Өңірде бүгінде 149 демалыс орны тіркелсе, соның 59 демалыс аймағы мен 10 жағажайы Балқаштың үлесінде. Қазіргі таңда Балқаштағы 57 туристік нысан санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алып, жазғы маусымда демалушыларды қабылдауға толық дайын. Туризм инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жалғасуда. Өткен жылдан бері облыс көлемінде жалпы құны 2 млрд теңгеге жуық 60 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде Балқаш қаласында несие көлемі шамамен 2 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылуда.
Ресми деректерге сәйкес, биылғы жылдың қаңтар-сәуір айында өңір бойынша туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3,7 млрд теңгеге жеткен. Оның 2,2 млрд теңгесі – Балқаш қаласына тиесілі. Туризмді дамытудағы маңызды бастамалардың бірі ретінде биыл Балқашта алғашқы туристік бағыттағы «Balkhash» индустриялық аймағы құрылды.
Одан бөлек, Балқаштың туристік тартымдылығын арттыруға үлес қосып келе жатқан ірі мәдени оқиғалардың бірі – «Balqash Tour Fest – 2026» фестивалі. Өткен жылы 50 мыңнан астам туристі қабылдаған фестиваль биыл алғаш рет республикалық туристік және мәдени іс-шаралар күнтізбесіне енгізіліпті. Осыған байланысты фестиваль қонақтарының саны 70 мыңға жуықтайды деп күтілуде. Қысқасы, жазғы туристік маусым қарсаңында Балқаш келушілерді қарсы алуға толық дайын.

«Balqash Tour Fest»: 70 мың турист келеді деп күтілуде
Жалпы, «Balqash Tour Fest» фестивалі биыл төртінші жыл қатарынан өтпек. Фестивальдың ауқымы жыл сайын кеңейіп келеді. Алғашқы жылы 10 мыңға жуық қонақты қабылдаса, екінші жылы 25 мыңнан астам туристі қамтыпты. Ал, өткен жылы фестивальға 50 мыңнан астам турист келген.
– Бұл жоба жергілікті атқарушы органдар үшін туризмді дамыту құралы ғана емес. Қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға да үлкен серпін беріп отыр. Фестивальдың арқасында өңірге келетін инвесторлар саны жыл сайын көбейіп келеді. Соның нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, көптеген тұрғын жұмыспен қамтылуда. Фестиваль аяқталғаннан кейін бұл алаң жабылмайды. Ол жазғы туристік маусым бойы келушілерге қызмет көрсетеді. Біз Тораңғалық пен Шұбартүбек демалыс аймағындағы туристердің ұсыныс-пікірлерін назарға алып, соған сәйкес Барковский ауданында және басқа да қолайлы орындарда жаңа демалыс алаңдарын аштық, – деді облыстық туризм басқармасының басшысы Ирина Любарская.

Жыл сайын «Balqash Tour Fest» фестивалі Ақшағыл кенті маңындағы Рембаза аумағында өтеді. Фестиваль ұйымдастырылатын алаңның көлемі – 70х230 метр. Биыл келушілерге қолайлы жағдай жасау мақсатында аумақтың инфрақұрылымы жаңартылуда. Атап айтқанда, фестиваль алаңының кіреберісіндегі арка толықтай қайта жаңғыртылып, оның екі жағына арнайы автотұрақтар ашылмақ. Фестиваль ұйымдастырушы Ренат Алманов биылғы шараның басты ерекшеліктеріне тоқталып, келушілер үшін жаңа форматтар мен бірқатар тың жобалар әзірленгенін атап өтті.

