Әбдіжаппар Әбдәкімұлы: «Бастысы – береке мен бірлік»

Бүгіннің парқын, ертеңнің нарқын бағамдау үшін кешегіні білмек керек. Ел егемендігін жариялаған кездегі ақиқаттар сондықтан да айтылуы тиіс. Елдіктің тағдыры таразыға тартылғандағы қилы оқиғалар ұмыт қалмауы керек. Бұл күнгі бейбіт өмір мен ымыра-бірлік бір күнде аспаннан түсе қалған жоқ. Оның бастауында қарапайым адамның санасына сыя бермейтін сан алуан саяси қадамдар жасалды. Соның нәтижесі біз сынап, міней беретін – осы күн. Республика күні қарсаңында кері шегініп, сол кездегі тарихты бір парақтау үшін ғалым, тарихшы, профессор Әбдіжаппар Әбдәкімұлымен сұхбат құрған едік…

– Ғалым, тарихшы, әрі Тәуелсіз Қазақстан құрғанда оның ыстық-суығын бірдей көрген, мемлекеттік қызметке еңбек сіңірген тұлғалардың бірі екеніңіз мәлім. Еліміздің етек-жеңін жиып, Егемендік алған тұсы есіңізде шығар. Содан бері 33 жыл сынаптай сыр­ғыпты. Дәл сонда Қазақстан қандай күйде еді? Жас мемлекеттің алдында қандай сын-қатерлер тұрды? Сол кезеңдегі мемлекеттің алды жар, арты соқпақ еді десек, артық айтпаймыз ба?

– Жоқ, артық айтқандық емес. Расында, сол сәтте еліміздің тағдыры талқыға түскен-ді. Оған 1991 жылда Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесінің жетінші сессиясында еліміздің тәуелсіздігінің қызу талқылануы – дәлел. Жалпы, бұл негізі айтыс-тартысты қажет етпейтін мәселе болатын. Өйткені, бұрынғы одақтағы барлық республика өз тәуелсіздігін жария етіп, бекітіп алған. Жалғыз біз ғана қалған едік. Сондықтан, Заң жылдам қабылданып, ешқандай мәселе туындамайды деген сенім берік-тін. Дегенмен, «ә» дегеннен «Осы Заң керек пе?» деп депутат Чернышев шықты. Ол «Бұрынғыдай империя жоқ, сонда Қазақстан кімнен тәуелсіз болғысы келеді? Бұл әңгімені қозғамай-ақ қойған дұрыс» деді. Ал депутат Козлов «Мұны бүкіл халық шешсін. Сол себепті референдумға қою қажет» десе, депутат Водолазов «Асықпайық» деп сабырға шақырған болды. Депутат Потапов «Мемлекеттік тілдер – қазақ тілі мен орыс тілі» дегенді ұсынып, депутат Жаворонков «Мемлекеттік тілдер үшеу – қазақ, орыс, ағылшын тілдері болса» деп, «айды аспанға шығарды». Міне, қарап отырсаңыз, ол кезең бүтін ұлт пен егемен елдің тағдыры тартысқа түскен кез еді.

Сонымен, он төртінші желтоқсанда басталған айтыс он алтысында тағы да жалғасты. Ендігі дау – мемлекетіміздің құрылымы мен сипаты төңірегінде өрбіді. Сол арада депутат Белик Қазақстанда азаматтық қоғам құрылғанын қалайтынын мәлім етті. Мысалға АҚШ-ты атады. Бұл дегеніңіз – сұмдық дүние. Оның төркінінде ұлттық сипат мүлдем жоғалсын деген жымысқылық жатты. Мұны депутат Филаретов қызу қолдайды. Сонымен, өткен жылы өздері қабылдаған Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияға бәрі ұлардай шулап, ашық қарсы шыққан еді.

Бұл – кешегі отаршыл ел өкілдерінің отар болған, тәуелді күй кешіп, басына ноқта түскен елдің жағдайын түсіне бермейтінінің, түсінгісі де келмейтінің жарқын көрінісі еді. Олар қорлықты-зорлықты өз бастарынан өткерген емес. Күн көру үшін, оқуға түсу үшін, қызметке тұру үшін қазақ тілін қаласа да, қаламаса да оқып үйренген жоқ. Сол себепті өмір бойы Қазақстанда тұрып жатса да, бір-екі ауыз қазақша сөйлеуді керек деп санамағандар еді. Хош делік. Ал, бүгін жағдай қаншалықты өзгерді?…

Әрине, мұнда мәселе қазақ тілінің өзге барлық тілдерді тұқыртатындай дәрежеге көтеру жөнінде болып отыр­ған жоқ. Ол ошақ қасының, тұрмыстың тіліне айналып, оны мемлекетте, оқуда, еш жерде қолданбайтын болып қалды. Дүниежүзілік тәжірибе, дүниежүзілік ғалымдар тіл болмаса, ұлт жоқ, ұлт болмаса, ұлттық мемлекет жоқ дейді. Яғни, біз нақты ұлт ретінде, ұлттық мемлекет ретінде құрып кетудің аз-ақ алдында қалдық. Осы орайда, Қазақстанға өз еркімен де, еріксіз де келіп, осында тұрып қалған басқа халықтардың барлығы қазақ халқының кеңпейілділігі мен ыстық құшағын қалай да ұмытпағаны жөн.

