БалқашТұлға

БАЛҚАШТЫҢ БАРЫСЫ

Тасаралдың түйепалуаны…

Тасарал Балқаш көліндегі ұсақ аралдардың бірі. Құйқасы келіскен елді мекен. Ашаршылық жылдарында талай жұртқа ақыры болған жер. Марқадай балығымен талай жұртты ажал тырнағынан алып қалған жер. Талайдың тері төгілген. Талайдың қаны төгілген.

Ел енді есін жинай бастағанда отыз жетінің нәубеті басталған.

Көрмеген көкелері мұның шілдеханасында бола алмаған. Олар сол кеткендерінен оралмады.

Сағыжан аға осы жерде дүние есігін ашқан.

Сағыжан аға сол асыл ағаларымыздың өтеуіндей Тасаралда дүниеге келген.

Бұлар тумай жатып аманат арқалаған ұрпақ. Аға ұрпақтың аманатын.

Сол жауапкершілікті өмір бойы алып келеді.

Сол аманат әлі мойнынан түскен жоқ.

Маңдайына солайша бейнет жазылыпты. Бұлардың еңбек өтілі мектепке бармай жатып басталған.

Сол бейнет бұларды ерте есейтті. Ауылдағы қара жұмыстың бәріне жегілген. Одан қара жұмыс бұлардың қолына жұғып қалған жоқ.

Сонда да ойынға уақыт таба білген. Өздерін өздері шынықтырған. Жан сақтау оңай емес еді. Содан да барып бастарын тауға да, тасқа да соққан.

Алайда бір нәрсе анық еді. Бұлар намысқа суарылып өсті. Намыстың құлы еді.

Өкпесі өшкенше жүгірген жоқ. Төбелессе жығылғанша ғана төбелесті.

Мүлтім бар демеді.

Қапы кеттім демеді.

Ойын болғанда топырақты шаңытып жатар еді. Өзінен ересек балалардың өзін алып ұратын. Ауылдың барша қарадомалағы күресетін. Алайда, бәрі бірдей палуан атанбады. Ал Сағыжан болса бала палуан атанды.

Ол кездегі спорттың төресі күрес еді ғой. Ел Сағыжанның ертеңін күреспен байланыстырды.

Оның жүрегі басқаша соғатын. Еліме қызмет қылсам дейтін. Ол өзін мұғалім ретінде көретін. Ол кездегі ең қастерлі мамандық балаға қара таныту еді ғой. Сол себепті Қарағандының пединститутына құжатын тапсырған. Физика-математика оқуына.

Ел Қарағанды жұртшылығын шахтасын ғана біледі деп ойлайды. Оның да жөні бар. Барлық жақсылық, барлық қамқорлық соларға жасалды. Ең жақсы жалақыны солар алды, ең жүйрік жеңіл көліктерді солар мінді, ең жайлы жарық үйлерге солар кірді. Міне, қызық олар да спортты жақсы көреді екен. Оның ішінде күресті.

Қазақ күресін…

Қылан Бақыжановтың есімін осында жүріп естіді. Ол жай ғана шахтер емес, үлкен бастық еді. Қазақ күресінен алғаш болып спорт шебері атанған сол кісі болатын. Әлімшайқы Сәлімбаев болса ол да шахтер болып шықты. Бұл ағалары Қазақстанды қойып Орта Азия бойынша чемпион атанған палуандар еді.

Сабақты жақсы оқығандықтан бос уақыты да көбейе түскен. Енді оның күреспен шындап шұғылдануына мүмкіндік туған. Бағына қарай Акеляның қолына түскен. Қарағанды күресінің іргетасын қалаған Жұмажан Әкеновті ел солай атайтын.

Сақаңның жұлдызды сәті де туған. 1957 жылы ел чемпионы атанды. Мұндай құрметке Мәді Смағұлов та бөленген. Ауылдасы Сайлау Тұрғанбеков үшінші орын алып қалды. Ол ғана емес, Қылан, Әлімшайқы ағалары да үшінші орынды қанағат тұтқан. Атақты палуан Әбілсейіт Айханов та үшінші орын алып қалған…

Тоқсаныншы жылдардың басында Ақадырда қазақ күресінен «Лениншіл жас» газетінің республикалық турнирі өтті. Сол жарыстың бас төрешілігінде Әбілсейіт ағамыз отырды. Реті келіп үйде қонақ болды. Сонда асыл ағаның аузынан бірінші рет Сағыжан ағадан бір емес, екі рет жеңілгенін естідім. Соның біріншісі осы айтып отырған жарысымыз екен. Серік Демесінов, Танау Нығызбаев, Жәкен Тәтиев сынды бауырлар тапты. 58-дің жазында екінші мәрте чемпион атанады.

1959 жылы Мәскеуде СССР халықтарының екінші спартакиадасы өтетін болады. Осы жарыста Жәкен Тәтиев екеуі дүйім жұртқа қазақ күресінің басқа күрестерден бір мысқал да кем еместігін бозкілемде дәлелдеп береді. Осы спартакиадада ел қазақ күресін мойындайды.

Қазақ күресінен енді Орта Азия бойынша біріншіліктер өтетін болады.

Жарты ғасырдан кейін қазақ күресінен әлем біріншілігі өтеді деп кім ойлаған. Қазақ күресінің жаңа сапалық сипат алатынын кім білген?!

«Қазақстан барысы» деп аталатын бұл жарысқа төрткіл дүние қатысып отырғанын көз көрді, жанымыз семірді. Сол жарыстың қалың ортасында Сағыжан Аманжолов ағамыз да жүрді. Орыстың аюы – Александр Медведьпен, қазақтың түйесі – Әбілсейіт Айхановпен.

Әбіл ағамен кейінгі кездесулері боз кілемде өтпегенімен күрестен алыс кете қойған жоқ.

Сол кездесулермен бірге Балқаш жеріне үлкен күрес оралды.

2010 жылы мысшылар қаласында еркін күрестен Сағыжан Аманжолов атындағы жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Сол турнирге ат арытып Алматыдан Әбіл аға келді. Байрақты жарыстың тұсауын кесті. Бас палуан жас палуандарға батасын берді.

Сол жарыс бүгінде дәстүрге айналды.

Осыдан бір жарты ғасыр бұрын түйе палуан атанған.

Бүгінде Сағыжан ағамызды Балқаштың барысы дейтін болыппыз.

Балқаш жолбарысының көзден ғайып болғаны жүрегімізді ауыртады.

Адам барысының оралуы жүрегімізді қуантады.

Нар болыңыз, тасаралдық нарқоспақ!

Бар болыңыз, балқаштық барыс!

Төрехан МАЙБАС

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button