Басты тақырыпЖаңалықтар

Биосфера да жаңғыруы тиіс

Еліміз қазір аса маңызды, тағдырлы кезеңді бастан кешіріп жатыр. Мемлекеттік атқару органдарының барлық жұмысы ел Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясында, «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасында, «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында және жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды орындауға бағытталуда. Бұл бағдарламалық құжаттардың қатарына Елбасының соңғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы да кіреді. Рухани жаңғыру – кезең-кезеңімен атқарылып жатқан елдегі реформалардың жалғасы іспетті. Оны «Мәңгілік Ел» бағдарламасының құрамдас бөлігі, «Қазақстан – 2050» Стратегиясында айшықталған мақсаттарға жетелейтін тармақтардың бірі десе болады. Бұл біздің қоғамға аса қажет дүние. Технологиялық жаңарумен шектеліп қоймай, адамның сана-сезімін қатар жетілдіруге мемлекет баса мән бермек. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған экономикалық саясатты, мемлекеттік жаңа индустрияландыру бағдарламалары және өзге де өміршең шаралар өңір экономикасын дамытуда оң көрсеткіштерге қол жеткізуге жол ашты. Қазір заманның дидары өзгерді. Біз де өзгеруге тиіспіз. Елбасының ең соны «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында айналайын атамекен, қасиетті туған жерге айрықша мән берілгені бізді ерекше сүйсінтті. Сөз жоқ, «Туған жер» бағдарламасы – ұлтты ұйыстыратын тағы бір тың ұсыныс. Оның өн бойынан нағыз патриоттық тәрбиенің рухы сезіледі.

«Қазақ «Туған жерге туың тік» деп бекер айтпаған. Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды. Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен ат салысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі. Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек. Жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс. Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет. Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап, құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек…» деп атап көрсетті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында.

Қарағанды облысы – Қазақстандағы экологиялық жағынан ең ластанған, өнеркəсіптік өндіріс орындары көп шоғырланған ірі өнеркəсіп орталығы. Бұл өңірдегі өндіргіш күштердің даму барысы көптеген жылдардан бері экологиялық зардаптар ескерілмей іске асырылды. Соның салдарынан облыстың атмосфералық ауасы бұзылды. Мəселен, тұрақты көздерден атмосфераға тарайтын ластанған заттар жылына бір миллион тоннадан асады. Ал, бұл жалпы республикадағы барлық қалдықтардың үштен бірі деген сөз. Негізгі ластаушы көздер Теміртауда, Жезқазғанда, Балқашта, сол сияқты Қарағандыдағы энергетикалық кəсіпорындардың өзі жылына 96,2 мың тонна ластандыратын қоспа таратады екен.

Қала маңына орналасқан ГРЭС-1, №3 ЖЭО жəне Қаражал ЖЭО-ның күлі мен түтіні бұрқырап мазаны алуда, сол сияқты Ақжал байыту фабрикасының, Қайрақты, Жамбыл, Қарағайлы, Ақшатау кеніштерінің қалдықтары да бұрқырап, желге ұшып жатыр. Бұларда қауіптілігі 1-3 класты қорғасын, мырыш, берилий, висмут және радионуклидті флотация қалдықтары көп. Тозаңданып аспанға ұшудың салдарынан мұндай заттар маңайын да шаңдатып жібереді. Бұған қоса атмосфералық ауаны автокөліктер де ластандырып, одан шығатын тастанды қалдықтар жылына жүздеген мың тонна көлемінде зиянды заттар таратса, оның ішінде 200-ге жуық әртүрлі қоспа бар екендігі анықталғаны баршаға мәлім.

Бүгінгі таңда су ресурстарын қорғап, ұтымды пайдалануда да проблема көп. Облыстың жалпы жылдық су ресурсы 3,4 млрд. текше метрге жуықтайды. Оның жыл сайын 2-2,3 миллиард текше метрі пайдаланылады. Негізгі су көздері Нұра өзені, оның Шерубай-Нұра жəне Соқыр құймалары, Ертіс-Қарағанды каналы, Қаракеңгір жəне Жезді өзендері, Балқаш көлдері болып табылады.

