Жаңалықтар

Жастардың жігерін жасытпайық…

Істеймін деген жасқа жұмыс көп. Бүгінде тойханадағы қарбалас тіршілік талай студент пен жастың нәпақа табар алаңына айналды. «Қонақ разы болса, жұмыс беруші разы» деген талаппен жүгіріп жүрген жас даяшылардың сыртқы жымиысының арғы жағында көзге көрінбейтін ауыр еңбек жатыр. Түн жарымына дейін тыным таппайтын бұл жұмыс – бүгінгі жастар өмірінің көп айтыла бермейтін, бірақ қоғамдағы шындықтың бірі.

Сурет автордан

Даяшылық – шыдамдылықты, адамдармен қарым-қатынас жасауды, тез шешім қабылдауды үйретеді. Көп жастар дәл осы жұмыста жүріп алғаш рет өз нәпақасын тауып, күнделікті керек-жарағына жұмсайды. Сонымен бірге, ұзақ жұмыс уақыты, ұйқысыздық пен дөрекі қарым-қатынас та бұл саланың ажырамас бөлігіне айналып кеткендей.

– Мен үшін даяшы болып жұмыс істеудің жақсы жағы өте көп. Бұл салада шамамен 2 жыл жұмыс істеймін. Әжептәуір тәжірибе жинадым.
Күн сайын әртүрлі мінезі бар адамдармен сөйлесесің. Сол арқылы қарым-қатынас қабілетің дамиды. Бұрын ұялшақ болсаң, уақыт өте келе, ашық әрі еркін сөйлесетін боласың.
Уақытты бағалауды да үйретеді. Бір уақытта бірнеше жұмысқа үлгеру, тез қимылдау, ұжыммен жұмыс істеу қабілеті қалыптасады, – дейді Алуа Баратова.

Алуаның сөзінен бұл жұмыстың жастарды ерте есейтетінін байқауға болады. Шынында, көптеген студенттер үшін даяшылық – алғашқы еңбек жолы. Олар өз еңбегімен ақша тауып, жауапкершілікті сезіне бастайды. Алайда, бұл жұмыстың зияны да бар.

– Сабаққа шаршап бару жиі екені жасырын емес. Той көбіне сенбі, жексенбі күндері, түнге дейін созылады. Сондықтан, ұйқы қанбай, келесі күні сабаққа көңіл бөлу қиындайды. Кейде үй тапсырмасын істеуге уақыт та болмайды. Ауыр ыдыс көтеру белге, аяққа салмақ түсіреді, – дейді Сымбат Ерболқызы.

Кейбір қонақтар дөрекі сөйлеп, айқайлап немесе кінәлап жатады. Әсіресе, қыз балаға «Біздің үйге келін бол!» немесе «Танысайық» деген артық, жағымсыз сөздер жиі айтылады.

Қазақстанда жалпы жұмыс уақыты 6-8 сағат, ал, даяшылар тойға бірінші келіп, ең соңғы болып кетеді. Яғни, тойханада күні толық өтеді. Ол шамамен – 12-15 сағат.

Қазіргі таңда, даяшылардың еңбек құқығы – өзекті мәселе. Көп жағдайда, олар ресми еңбек келісімшартынсыз жұмыс істейді. Сондықтан, зейнетақы жарналары мен әлеуметтік төлемдер аударылмайды. Соның салдарынан даяшылар еңбек демалысы, медициналық сақтандыру және әлеуметтік қорғау құқықтарынан қағылады. Жұмыс барысында жарақат алып немесе денсаулығына зиян келген жағдайда жауапкершілікті кім көтеретіні де белгісіз. Себебі, еңбек қатынасы заңды түрде рәсімделмеген. Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі бойынша әр қызметкермен міндетті түрде еңбек шарты жасалуы тиіс. Бірақ, бұл талап жиі бұзылады. Сондықтан, еңбек бақылауын күшейтіп, жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру және қызметкерлердің құқықтық сауаттылығын дамыту қажеттілігі – осы күні өткір тақырып. Осындай жағдайда еңбек құқығы толық қорғалмаған даяшылардың қауіпсіздігі мен әлеуметтік тұрғыдан қорғалуына кім кепіл?

Қызмет көрсету саласында жүрген жасөспірімдердің еңбегі тек жұмыс күші ретінде қабылданып жатады. Ал, шын мәнінде, көп жағдай ескерілмейді.

Нұрдәулет ЕСІМ,
ҚарҰЗУ-дің ІІ курс студенті

Leave a Reply

Your email address will not be published. Required fields are marked *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Басқа материалдар

Back to top button