– Биыл фестиваль аумағында келушілер үшін жан-жақты жағдай жасалады. Атап айтқанда, тамақтану мен демалуға арналған шатырлар, фудкорттар және түрлі тағам ұсынатын 40-қа жуық сауда нүктесі жұмыс істейді. Сонымен қатар, террассалары бар мейрамханалар, қолөнер шеберлері алаңы, спорттық және ойын-сауық аймақтары ұйымдастырылады. Спорт сүйер қауым үшін ашық суда өтетін жаппай жүзуден «Pikeman» жарысы, панна-футбол және стритбол турнирлері өткізіледі. Биылғы ерекшеліктің бірі – жарыс жеңімпазына шетелде өтетін халықаралық турнирлерге жолдамалар табысталады. Жол шығындарын фестиваль демеушілері толықтай өз мойнына алады. Фестиваль бағдарламасында көлемі 35х25 метр болатын алып батут, шоу-караоке, ашық аспан астындағы кинотеатр, фотоаймақтар, түрлі ойын-сауық бағдарламалары және жастар форумы қарастырылған. Сондай-ақ, жасанды интеллект технологиялары мен робот-қақпашы қатысатын интерактивті аймақтар ұсынылады. Экологиялық бағытқа да ерекше көңіл бөлініп отыр. Фестиваль барысында сұрыптау және қайта өңдеу жұмыстарына пластикалық қалдықтары жиналады. Балалар үшін арнайы ойын-сауық бағдарламалары әзірленген. Олардың қатарында экологиялық тақырыптағы шеберлік сағаттары, құмнан қамал тұрғызу сайысы, сурет байқаулары, аниматорлармен ойындар және түрлі шығармашылық алаңдар бар. Өткен жылы кішкентай көрермендерге «Көк трактор» қойылымы ұсынылса, биыл балалар «Маша мен аю» ертегісін тамашалай алады. Сонымен бірге, фестивальда танымал мультфильм кейіпкерлері де өнер көрсетеді, – деді фестиваль ұйымдастырушысы Ренат Алманов.

Теңдесі жоқ индустриялық туристік аумақ
Бұрын қалалық емханадан шығып, қала іргесіндегі Шашубай кентіне апаратын жолдың оң қапталында, яғни, көлдің жағалауына баратын тек жалғызаяқ жол жататын. Бүгінде бұл аумақтың келбеті түбегейлі өзгерген. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес мұнда еліміздегі алғашқы туристік бағыттағы индустриялық аймақ бой көтерген. Республика көлемінде теңдесі жоқ бұл жоба әзірге тек Балқашта ғана жүзеге асуда.

Индустриялық аймақтың алғашқы резиденті ретінде «Әділ-Құрылыс» корпорациясы тіркелген. Компания «Premium Villa Balkhash» туристік кешенін салу үшін төрт гектар жерді жалға алып, туристерді жыл он екі ай қабылдайтын еуропалық үлгідегі 23 барнхаус және маусымдық 21 киіз үй тұрғызыпты. Заманауи демалыс кешенінде монша, бассейн және демалыс аймақтары да қарастырылған. Жобаның жалпы инвестициялық құны – 1 млрд 300 млн теңге. Құрылыс жұмыстары басталғалы 300-ге жуық адам еңбек етіп, 20-ға тарта арнайы техника жұмылдырылған.

– Бұл жобаны жүзеге асыру туралы ұсыныс бізге қала әкімдігінен түсті. Төрт гектар жерге заманауи демалыс кешенін салу жөнінде келісімге келіп, құрылыс жұмыстарын биылғы сәуір айында бастадық. Қазіргі таңда негізгі жұмыстардың басым бөлігі аяқталды. Биыл 3,3 гектар аумақта туристік кешеннің алғашқы кезеңін іске асырдық. Ал, келесі жылы қалған аумақты игеру үшін қосымша 400 млн теңге инвестиция құйып, жаңа барнхаустар салуды жоспарлап отырмыз. Жобаны жүзеге асыру барысында жергілікті әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, кәріз жүйесі, су құбыры, интернеті, жол инфрақұрылымы және кешенге апаратын трасса мемлекеттік қолдау аясында тартылып жатыр. Сондай-ақ, жер теліміне қатысты құжаттарды рәсімдеу барысында да ешқандай кедергі туындаған жоқ. Бұл – өңірде туризмді дамытуға бағытталған нақты қолдаудың көрінісі. Мұндай серіктестік біз үшін өте тиімді әрі маңызды, – деді инвестор Жақсыгелді Иманбеков.

