, күн сайын солып бара жатқан түріне қарап, өзінің де жүрегі сыздап ауыратын болып жүр кейінгі кезде…

     Пенде емес пе, бұл да… Өмірдің өзі бір-ақ қадаммен өлшенетінін біледі. Не әрі, не бері… Өз жағдайын күйттесе, кім біледі, бақытын басқадан табар ма еді? Бірақ, адамдықтан аттап кете алмады. Сегіз жыл жанының жартысына айналған жарын жер қойнына беріп келген күні жалғыз отырып, егіліп жылады, ешкімге көрсетпей. Сегіз жыл бойы өзін мықтымын деп келсе де, шынымен, әлсіз екен. Көз жасына ерік беріп, еңкілдеп жылағаны… Сонда білді, өзінің мықтылығы – өзіне артылған сенімде екенін…

    … Орны толмас дүние жоқ. Бұл күні өз періштесін тапқан, Алланың сыйы болар! Шыдамдылық танытып, теріс қадамға бармағанына қуанады әлі күнге дейін.

* * *

     Қарағанды қаласындағы бір балалар үйіндегі қызметкерден естігені бар… Жаңа туған нәрестелерін осы жерге әкеліп тапсыратындардың көпшілігі хиджаб киіп, дін жолында жүрміз деп жүрген жап-жас қазақтың қыздары…

     Өмірге келмей жатып, не әкенің, не шешенің махаббатын көрмей, тастанды атанған баланың жылағаны да өзгеше екен. Жылаған емес, өмірге өкпесін айтып, шағынып жатқандай…

    Қазіргі күні теріс дін жолына түсіп жүргендер арасында «талақ» ету кең етек алып кеткен. Исламда «талақты» жоққа шығармағанымен де, оның белгілі бір шектері бар. Яғни, ері әйеліне үш рет талақ айтып, ажырасуы үшін қазіргі сот жүйесіндегі сияқты уақыт беріліп, осы аралықта ері мен әйеліне татуласу бұйырмаған болса, үш айда үш рет талақ сөзін айтып ажырасуға болады. Бірақ, бүтін дүниені бұзу оңай емес. Әсіресе, ортақ балалары болса. Сол себепті де ислам дінінде осы мәселелердің барлығы қарастырылып, отбасы бүтіндігін сақтап қалуға күш жұмсалады.

     «Талақ» сөзінің қадірі кетті. Бірінші – хиджаб кигендерден бастасақ. Негізі, көпке топырақ шашуға да болмас, хиджаб киді екен, дұрыс жолда жүрмеді деген емес бұл жерде. Хиджаб – ол денені жабатын киім ғана. Ал, оның әр жағы – адамның санасында және дұрыс дін жолындасың ба, теріс қадамға басқаныңда ма, соған байланысты. Біздің айтпағымыз – теріс дін жолында жүргендер. Сырттай қараған адам өздерін діндарлармыз деп жүргендерге қарап, өзінің бетінен «иманы тамады» ма деген ойға қалады. Өздеріндей еместерге жауыққан көзбен қарайтындардың әлемдері де өзгеше. Басқаларын кәпір, өздерін ғана күнәсіз санап жүргендер өзара былыққа батып жүргендерін біле алмай қалады. Өзінен үлкен аға-әпкелерінің кеңесі бойынша өз дініндегілердің біреуіне тұрмысқа шығады-мыс. Ол – ешқай жерде тіркелмеген неке болмаған себепті, жауапкершілік те жоқ. Некеленгендей болған ері әйелі ұнамай жатса, үш рет «талақ» сөзін айтып, ажырасып, не болмаса өзінің жолдасына сыйға беріп кете береді. Талақ алған жары – бос жүрмей екінші біреуге некелесуі керек. Осылайша, жалғасқан тұйық шеңбердің ішінде «айналма қойдың миын жегендей» болған байқұстар кімнен жүкті болып қалғандарын да білмей, өмірге әкелген балаларын өз қолдарымен балалар үйіне тапсыруға мәжбүр. Себебі – дұрыс мамандығы тұрмақ, күнін әзер көріп, өзі сияқтыларға тұрмысқа шығып, күнімізді көреміз бе деп, көрінгеннің қолжаулығына айналған қыздар осындай қадамға еріксіз барады. Тағы да сол бір қадам… Санасын бір сілкіндіріп, өз-өзіне есеп беру арқылы, дұрыс жолға қадам бастар болса, кім біледі, өмірлері өзгерер ме еді… Құрдымға кетірер қадамды таңдаған олар өз-өздерін көпе-көрінеу теріс жолға түсіріп әлек. Бұл – жезөкшеліктің бір түрі… Соған қарай санасыз түрде жасалған қадам!

    Теріс жолға қадам бастап, бір шалынса, өзегін жарып шыққан баласын тастанды атандырып, тағы бір шалыс қадам басты. Бірақ, әуел бастан берекесіз дүниенің оңала қоюы екіталай екенін біле бермейтін болар. Кім білген…

Салтанат ИЛЬЯШЕВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button