Расында да, сол жылдары, 1995 жылға қарай «Жұрттың бәріне қазақ тілін зорлап үйретеді. Егер қазақ тілін білмесең, лауазымды қызмет істей алмайсың, жоғары оқу орнына түсе алмайсың» деген қауесет тараған-ды. Ал іс жүзінде мәселе балабақшалардан, мектептердің алғашқы сыныптарынан бастап, қазақ тілін оқытуды қолға алу туралы болған.

Бұл мәселенің, түптеп келгенде, екі жағы барын ұмытпаған жөн. Егер Қазақстанда қазақ тілі емес, екі тіл мемлекеттік болса, қазақтар мұнымен ұлт, халық ретінде келіспейтіні анық. Ал егер біз тілдік принцип бойынша басқалардың бәрін шектейтін болсақ, олардың да көне қоюы екіталай. Осы жағдай ескеріліп, еліміздегі тілдік консенсус сақтау ісі қолға алынды. Ол мемлекеттік тіл – қазақ тілі, бірақ елімізде тұратын кімді болса да, тілді білмеушілік белгісі бойынша шектеуге тыйым салынды. Екіншіден, орыс тілінің қолдану аясы ешқандай да шектелмеді.

– Еліміз 1990 жылдардың басынан алдымен этнократиялық мемлекет құруға ұмтылғаны белгілі. Бұл өзгелердің басты ұлт – қазақтардың айналасына жиналу дегенді білдірсе керек. Ол уақыттарда ұлттық құрылым құру процесі этнократиялық коннотация алған бірқатар заңнамалық құжаттар қабылданды. 1990 жылы 25 қазандағы Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация Қазақстанның түпкілікті мемлекеттік тәуелсіздікке ауысуын сипаттайтын құжат. Дек­ларация анықтаған мемлекеттік сипат қандай еді?

– Қандай сипатты мемлекет құру мәселесіне келсек, ол былай шешілді. Қазақстан саясатта – демократиялық, экономикада – нарықтық сипаттағы ел ретінде анықталды. Өкімет билігі – дербес, тұрақты жұмыс істейтін кәсіпқой Парламентке берілген. Жоғарғы Кеңестің төрағасы болуы керек. Өз міндеттерін жүзеге асыру үшін барлық құқыққа ие, бүкіл халық сайлаған Президент сайланды.

– Мемлекет дамуының таң­да­ған бағыты туралы не айтар едіңіз?

– Саяси жүйе мен оның сипаты жайлы әңгіме қозғағанда, мәселенің әрқилы үш қырын ескеру маңызды деп ойлаймын. Біріншіден, қандай да сараптау мен саяси шешімді кім қабылдайды? Әдетте демократиялық елде бұған қоғамның барлық мүшелерін қатыстырады. Алайда, іс жүзінде, бірде-бір саяси жүйе мұндай деңгейге жеткен емес және жетуі де неғайбыл.

Екіншіден, әлгіндей талдауға жоғарыда аталған шешім қабылдау процесінің өзі мен тәсілі де негіз бола алады. Шын мәнінде, жүйенің авторитарлық немесе либералдық екенін осыған қарап-ақ аңғаруға болады. Ең соңында, мәселенің үшінші қыры, қабылданатын саяси шешімдердің мазмұнына байланысты. Осы тұста бір ескеретін жағдай, кейбір сая­саткерлер билік технологиясын талдау­ға елігіп, осы үшінші өлшемді назардан тыс қалдырып алады. Шешімнің әлеуметтік мазмұны оның теңдікке жеткізгендігімен немесе, керісінше, әлеуметтік теңсіздікті күшейтетіндігімен анықталатынын үнемі қаперде ұстаған жөн.

Айтылған ойды анықтай түсетін болсақ, әңгіме үстемдік құратын саяси мұраттар жайында болып отыр. Бүгінгі күнгі әлемдік тәжірибеден көріп отырғанымыз­дай демократиялық елдерде фашизммен үндес, сол бағытқа бейім партиялар мен қоғамдық қозғалыстардың болуы демократиялық қағидалар мен тәртіптердің жоғалғанын көрсетпейді. Қайдағы бір қоғамдық өмірге қатысы аз, экзотикалық қозғалыстарға мейлінше мән беріп, дабырайта беру бүгінгі қоғамдық-саяси өмірге сәйкес келе бермейтінін ескерген жөн.

