ЖаңалықтарБас тақырып

Өңірде шегіртке тектес зиянкестерге қарсы фитосанитариялық іс-шаралар басталды

Қарағанды облысы аумағында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы фитосанитариялық іс-шараларды үйлестіруге арналған көшпелі штаб отырысы өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков пен Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Сакен Қаныбеков қатысып, өңірдің маусымдық жұмыстарға дайындығын пысықтады.

Суреттерді түсірген автор

Кездесу барысында жауапты мекемелердің әзірлігі, арнайы техникалардың дайындығы мен зиянкестерге қарсы күрес шараларының ұйымдастырылу барысы талқыланды. Сондай-ақ, штаб мүшелері алдағы науқанда атқарылатын жұмыстардың сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударды.

Одан бөлек, көшпелі отырысқа Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекция басшысы Жасұлан Ешмуханов, Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Қайрат Мұхамеджанов та осы жерден табылды.

Биылғы маусымда шегіртке тектес зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарына 14 жерүсті бүріккіш техникасы, екі аса жеңіл ұшақ және бір аэрозольді генератор тартылды. Жоспарға сәйкес, жерүсті желдеткіш бүріккіштері арқылы 25 мың, аэрозольді генераторлармен 16,8 мың гектар алқап өңделмек. Ал, аса жеңіл авиацияның көмегімен 38,3 мың гектар аумақта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы, фитосанитариялық іс-шараларды жүзеге асыруға 178 маман мен 114 арнайы техника жұмылдырылған. Зерттеу жұмыстары үшін 130 маман тартылған.

– Негізгі жұмыстар енді басталады. Дегенмен, біз алдын ала келіп, дайындық барысын және техникалардың әзірлігін пысықтап шықтық. Өңір бойынша үйірлі шегірткелерді жою үшін 80 мың гектар аумаққа химиялық өңдеу жүргізу жоспарланып отыр. Осыған байланысты мемлекет тарапынан қажетті қаржы бөлініп, тиісті техника мен мамандар толық жұмылдырылды. Біз бұл бағытта жыл сайын тәжірибе жинақтаған мердігер ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейміз. Соның нәтижесінде осы уақытқа дейін егістік алқаптарына айтарлықтай залал келген жоқ. Мұны штаб жұмысының дер кезінде ұйымдастырылуы мен Үкімет тарапынан қаржының уақытылы бөлінуінің нәтижесі деп есептейміз. Қазіргі таңда бұл мәселе министрліктің тұрақты бақылауында, – деді Сәкен Әсембекұлы.

Жиын барысында зиянды және аса қауіпті организмдер мен карантиндік нысандарға қарсы жүргізілетін мониторинг жұмыстарының барысы мен олардың таралу аймақтары таныстырылды. Сонымен қатар, өңір аумағында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу жұмыстарының көлемі мен оны жүзеге асыру тетіктері пысықталды.

Көшпелі штаб отырысына Ақтоғай, Шет, Қарқаралы, Бұқар жырау, Абай, Нұра және Осакаров ауданы өкілдері қатысып, картографиялық материалдармен таныстырды. Іс-шара аясында шегіртке тектес зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына жұмылдырылатын мердігер компаниялардың техникалық әлеуеті де көрсетілді.

Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button