Бүгінгі таңда жаһандық сауданың қарқыны мен электронды коммерцияның дамуы логистика саласына мүлдем жаңа талаптар қойып отыр. Әлемдік нарықтағы осы үрдістердің белсенді ортасынан табылуды көздеген Қарағанды өңірі өзінің географиялық артықшылықтарын пайдалана отырып, ауқымды логистикалық жобаны жүзеге асыруға кірісті. «Сарыарқа» әуежайы басқармасының төрағасы Руслан Габбасовтың мәлімдеуінше, бұл заманауи Cargohub алдағы уақытта аймақ экономикасының ғана емес, еліміздің көлік-транзиттік әлеуетінің бас қозғаушы күшіне айналмақ.

Руслан Орынбайұлы Қазақстанның Еуразия құрлығының қақ ортасында, ал, Қарағандының еліміздің орталығында орналасуы логистика үшін таптырмас мүмкіндік екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қарағандыдан 6 сағаттық ұшу радиусында әлемдегі ең ірі жүк тораптары саналатын Гонконг, Льеж, Франкфурт, Амстердам және Париж қалалары орналасқан. Бұл авиакомпаниялар үшін ең аз шығынмен, қосымша жанармай салмағын арттырмай, максималды коммерциялық жүктемемен ұшуға жағдай жасайды.
Қазіргі уақытта HUB аясында «Truck-to-Air» бағыты белсенді дамып келеді. Бұл жүйе бойынша, тауарлар Қытайдың Шанхай сияқты ірі өндірістік қалаларынан Қарағандыға жүк көліктерімен жеткізіліп, одан әрі ұшақтарға тиеледі де, Еуропаға жөнелтіледі. Сондай-ақ, бұл процесс кері бағытта да жүреді. Қазірдің өзінде әуежайға Қытайдан бөлек, Оңтүстік-Шығыс Азияның Непал, Индонезия, Малайзия сынды мемлекеттерінен әртүрлі жүктер ағылуда.
Болашақта бұл аумақ жай әуежай емес, «Karagandy kargoo sity» деп аталатын тұтас бір агломерацияға айналады. Әуежайдың қолданыстағы 320 гектар аумағына қосымша тағы 320 гектар ашық алаң қосылып жатыр. Қазіргі уақытта жобалаудан өтіп жатқан бұл жаңа субзонада заманауи қоймалар, логистикалық орталықтар, қонақ үйлер мен көлік компаниялары шоғырланады.
Ағымдағы жүктеме жөндеу жұмыстары үшін ұшу жолағын тоқтатуға мүмкіндік бермейтіндіктен, екінші жолақтың құрылысы жоспарлануда. Ең ауыр саналатын «Боинг-747» типті жүк ұшақтары үшін 15 қосымша тұрақ орны салынады.
Жаңа отандық жүк авиакомпаниясының «Боинг-777» ұшақтарына қызмет көрсететін алғашқы техникалық ангар бой көтереді. Сондай-ақ, қыркүйек айында батыс стандартына сай жұмыс істейтін, нарықта бәсекелестік тудыратын алғашқы отын-жанармай кешені іске қосылады.
CargoHub мультимодальділігін арттыру үшін әуежайға тікелей теміржол желісін тарту жұмыстары жергілікті әкімдіктің қолдауымен келесі жылы аяқталмақ.
Басқарма төрағасы Karagandy CargoHub aрнайы экономикалық аймақтың құрамына кіретіндіктен, инвесторлар үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылғанын жеткізді. Мұнда әуежай қызметі, ұшақтарға техникалық қызмет көрсету, пошта және көлік-логистикалық бағыттар бойынша басымдықтар беріледі.
Жобаға әлемдік деңгейдегі компаниялар қызығушылық танытып, нақты жұмыстарды бастап кетті. Олардың қатарында жаһандық бренд «Inditex», биыл 80 мың тонна жүк тасымалдауды жоспарлап отырған «Rich Sail», сондай-ақ, «Proactive» компаниялары бар. Сонымен қатар, танымал «Shein» және «Temu» маркетплейстерімен келіссөздер жүріп жатыр. Ал, «SF Express» сияқты ірі интеграторлар Қытай-Еуропа рейстері кезінде Қарағандыға тоқтап, жанармай құю мен экипаж ауыстыруды тұрақты түрде жүзеге асыруда.
Әуежай арқылы өтетін жүк көлемі жылына 1 миллион тоннаға дейін жетіп, Қарағандыны әлемнің ең ірі 20 логистикалық хабының қатарына қосады.
Салықтар мен әлеуметтік аударымдар есебінен елдің ЖІӨ-ге құйылатын табыс шамамен жарты миллиард долларды құрамақ. Арнайы экономикалық аймақ субзонасы толық қуатына енген жағдайда өңірде қосымша 15 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Karagandy CargoHub – бұл тек көлік торабы емес, аймақтың өндірістік әлеуетін халықаралық деңгейге шығаратын, шетелдік инвестицияларды тартатын, Қазақстанды жаһандық сауда картасында орнықтыратын стратегиялық маңызы зор жоба.
Айжан БЕЙБІТ,
ҚарҰЗУ ІІ курс студенті