Бүгінгі күнгі саяси таластарда демо­кратия, либерализм, теңдік, бостандық, ашықтық, жариялылық деген ұғымдар жиі қайталанады. Шынтуайтында, атал­ған ұғымдардың төркінінде не жатыр? Өйткені әлеуметтік теңдік пен теңсіздіктің деңгейі жалақының деңгейі, әрбір азаматтың табыс деңгейі, ғұмыр жасының ұзақтығы, тағы да басқа көптеген көрсеткіштер арқылы анықталады. Сонымен қатар, аталған көрсеткіштер мен өлшемдерді нақты адамдар – зерттеушілер мен мемлекет қызметкерлері береді. Олай болса, саясаттың әлеуметтік бағыттылығы деп жүргеніміз – белгілі бір топтар тарапынан туындайтын, өзгермелі және құбылмалы түсініктер мен мүдделердің күрделі жүйесінің нысанасы болып шығады.

Әдетте, демократиялық саяси жүйеге либералдық-демократиялық режим тән болып келеді. Ол құрылымның ең бір өзекті сипаты – саяси нормаларды қолданғанда конституциялық талаптар қатаң қадағаланады. Парламент, сот, Үкімет, атқарушы биліктің барлық деңгейдегі органдарының қызметіне қатаң конституция­лық бақылау орнатылады. Аталған жүйенің және бір маңызды сипаты – әр алуан сая­си құрылымдардың болуы. Осы тұста, аталған демократиялардың да бір-бірінен өзара айырмашылықтарының өте үлкен екенін де атап өткен жөн. Бұл айырмашылықтардың ерекше маңыздылығын да ұмытуға болмайды. Жинақтап айтсақ, мұның бәрі төмендегі жағдайға келіп тіреледі.

Біріншіден, негізгі балама атқарушы биліктің шоғырлануы мен бөліспелілігі болып табылады. Айталық, Ұлыбритания­ның бір партиялық кабинеті де, Швейцариядағы партиялар коалициясы да демократиялық ауқымда қызмет істейді. Ал бізде бүгінде көппартиялы Үкіметтің тек болашақ сұлбалары ғана анықталып келеді.

Екіншіден, саяси партиялар бағдарламаларындағы айырмашылық. Егер АҚШ немесе Ұлыбританияның жетекші партия­ларының негізгі айырмасы әлеумет­тік-экономикалық мәселелерге байланысты болса, Швейцарияда, айталық, мәдени, діни, ұлттық, географиялық сипаттарға ие. Бүгінгі күн көрсетіп отырғандай біздің болашақ дамуымыздың бағыты осы атал­ған екінші жолға саятын сияқты.

– Бүгінде Қазақстан сол уақытта межелеген мақсат-мұратына жетті ме?

– Ауыр сұрақ. Қоғамдық, мемлекеттік, саяси мақсат-мүдденің, мұраттың бағыты жиі өзгере берген жағдайда, жетістік жайлы айту қиын. Дегенмен, біз қазақтар шүкіршіл халықпыз ғой…

– Қоғам қазір егемендік пен тәуелсіздіктің қадір-қасиетін бағалай алып отыр ма?

– Маған билік пен халық, қоғам, жұртшылық егемендік пен тәуелсіздіктің мазмұнын әртүрлі түсінетіндей көрінеді.

– Ұрпақтың Отан үшін отқа тү­сетіндей ұстанымы болуы үшін осы күні бізге не жетпейді?

– Негізгі мақсат – әрине, жас ұрпақтың бойында туған елге, қасиетті жерге, өскен өлкеге, Отанға деген сый-құрмет пен сүйіспеншілікті қалыптастыру. Отан отбасынан басталады. Ал бүгінде, әсіресе, қазақтың санын, сапасын асыратын ауылдардағы экономикалық, әлеуметтік, мәдени жағдай өте ауыр. Қаладағы жастарды қазақтың ұлттық қадір-қасиеті негізінде тәрбиелеуді қолға алу – кезек күттірмейтін мәселе.

Біз тәуелсіздік жылдары атқарылған істердің кейбіреулеріне тоқталдық. Алда міндеттер қыруар. Оларды жүзеге асыру үшін қажымас қайрат, үлкен еңбек, аса зор білім мен біліктілік, биік адамгершілік, отаншыл сана, ең бастысы, береке-бірлік керек.

Тағы бір ескерілуге тиіс мәселе. Біз соңғы кезде елімізге қатысты «Жаңа Қазақстан» атауын жиі қолданып жүрміз. Шын мәнінде, «жаңа» сөзінің салмағы, мазмұны, жауапкершілігі ауыр екенін ұмытпаған жөн.

– Тарихтың түптөркініне дейін зерттеген ғалымсыз. Егер кәрі та­рих­қа тіл бітсе, қазіргі қазаққа не айтар еді?

– «Тарихыңды таза ұста!» дейтін сияқ­ты.

– Тұщымды әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан Қызғалдақ Айтжан,
«Ortalyq Qazaqstan»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.