«Сарыарқаның» болашағы сарапқа салынды
Қарағанды облыстық мәслихатында «Сарыарқа» хоккей клубы» ЖШС-ін жекешелендіру мәселесіне арналған қоғамдық тыңдаулар өтті. Оған облыстық мәслихат төрағасы Нұркен Кобжанов арнайы қатысып, депутаттар, жауапты басқарма басшылары, клуб өкілдері және қоғамдық ұйым мүшелері күн тәртібіндегі мәселені жан-жақты талқылады.

Облыстық мәслихатқа аймақ басшысының «Сарыарқа» хоккей клубын жекешелендіру қажеттігі туралы хаты келіп түскен. Былтыр Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік мүлік туралы» заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, мұндай шешім әкімдік тарапынан міндетті қоғамдық тыңдаулар өткізілгеннен кейін ғана қабылданады. Сондықтан, аталған мәселе мәслихат алаңында ашық талқылауға шығарылды.
Алқалы жиынның модераторы, облыстық мәслихаттың бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Арман Әлімжановтың айтуынша, Үкімет қаулысымен бекітілген мемлекеттік меншік объектілерін оңтайландыру жоспарына сәйкес, биыл «Сарыарқа» хоккей клубын бәсекелестік ортаға беру қарастырылған. Бұл ретте клубты сауда-саттық, яғни аукцион арқылы жекешелендіру ұсынылады.
Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Елнар Уахитовтың айтуынша, хоккей клубын қаржыландыру осы уақытқа дейін облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылып келген.
– Кәсіби клубты қаржыландыру өңір бюджетіне едәуір салмақ түсіреді. Басты мәселе – өзін-өзі ақтау тетігінің жоқтығы. Жекешелендіру осы шығынды оңтайландырып, клубқа жеке инвестиция тартуға жол ашады. Сонымен қатар, басқарудың нарықтық үлгісін қалыптастырып, спорт саласындағы басқа да маңызды бағыттарға қаржы бөлуге мүмкіндік береді, – деді Елнар Бекенұлы.
Әрі қарай облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұркен Нұратов клубтың өңір спорты жүйесіндегі орнына тоқталды. Оның айтуынша, «Сарыарқа» хоккей клубы Қарағанды облысы әкімдігінің 2006 жылғы 25 шілдедегі шешімімен құрылған. Құрылтайшысы – облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы.
– «Сарыарқа» хоккей клубы – өңір спортының ғана емес, Қазақстан хоккейінің дамуына өзіндік үлес қосқан команда. Клуб Ресейдің Жоғары хоккей лигасының чемпионы атанған алғашқы қазақстандық ұжым ретінде тарихқа енді. Сонымен қатар, ВХЛ чемпионы атағын екі мәрте жеңіп алды. Бүгінде клуб құрылымында екі команда бар. «Сарыарқа» ерлер арасында шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатында өнер көрсетіп, өткен маусымда күміс медаль иеленді. Ал, «Қармет» командасы Жастар хоккей лигасында сәтті өнер көрсетіп, екінші орынға табан тіреді. Командалар өз ойындарын 5500 көрерменге арналған «Қарағанды Арена» мұз сарайында өткізеді. Нысанда стандартты мұз айдыны, киім ауыстыру бөлмелері мен жаттығу залдары бар, – деді басқарма басшысы.
Облыста спорт активтерін жекешелендіру бойынша тәжірибе бар. Мәселен, бұған дейін «Шахтер» футбол клубы жеке инвесторға берілген.
Келесі болып сөз алған «Сарыарқа» хоккей клубы ЖШС директоры Берік Туямашев биыл клубтың 20 жылдық мерейтойын атап өтілетінін айтты. Осы айтулы дата аясында «Қарағанды Аренада» өңірдегі алғашқы интерактивті хоккей мұражайы мен Хоккей даңқы залын ашу көзделген. Бұл жоба Қарағанды хоккейінің қалыптасу жолын, Теміртау спорт мектебінің дәстүрін және өңірден шыққан белгілі командалардың жетістіктерін бір кеңістікке тоғыстыруға бағытталған.
Оның айтуынша, болашақ экспозицияда «Сарыарқа», «Ұлан» және «Қармет» клубтарының тарихы, жеңісті сәттері, спортшылардың жеке жетістіктері мен архивтік деректер қамтылады.
Жиын барысында қатысқан тыңдаушылар да өз пікірлерін білдіріп, клубтың тарихи мұрасын сақтау, жастар хоккейін қолдау және болашақ инвестордың әлеуметтік жауапкершілігіне қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Арман Әлімжановтың айтуынша, хаттамада болашақ инвестордың әлеуметтік және инвестициялық міндеттемелерін орындауына қоғамдық бақылау орнату, клубтың тұрақты қаржыландырылуын қамтамасыз ету, жаттықтырушылар құрамын және балалар мен жасөспірімдер хоккейін дамыту, сондай-ақ, клуб қызметі туралы жыл сайынғы жария есеп беру тәжірибесін енгізу жөніндегі ұсынымдар қамтылады.
Түпкілікті шешім тиісті рәсімдер мен талқылаулардан кейін қабылданбақ.
Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»