Облыстағы жер ресурстары да қиын жағдайда. 854 мың гектардай жер азып-тозған, жел эрозиясына ұшыраған. Оның басты себебінің бірі – жерді қорғайтын орман алқабының қанағаттанғысыз жағдайы. Жер ресурстарын ғана емес, жалпы қоршаған ортаға зиянын тигізетін негізгі ластану көздерінің бірі – кәсіпорындардың өндірістік қызметі процесінде және тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінде пайда болған қалдықтар. Облыста тұрмыстық қатты қалдықтардың өте көп болуы да біраз проблемалар туғызуда. Сонымен қатар, қоршаған орта мен адам денсаулығына ықпал ететін проблеманың бірі – қазылып, кен өндіріліп алынған соң қалып кеткен, жабылмай аузы ашық қалған радиациялық қауіпті кен орындары мен карьерлер мәселесі.

Қазіргі кезде игеріліп отырған минералды шикізат көзі өте көп. Солардың ішіндегі ең маңыздылары мыс, темір, марганец, полиметалдар, вольфрам, молибден, ванадий және құрылыс материалдары. Өлкенің мыс кендері кембрийге дейінгі заманнан бастап, кейінгі палеозойдың пермь дәуіріне дейін жиналған тау жыныстарымен байланысты.

Бүгінгі таңда саналы тіршілік иелерін ғаламдық деңгейде алаңдататын өзекті жайттың бірі – қоршаған ортаны қорғау мәселесі. Адамдардың салғырттығы мен бейқамдығынан бастау алған экологиялық күрделі ахуалды табиғи қалпына қайыра түсіру осы саладағы ғалымдар мен мамандарды соңғы жылдары терең толғандырып келеді. Өндірістің дамуы мен өнеркəсіп орындарының ұлғаюы, техниканы пайдаланушылар санының өсуі секілді өркениет үрдісімен үндес шаруалар екінші жағынан табиғатты тамылжыған күйде қалдыруға кері әсерін тигізуде.

Нұра өзенінің суын Қарағанды және Теміртаудан құйылатын өнеркәсіп қалдықтарынан кешенді түрде тазарту қажет. Ғалымдардың зерттеулеріне қарағанда, Нұра өзенінің табанында млн. тонна сынап қалдықтары шөгіп жатыр. Бұған кінәлі деп «Карбид» АҚ, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ деп ашық айта аламыз.

Өндірісті өлкемізде осындай ойды онға, сананы санға бөлетін салмақты əрі түйінді шаруаларды оңтайлы шешуде жүзеге асырылып жатқан шаралардың бар екені де күмəнсіз. Бүгінде бұл проблема ішінара «ҚР Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстары және Астана қаласының тұрақты дамуы үшін қоршаған ортаны жақсарту» атты Үкімет жобасы көлемінде шешілуде.

Дамудың діңгегі – рухани байлықтар. Дегенмен, қоршаған орта, табиғи жаратылыстың да жаңарып, жаңғырып отырғаны абзал.

Қазіргі таңда дүниежүзінің көптеген елдері жасыл экономика қағидасын қабылдаған. Соған орай, 2013 жылдың 1 маусымында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» өту Тұжырымдамасы жөніндегі Жарлыққа қол қойды. Жасыл экономика – экономикалық теориядағы жаңа бағыттардың бірі. Ол табиғи ресурстарды «табиғи капитал» ретінде қарастырады. Міне, бұл тұрғыда да ойластырар, атқарылар жұмыстар жеткілікті.

Елімізде өткізілгелі отырған халықаралық «EXPO – 2017» мамандандырылған көрмесінің бір бөлігі «Жасыл экономикаға», қоршаған ортаны қорғауға арналып отырғаны да тегін болмаса керек. Бұл бағыттағы Елбасымыздың тың ойлары барша қазақстандықтарды жігерлендіріп, осы идеяны іске асыру үшін барынша талпыныс жасауға серпін береді.

Бүгінгі Отанымыздың жетістіктері – ұлттық мақтанышымыз. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақ мерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. Осы тұрғыда «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Менің ұзақ жылғы экология саласын зерттеуім, жиған тәжірибелерімнің нәтижесінде 2013-2016 жылдары «Экологияның рухани өрісі» атты монография кітап болып жарыққа шықты. Осы зерттеу еңбекте ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, табиғатты қорғау, ел мен жердің тарихы және тағдыры, Отанды сүю, жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру мәселелері тегіс қамтылды. Бұл – менің туған жерге, Еліміз бен Отанымызға деген тамшыдай болсын қосқан үлесім.

Қайыржан БЕКІШЕВ,

Қарағанды мемлекеттік

университетінің профессоры,

Еуразия Халықаралық

«Экология» академиясының

академигі,

«Құрмет» орденінің иегері.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button