Кешен құрамындағы барнхаустар – екі қабатты, жоғары деңгейдегі жайлылыққа сай салынған. Екі және үш бөлмелі нұсқалар бар. Екі қатар орналасқан демалыс аймағының екі жағында үлкен екі бассейн қойылған. Сонымен қатар, балаларға арналған жеке бассейн, субұрқақ, демалыс және ойын-сауық аймақтары да бар.
– Балқашқа келетін туристер саны жыл сайын артып келеді. Біз демалушылардың сұранысын жан-жақты зерделедік. Әсіресе, отбасы болып немесе достарымен келетін қонақтарға орындар тапшы. Көп жағдайда туристер қонақ үйлерде әрқайсысы бөлек бөлме жалдауға мәжбүр. Сондықтан, жаңа кешенді жобалау кезінде әрбір детальге ерекше мән бердік. Кешендегі әр барнхаус пен киіз үй жеке қоршаумен қоршалады. Ауласына жасыл желек төселіп, орындықтар қойылады. Ал, қоршаудан шыққан бойда демалушылар ортақ бассейн аймағына өте алады. Көлде демалуды қалайтындар үшін жағажай да қолжетімді. Әзірге көл жағалауындағы демалыс аумағын өз жобамыздың құрамына енгізе алмадық. Дегенмен, бұл мәселені алдағы уақытта қарастыру жоспарымызда бар. Жалпы, кешен биылғы туристік маусымды қарсы алуға толық дайын. Ал, жобаның келесі кезеңі аясындағы қосымша барнхаустардың құрылысы қыркүйек айында басталады, – деді Жақсыгелді Тұрсынұлы.

Инвестордың айтуынша, барнхаустар мен киіз үйлерде тұрудың тәуліктік құны әзірге нақты бекітілмеген. Дегенмен, кешен басшылығы баға саясатын қалыптастыру кезінде туристер үшін қолжетімділікке басымдық бермек. Яғни, демалушылардың қалтасына салмақ салмайтын, қызмет сапасына сай қолайлы бағаны белгілейтіндерін айтады.

Барковский ауданында биыл тағы бір жаңа туристік нысан пайдалануға беріледі. Жалпы аумағы 0,3 гектар жерді алып жатқан «Монако» демалыс кешеніне қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым толықтай мемлекет қаражаты есебінен тартылған. Жоба аясында инвесторлар бұрын бос жатқан аумаққа алты демалыс үйін салып, оны 24 нөмірге бөліпті. Оның 16 нөмірі – бір бөлмелі болса, қалған сегізі – екі бөлмелі. Кешен аумағында ұзындығы – 20 метр, ені – 10 метр және тереңдігі – 1,5 метр болатын бассейн салынған. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіз демалуына арналған тереңдігі 70 сантиметрлік жеке бассейні және бар. Алдын ала жоспар бойынша бір бөлмелі нөмірдің тәуліктік құны – 70 мың, екі бөлмелі нөмірлердің бағасы – 90 мың теңге көлемінде болады деп күтілуде.
– Құрылыс жұмыстарын осыдан бір жыл бұрын бастадық. Нысанды 15 маусымда толық пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Құрылыс басталғалы бері 15 адам тұрақты түрде еңбек етіп келеді. Сонымен қатар, жұмыс қарқынын арттыру мақсатында қосымша техника жұмылдырылды. Қажет болған жағдайда сантехник, электрик сынды мамандарды да қосымша алдырып отырмыз. Жобаға жұмсалған жалпы қаржы көлемі – 20 млн теңгеден асты. Әкімдік тарапынан коммуникациялық инфрақұрылым бойынша зор қолдау көрсетілді, – деді жеке кәсіпкер Александр Василевский.

Ең басты басымдық – туристердің қауіпсіздігі
Демалысқа келген қонақтар суға түсу кезінде де, қайыққа міну барысында да өздерін толық қауіпсіз сезінуі тиіс. Осы мақсатта жағалау аумақтарында қауіпсіздік шараларын күшейту үшін төтенше жағдайлар және полиция бекеті орнатылған. Бұл бекеттерде қызмет атқаратын мамандар тұрғындар мен демалушылардың қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз етеді. Бүгінде Тораңғалық пен Шұбартүбек жағажайында бір-бірден төтенше жағдай және полиция бекеті жұмыс істеп тұр.

