АймақБас тақырыпҚарағанды

Балқаш жағалауындағы қауіпсіздік бақылауы күшейеді

Шомылу маусымы қарсаңында Қарағанды облысында туристік нысандардағы қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілді.

Сурет полиция депратаментінен

Жаппай демалыс орындарында қоғамдық тәртіпті сақтау үшін туристік полиция қызметкерлері жұмылдырылды.

Профилактикалық жұмыстар демалыс аймақтарының иелерімен де жүргізілуде. Нысандардың қауіпсіздігіне, күзет қызметінің болуына, бейнебақылау жүйелеріне және абаттандыру талаптарының сақталуына ерекше назар аударылуда.

Өңірде 160-тан астам демалыс аймағы жұмыс істейді. Оның ішінде:
Балқашта – 58
Абай ауданында – 48
Қарқаралы ауданында – 32
Теміртауда – 25
Приозерск қаласында – 1

Балқаш көлінің жағалауындағы қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мұнда демалыс орындары, қонақ үйлер, кафелер, дүкендер және су көліктерін жалға беру нүктелері жұмыс істейді.

Жазғы кезеңде, әсіресе шілде–тамыз айларында, Шұбар-Түбек пен Торанғалық кенттерінде патрульдеу саны артады. Демалыс күндері арнайы бөлімше қызметкерлері қосымша тартылады. Сонымен қатар модульдік полиция бекеттері мен бейнебақылау жүйелері үздіксіз жұмыс істейді.

Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында республикалық маңызы бар автожолдардағы патрульдеу бағыттарының саны 17-ден 32-ге дейін көбейтілді.

Жол-көлік оқиғалары жиі тіркелетін учаскелерде жол ережесін бұзуды анықтау үшін дрондар қолданылады. Сондай-ақ жүргізушілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Өңірде жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында заманауи технологиялар енгізілуде. 2025 жылғы 12 шілдеден бастап Ошаганды – Теміртау учаскесінде орташа жылдамдықты бақылау жүйесі іске қосылады. Сонымен қатар өңірде «Ekin Patrol» және «Оракул» мобильді кешендерінің 28 бірлігі жұмыс істейді. Қауіпті жол учаскелерінде 70-тен астам стробоскоп орнатылған. Ал Қарағанды – Балқаш тасжолында жүргізушілердің назарын күшейту үшін арнайы лазерлік қондырғылар пайдаланылуда.

Қабылданған барлық шаралар жазғы маусымда өңір тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button