АбайАймақ

Абайлық ардагерлер алғы шепте

Абай ауданының ардагерлері бүгінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына белсене атсалысып, қоғамдық өмірдің алғы шебінде жүр. Бұл жұмыстарды ұйымдастырып, үйлестіріп отыратын Абай аудандық Ардагерлер кеңесі болса,  есеп беру конференциясында осы қоғамдық ұйымның төрағалығына Бақытжан Көрпешова бірауыздан сайланған еді. Себебі аталған ауданның оқу бөлімін отыз жылдай басқарған Бақытжан Қазбекқызының халықпен жұмыс істеуде тәжірибесі жеткілікті. Сондықтан да аймақ ардагерлері оған үлкен сенім білдірген. Аудандық ардагерлер ұйымына жаңа басшы келгелі оның жұмысы да жанданып, жыл басынан бері қаншама игі шаралар өткізіліп, жалғасын тауып келеді.

Сурет ұйымдастырушылардан

–  Ардагерлер кеңесінің құрамына 17 адам сайланып, 4 тұрақты комиссия құрылған болатын. Қазір біз осы комиссиялардың бағыты бойынша алдағы іс-шараларды белгілеп, жүзеге асырудамыз. “Жастар альянсымен”, аудандық білім беру бөлімінің кәсіподақ комитетімен бірлескен іс-қимыл жөнінде меморандум жасалынып, қол қойылды, – дейді Бақытжан Көрпешова.

Қазір аудан бойынша 14 ауылдық және кенттік округтердің барлығында бастауыш Ардагерлер кеңесі бар. Олар 10219 ардагерді, 2077 мүгедек жанды қамтып отыр. Олардың арасында тыл еңбеккерлері, Ауған соғысы мен Чернобыль апатының ардагерлері, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі адамдар саламатты өмір салтын ұстанып, белсенді әрекетке тартылуда.
Абайлық ардагерлер аудан көлемінде  мемлекеттік тарсырыс бойынша өтетін спорт жарыстары, мерекелік шаралардың бел ортасынан табылып, өз өнерлері мен шеберліктерімен елді тәнті қылуда. Әсіресе, әжелерден құралған хордың атағы облысқа да мәлім.

Сол сияқты жуырда Топар кентіндегі қазақ мектебінде өткен “Әжелер сайысы” мен Абай қаласындағы А. Құнанбаев атындағы орта мектепте тойланған Ұлыстың ұлы күні де көпшіліктің көңілінен шыққан. Ардагерлердің мерейтойлары да ұмытылмай аудандық Кеңес мүшелері оларды үйлеріне барып құттықтап, сый-сияпаттарын жасаса, алда Астана қаласына экскурсия жасап, қала театрларына бару да жоспарда.
Кейінгі кезде Абай қаласының басында да ардагерлер үшін Қолөнер және шығармашылық клубы, Ұзақ өмір сүрудің белсенді орталығы құрылып, ардагерлермен цифрлық сауаттылық, психологиялық және басқа тақырыптарда тренингтер өткізілуде.

– Жұмыс тәжірибесін аудан ауылдарына да таратып, дәстүрге айналдырсақ деген ойдамыз, – деп түйіндеген еді әңгімесін Абай аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Көрпешова.

Ержан ИМАШ
Абай ауданы

Басқа материалдар

Back to top button