– Демалушылар үшін барлық қажетті жағдайлар қарастырылған. Атап айтқанда, арнайы фотозона аймағы жасақталуда. Бұл аумаққа брусчатка төселіп, жарық шамдар орнатылып жатыр. Жөндеу және абаттандыру жұмыстары екі апта көлемінде толық аяқталады. Сонымен қатар, Тораңғалық елдімекенінің ішінде қонақ үйлерге апаратын жолдың бойына жаяу жүргіншілерге арналған тротуарлар төселеді. Қауіпсіздікті арттыру мақсатында қосымша бейнебақылау камералары мен қоқыс жәшіктері орнатылады. Жағалау аумағына келсек, жергілікті кәсіпкерлер суға түсу аймақтарын қауіпсіздік талаптарына сай жеке бөліп, бейнебақылау жүйелерімен жабдықтауда. Катер, қайық тізгіндеген жандар демалушыларға қауіп төндірмеуі үшін суға шомылу аймақтары арнайы қоршаулармен бөлінді. Мұндай қауіпсіздік шаралары Тораңғалық пен Шұбартүбектен бөлек қала ішіндегі жағажайларда, Борковский ауданында да енгізілетін болады. Кәсіпкерлерге қойылатын талаптар қатаң. Қазіргі уақытта жағажайлардың бір бөлігі әкімдік тарапынан абаттандырылуда. Онда әжетханалар, душ кабиналары және қоқыс жәшіктері орнатылған. Осындай инфрақұрылым талаптары жағажайларды жалға алған кәсіпкерлерге де міндеттелген. Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаттарының мақұлдауымен дизайн-код бекітілген. Кәсіпкерлер аталған дизайн-код нормаларын толық орындауға міндетті. Сонымен қатар, Тораңғалыққа ауыз су да тартылып жатыр. Жыл соңына дейін жұмыстар толық аяқталады, – деді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Владимир Ганюковтың Тораңғалық елдімекенінде тұрып келе жатқанына 20 жылдан асыпты. Өзі жыл сайын жағажай аумағы ретке келтіріліп, абаттандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілетінін атап өтті. Соның нәтижесінде демалушылар саны жыл сайын артып келе жатқанын да жеткізді. Әрі Владимир – жеке кәсіпкер. Бүгінде көлдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында суға түсу аймақтарын шектеуге арналған қоршауларды орнату жұмыстарын өзі орнатып жатқан көрінеді.
– Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әкімдіктің қолдауымен суға түсу аймақтарын арнайы бөліп жатырмын. Қоршаулар сары түсті қалқандармен белгіленіп, айқын көрінетін етіп жасалуда. Бұл – катер мен гидроцикл тізгіндейтін азаматтардың демалушыларға қауіп төндірмеуі үшін қолға алынған маңызды шара. Әрбір жүзу аймағының ұзындығы 10 метрден, ені 34 метрден белгіленген. Дегенмен, алдағы уақытта бұл аумақтарды тағы да 3-5 метрге дейін кеңейту жоспарда бар. Жалпы, Тораңғалық пен Шұбартүбек, Борковский ауданында төрт жүзу аймағы мен төрт пирс орнатылады. Әр пирстің ұзындығы – шамамен 70 метрден, – деді кәсіпкер Владимир Ганюков.

Қос демалыс аймағында орналасқан қауіпсіздік бекетінің жалпы аумағы – 50 шаршы метр. Бұл бекеттер Төтенше жағдайлар министрлігі бекіткен барлық талаптарға толық сәйкес жабдықталған. Мұнда қызметкерлер үшін жұмыс бөлмесімен қатар, ас үй, жатын және жуыну бөлмесі де бар. Бекеттерде мамандар тәулік бойы ауысымдық тәртіппен қызмет атқарып, демалушылардың қауіпсіздігін үздіксіз қамтамасыз етеді.
– Бекет құрылымы толығымен металл жақтаудан, яғни отандық өндірістен тұрады. Аумаққа Starling интернет желісі тартылды. Күндіз және түнге арналған дүрбілер бар. Бұл капсула – Министрліктің талабымен толық сәйкес келетін жалғыз бекет. Сәуір айының басында құрылыс жұмыстарын бастағанбыз. Қазіргі уақытта шамалы жұмыстар қалды, – деді кәсіпкер Ермек Тұрғынбаев.
Қорыта айтсақ, Балқашта осындай игі жобалар жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде өңірдің туристік әлеуеті артып, демалушылар санының алдағы уақытта айтарлықтай көбейетініне сенім мол.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



